РАНТ мүшесі Қанат Жұмағұл арнайы іс сапармен Ақтөбе облысына келді
«Ислам және отбасы құндылығы» жылы аясында Шалқар ауданына РАНТ мүшесі, Жамбыл облысы Байзақ аудандық «Байзақ баба» мешітінің Бас имамы Қанат Жұмағұл арнайы іс сапармен келді.
Сапардың алғашқы күні Шалқар ауданының Бас имамы Абзал Медетбеков жамағатқа РАНТ мүшесі Қанат Жұмағұл Әділханұлын таныстырды. Сонымен қатар РАНТ мүшесі бейсенбілік ауызашар дастарханына қатысып, жамағатқа «Мұсылманның бойында табылуы тиіс сипаттар» тақырыбында насихат айтты.
Уағыз барысында ол: «Нағыз мұсылманның жүрегі таза, сөзі шын, амалы ізгі болуы тиіс. Біз әр ісімізде Алланың разылығын іздесек, қоғам да, отбасы да берекелі болады», – деп жамағатқа ізгі ой салды.
Ал іс сапардың екінші күні РАНТ мүшесі Қанат Жұмағұл Шалқар қалалық «Жанаман ахун Сейітімұлы» мешітінде «Тәуелсіздік – ең қымбат қазына» тақырыбында жұма уағызын жүргізді. Жұма намазынан кейін жамағатпен ел игілігі мен тыныштығы үшін дұға жасады.
Құптан намазынан кейін «Жүрек тазалығын сақтау» және «Нығметке шүкіршілік» тақырыптарында насихат айтып, жамағат тарапынан қойылған сұрақтарға кеңінен түсіндірме берді.
Кездесу соңында жамағат ұстаздың уағызынан рухани серпіліс алғандарын айтып, алғыстарын білдірді.
Айта кетейік, екі күндік ақпараттық насихат жұмысына 300 адам қатысты.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі













































