РУХАНИ КЕЛІСІМ – ИСЛАМ ҰСТАНЫМЫ 434

РУХАНИ КЕЛІСІМ – ИСЛАМ ҰСТАНЫМЫ

28 желтоқсан 2020 158 Оқу 1 минут

Мұсылмандардың екінші халифасы Омар (Алла оған разы болсын) – ерекше әділдігімен танылған тарихы тұлға. Бірде Омардың (р.а.) аптап ыстық күні үлкен ағаштың саясында ұйықтап жатқанын көрген парсы елшісі өз көзіне сенбеді. Жанында қорғайтын ешбір күзетшісі де, қызметшісі де жоқ Ислам әлемінің әміршісіне таңқалып:

«Ел басқардың, әділ болдың, ұйқың тыныш, ешбір қауіп жоқ», - деп айтқаны бар. Бұл әділдіктің шыңы болатын. Әбу Бәкір (р.а.) бастаған әділетті халифалардың жолы. Пайғамбар (с.ғ.с.) салып кеткен сара жол.

Омар Фаруқтың (р.а.) жеке тұлға ретінде һәм мемлекеттік қайраткер ретінде үлгі тұтарлық тұсы көп-ақ. Соның бірін сөзге тиек етейік. Бірде Омар бин Хаттаб (р.а.) халифа Мадина қаласының базарын аралап жүрген көрінеді. Кенет мұсылмандар әміршісінің қайыр тілеп отырған жат діндік қарияға көзі түседі. Маңайына барып: «Уа, ақсақал! Сіз кім боласыз?», - деп жөн сұрайды. Қарт: «Яһудимін (иудей дінін ұстанушы). Үкіметке беретін жизя салығын (*мұсылман мемлекетінде тұрған кітап иелері төлейтін жан салығы) өтеу үшін жұрттан қайыр сұрап отырмын. Бала-шағама да нәпәқа керек», - деп ағынан жарылады. Сонда халифа: «Уа, ақсақал! Сізге әділсіздік жасаған екенбіз. Жас кезіңізде жизя салығын алдық. Ал, қартайғаныңызда қараусыз қалдырыппыз», - деп өзін кінәлі сезінеді. Мұнан кейін қартты үйіне алып келеді. Дастарқан жайып, тамақ ұсынады. Қонағының қарнын тойдырған соң ғана қазына үйінің қызметкерін шақыртып: «Мына кісінің және осыған ұқсас адамдардың бір айлық отбасына жететін қаражатты белгіле және ай сайын беріп отыр. Бұдан былай жизя салығын алушы болмаңдар», - деп тапсырма береді.

Міне, рухани кемелдік! Исламның ұстанымы осы. Адам баласы қай дінде болса да, ол ең бірінші адам екенін ұмытпаған жөн. Намаз оқу былай тұрсын, мұсылман емес кісіге адамилық қарым-қатынас жасау имандылықтың және рухани келісімнің басты белгісі. Ал, оның діні мен ұстанымын Жаратушы Иеге тапсырған дұрыс.

Кешегі Кеңес үкіметі тұсындағы қуғын-сүргінде де дәл осы кемелдік көрініс тапты. Қазақ жеріне бас сауғалап келгендерге қандастарымыз қамқорлық танытты. Өзге ұлт деп оларды өгейсіткен жоқ, барымен бөлісті. Бір ғана 1936 жылдың өзінде жер аударылғандардың саны 360 мыңға жуықтаған деседі. Осылайша жыл сайын сан мыңдаған ұлт жанымыздан сая тапты. Мемлекетіміздің бүгінгі сарабдал саясаты да осы сипатта. Қазақстан – көп ұлтты мемлекет. Көшбасшымыз конфессиялар арасындағы ортақ келісімді қолдайды. Ол бекіткен 18 қазан – Рухани келісім күні де соның айғағы.

Өкініштісі, бүгінде сол келісімге сызат түсіргісі келетіндер көп. Әсіресе, дінді келте түсінетіндердің кесірі тиюде. Өз ата-анасын кәпірге шығаратын шала сауаттылар өзге ұлт өкілдерін тіптен мойындамайды. Көрген жерінде құрметсіздік танытады. Дін бұған рұқсат еткен дейтіндерін қайтерсің. Жалған. Исламда өктемдікке ешқашан жол берілмеген. Пайғамбарымыз (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде: «Кімде-кім муғаһидке (өзге дін өкілі) зұлымдық етсе немесе ар-намысына тиіссе, немесе шамасынан тыс міндет жүктесе, немесе ризашылығынсыз бір нәрсесін алған болса, қиямет күні мен оның қорғаушысы боламын», - деген (Әбу Дәуіт). Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өзі діні өзгенің құқығын қорғаған. Қияметте қорған болатындығын ескерткен. Тіпті, талай діні бөлектермен бітімге келгендігі де тарихтан белгілі. Мәселен, меккелік құрайыштықтармен жасасқан Худайбия келісімі, Мәдинадағы еврей тайпаларымен бітімгершілікте болу туралы мәміле, т.б.

Ардақты Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) маңайында көптеген екіжүзді мұнафиқтар болды. Ол кісі білсе де, жұртқа оларды әшкере етпеді. Атам қазақ: «Таспен ұрғанды аспен ұр» дегендей мұнафиқ адамдарға екіжүзділік мәміле жасаған жоқ. Өйткені, жамандыққа жақсылықпен жауап бере білу рухани кемелдікке жеткен тұлғаға тән қасиет. Тіпті, мұнафиқтардың ішінде ең беделдісі қайтыс болғанда кебіндеу үшін өз жейдесін бергендігі де тарихта айтылады. Себебі мұсылман қашан да мейірімді болуға бұйырылған.

Ислам әлемімен қоса батыс өркениеті де тәліміне бас иетін бірегей тұлға Хазреті Мәулананың: «Кел, кел, кім болсаң да кел, мүшрик, мәжуси, пұтқа табынушы болсаң да кел! Біздің медресе үмітсіздік медресесі емес. Тәубеңді жүз рет бұзған болсаң да, кел», - деген терең мағыналы сөздеріне зер салып көрейікші. Бұл сөздерде ең әуелі адамды дініне қарай бөлу дұрыс емес екенін аңғаруға болады. Сонымен бірге, әр дінді ұстанушыға ең бірінші адам ретінде үн қатуда.

Ал, хәкім Абайдың: «біріңді қазақ, біріңді дос көрмесең, істің бәрі бос» деген ой толғауы да осы ақиқатты меңзейді. Ол – адам баласының рухани үйлесімділігі жайлы ақиқат. Өйткені, адам дінсіз болса немесе басқа дін өкілі болса, бұл оны қаралауға немесе оқшаулауға себеп емес. Ең бастысы шаңырақ иесінің үй ішіндегі қағидасына құрметпен қарап, қастерлесе. Әйтпесе, руханиятымыз бай екендігі даусыз.

Төлеби ОСПАН,

ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы

бойынша Бас имамы