#Рамазан2026: Мешіт жанына көрнекі нысан қойылды 6020

#Рамазан2026: Мешіт жанына көрнекі нысан қойылды

04 наурыз 2026 64 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес Хромтау ауданында қасиетті Рамазан айының қадір-қасиеті мен мән-маңызын халыққа кеңінен насихаттау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп келеді.

Рухани айдың мазмұнын тереңірек ұғындыру, жамағаттың діни сауатын арттыру және ізгілікке үндейтін құндылықтарды дәріптеу мақсатында түрлі тағылымды кездесулер, уағыз-насихаттар мен қайырымдылық шаралары ұйымдастырылады.

Сол игі бастамалардың бірі – көрнекі насихат құралдарын орнату. Хромтау қаласы әкімдігінің демеушілігімен ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты Хромтау аудандық «Нұр» мешіті ауласының кіреберіс бөлігіне ай мен күн бейнесіндегі шағын архитектуралық композиция орнатылды.

Жаңа мүсіндік нысан Рамазан айының рухани мәнін айшықтайтын символдық сипатқа ие. Ай — мұсылмандықтың белгісі болса, күн — жылулық пен мейірімнің, ізгілік пен үміттің нышаны. Көркем безендірілген композиция мешіт аумағына айрықша сән беріп қана қоймай, тұрғындар мен қала қонақтарының назарын аударып, қасиетті айдың атмосферасын сезіндіруге мүмкіндік береді.

Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі