«Ұрпақтар сұхбаты» халықаралық жиыны өтті
Астана қаласында «Ұрпақтар сұхбаты: рухани тәлімгерлік және жастар көшбасшылығы» атты халықаралық дөңгелек үстел өтті. Іс-шараны Конфессияаралық және дінаралық диалогтың халықаралық орталығы Пәкістанның Исламабад қаласындағы Халықаралық ислам университетінің Исламды зерттеу институтымен бірлесіп ұйымдастырды.
Жиынның мақсаты – ұрпақаралық және конфессияаралық диалогты дамыту, рухани тәлімгерліктің жастар көшбасшылығын қалыптастырудағы рөлін арттыру және цифрлық ортаның сенімге ықпалын талқылау.
Дөңгелек үстелге бірқатар халықаралық сарапшылар мен дін көшбасшылары, ғылыми-зерттеу мекемелерінің өкілдері қатысты. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы атынан Діни білім және кадр даярлау бөлімінің меңгерушісі Хасан Аманқұлов пен Жастар ісі секторының меңгерушісі Бағыжан Күзекбай қатысты.
Хасан Ташайұлы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сәлемін жеткізіп, ҚМДБ тарапынан жастармен жұмыс бағытында атқарылып жатқан бастамалармен бөлісті. Бағыжан Ерболатұлы рухани тәлімгерліктің маңызын атап өтіп, Жас дін лидерлері форумындағы тәжірибесімен бөлісті. Сонымен қатар, алдағы Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VIII Съезі мен II Жас дін лидерлері форумының жоғары деңгейде өтуіне тілектестік білдірді.
Іс-шара соңында қатысушылар цифрлық технологиялар мен жасанды интеллектінің дін саласына ықпалы жайында пікір алмасып, II Жас дін лидерлері форумына қатысты ұсыныстарын ортаға салды.





































