#Рамазан2026: Дәрігерлерге насихат айтты 6026

#Рамазан2026: Дәрігерлерге насихат айтты

05 наурыз 2026 9 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігіне қарасты Хромтау аудандық «Нұр» мешітінде ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы бекіткен Рамазан айының жоспарына сәйкес игі дәстүрге айналған ауызашар дастарқандары тек мешіт жанындағы асханамен шектелмей, түрлі еңбек ұжымдарында да ұйымдастырып келеді. 

Солардың бірі – аудандық аурухана ұжымының ұйымдастыруымен өткен ауызашар кеші. Аурухана басшысы Берік Жаржановтың бастамасымен жайылған дастарқанға медицина саласының қызметкерлері жиналды.

Ауызашарға ауданның Бас имамы Марал Иманғали қатысып, адам жанына араша болып жүрген ақ халатты абзал жандардың еңбегі қашанда құрметке лайық екенін атап өтті. Ол өз сөзінде медицина қызметкерлерінің кәсіби жауапкершілігі мен жанқиярлық еңбегі қоғам үшін аса маңызды екенін айтып, сауапты айда жасалған әрбір игі істің қайыры мол болатынын жеткізді. Сонымен қатар имам дәстүрлі медицинаның маңызын тілге тиек етіп, денсаулықты сақтауда білікті дәрігерлер көмегіне жүгінудің құптарлық іс екенін атап өтті.

Кеш барысында ел амандығы мен халық саулығы үшін дұға жасалып, жиналғандар бір-біріне ізгі тілектерін білдірді. Бас имам сауапты іске ұйытқы болған азаматтарға алғыс айтып, мұндай игі бастамалардың жалғасын таба беруіне тілектестігін білдірді.

Рамазан айындағы  рухани басқосулар аудан жұртшылығын ізгілік пен бірлікке үндеп, қоғамдағы өзара құрмет пен жанашырлықты нығайтады.

Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі