Ислам дініне жала жабушыларға жауап 78

Ислам дініне жала жабушыларға жауап

12 қыркүйек 2020 114 Оқу 1 минут

Хасан Аманқұл muftyat.kz 11.05.2020

Қазақстанның тарихы мен мәдениеті көп ғасырлар бойы ислам дінімен байланыса дамып келеді. Өйткені, Ислам діні – қазақ халқының өзіндік руханияты мен мәдениетінің қалыптасуындағы негізгі қайнарлардың бірі.

Барлық қазақ хандары Керей мен Жәнібектен бастап ең соңғы қазақ ханы Кенесары өздерініңмұсылмандық құқықтық нормаларына жүгінгендіктерін атап кеткен. Сонымен қатар, құқықтық нормалардың басым бөлігі шариғатпен қатар дала әдет-ғұрпымен байланысты болған.

Тәуелсіз Қазақстанда да Ислам діні ықпалды қоғамдық күшке ие. «Сындарлы он жыл» атты кітабында Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Біз, қазақтар үшін Ислам – біздің дүниетанымызды анықтайтын ең алдымен жоғары идеал мен факторы, бұрындары ұмытылып кете жаздаған бай мұсылмандық мәдениеті мен ата-бабаларымыздың рухына деген тиісінше баға берудің Рәмізі іспеттес», – деп жазады.

Алайда, соңғы кезде интернет желісінде тәңіршілдік ұстанымдағылар бой көтеріп, Ислам діні туралы қисынсыз пікірлерді, мәліметтерді тарата бастады. Олардың пайғамбарға тіл тигізулері, оны мазақ қылулары, Құранды мансұқтауға әрекет етулері – үлкен зұлымдық әрі қиянат. Тәңіршілдердің мұндай іс-әрекеттеріне мұсылман жұртшылығы өз наразылықтарын білдіреді және оны тоқтатуды талап етеді.

Себебі, хадисте: «Кімде-кім шариғатқа қайшы бір жағдайды көрсе, оны күшпен тоқтатсын. Ал, шамасы келмесе, тілмен айтсын. Ол да қолынан келмесе, жүрегімен наразылық білдірсін. Иманның ең әлсіз тұсы – осы (соңғысы)», – делінген (Муслим).

Осы ретте Тәңір және тәңіршілдік мәселесіне тоқталып, «Алла мен Тәңір ұғымы», «Тәңіршілдік дін бе, әлде наным-сенім бе?», «Қазіргі қазақ қоғамында тәңіршілдіктің орны» туралы қысқаша мәлімет беріп өтсек.

VII ғасырда Ислам дінінің келуімен қазақтың Тәңір туралы ұғым-нанымы түгел мұсылмандық түсінікке алмасты. Атап айтқанда, «Бір тәңіршілдік» танымы «Жалғыз Алла Тағаланың» ұғымына дәлме-дәл келді. Қазақтар әлі күнге дейін Алла мен Тәңір ұғымдарын қатар қолданады. Тәңір – ұлы Алланы білдіретін ұғымға айналды. Бірақ, тәңіршілдіктің дін бе, әлде жәйнаным-сенім бе, деген сұраққа әлі күнге дейін нақты жауап берілмеген.

Қазақ халқы Ислам дініне дейін басқа дін және наным-сенімдер қатарында тәңіршілдікті деұстанған болуы мүмкін. Бірақ, оның қалыпты дін атаулыға тән пайғамбары, киелі кітабы болмаған. Сондықтан, оның нақты діниұстанымы мен жүйеленген шариғи заңдары да жоқ. Тек тәңіршілдік дінінің сарқыншақтары ретінде қалған ырымдар мен ғұрыптар ғана бар. Онда да олар шамандық ырым, ғұрыптармен мидай араласып кеткен.

Қазақ даласына Ислам діні келіп жеткеннен соң қазақ халқы бұл жаңа дінді өз еркімен қабылдағаны тарихи шындық. Сонда да, ат төбеліндей тәңіршілдер «қазақ өзінің ата-баба діні тәңіршілдікті ұстануға тиіс» деп аты бар да заты жоқ өлі дінді тірілту әрекетінде жүр. Әрине, қазақ халқын енді «елес» дін тәңіршілдікке қайтару мүмкін еместігі анық.

Олар Исламды арабтардың ұлттық діні ретінде көрсете отырып, қазақтарды өздерінің ата-баба дініне, яғни «ұлттық» діні тәңіршілдікке қайтаруға тырысуда. Бұл насихат түптеп келгенде қазақты тәңіршілдікке қайтару бағытында айтарлықтай нәтиже бермесе де, онсыз да ыдырап жүрген ұлтжанды азаматтардың бастарының бірігуіне кедергі болуда.

Исламды қазақ халқына жат дін етіп көрсету арқылы тәңіршілдікті насихаттау үрдісі мұсылмандыққа жасалып жатқан бірінші идеялогиялық шабуыл емес.

Біріншіден, түркі елдеріне, әсіресе қазақ халқына, тәңіршілдікті Ресей империясы енгізе бастады. Отар елдерінде православ дінін тарату мақсатында, олар «мемлекеттілігі жоқ, басқару жүйесі қалыптаспаған, белгілі идеялогиясы, мәдениеті, діні болған емес, олар пұтқа табынушы» деген ұғымды таратты.

Ағартушы-миссионер Николай Ильминский 1860 жылы патша үкіметіне жазған құпия баянхатында: «Қазақтарға «сендер мұсылман емессіңдер, сендердің діндерің басқа, ата-бабаң тәңір дінін ұстанған» деп, түсіндіру қажет, бұл ұғым толық орныққан жағдайда оларды христиан дініне кіргізуоңай болады», – деп түсіндірген (С.М.Мәшімбаев, Г.С.Мәшімбаева. «Патшалық Ресейдің және Кеңес империяларының Қазақстандағы рухани отарлау саясатының зардаптары». Қазақ университеті. Алматы, 2013. 111-б.).

Бұл бағытта Ресей империясы якут, алтай және бурят секілді елдерге христиан дінін таратуға қол жеткізген. Бірақ, қазақ даласында, мұсылман халықтар арасында бұл идея жүзеге аспады.Орынбор мұсылман мәжілісі құрылғаннан кейін, бағыт мүлде өзгерді.

Екіншіден, Кеңес өкіметі кезінде де бұл саясат жалғасын тапты. Этнограф ғалымдаркезең-кезеңмен бұл тақырыпқа оралып отырды, түрлі ғылыми экспедициялар ұйымдастырылды. Сөйтіп, Кеңес дәуірінде Орта Азия және Қазақстан халықтары туралы«мұсылмандықтан хабары жоқ» деген пікірді қалыптастырып, Исламнан бұрынғы мәдениетэлементтері көбірек сақталып қалған, деп тұжырымдауға әрекет етті.

Үшіншіден, тәуелсіздік заманында тәңіршілдікті насихаттайтын «ойшылдар» шыға бастады. Бұған себеп, дінсіздік (атеизм) қоғамы құлаған соң, кейбір атеистер дін мәселесінде өзінің позициясын таба алмай қалды. Сол үшін олар түрлі идеяларды ойлап таба бастады да, оны өздерінің клубтары мен сайттары арқылы таратуға кірісіп кетті.

Шариғат үкіміне келсек, Ислам дінін мойындамайтын, Мұхаммед пайғамбарды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кемсітетін адам, қазақ болса да, мұсылман саналмайды. Ондай адамның бауыздаған малы харам, қайтыс болса, оған жаназа намазы оқылмайды, өлігі мұсылман зиратына қойылмайды, ондай сенімдегі адамға үйлену де дұрыс емес.

Тәңіршілдер секілді хақ дінге жала жабушылар туралы Алла Тағала Құранда: «Адамдардың ішінде, ешқандай да білімі болмаса да, нұсқаушы жобасы, сүйенер нұрлы Кітабы болмаса да, Алла жайлы пікір айтып дауласатындар да бар ғой. Ондай пенделер тоңмойындық танытып, өзге жұртты Алла жолынан тайдыруға тырысады. (Соның кесірінен) олар бұл дүниеде қорлыққа душар болады. Ал Қиямет күні Біз оларға Тозақ отындағы азаптың дәмін таттырамыз», – деген («Хаж» сүресі, 8-9 аяттар).

Ардақты ағайын, біз қазақ халқын, әсіресе жастарды қисыны жоқ сөздерге, күмәнді мәліметтерге ермеуді сұраймыз, Алланың мықты арқаны – Ислам дініне жұмыла жармасып, іштен бөлінбеуге шақырамыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болғай, Жаратқан Иеміз дінімізге қуат бергей!

Хасан АМАНҚҰЛОВ,

Шариғат және пәтуа бөлімі

меңгерушісінің орынбасары