Облыстық мешіт наиб имамдары марапатталды
Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Тұралиев Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамдарын алғыс хатпен марапаттады. Мешіттің конференц залында бас қосқан дін қызметкерлеріне Әлімбек Жәнібекұлы наиб имамдардың Ақтөбе өңірі бойынша ислам дінінің өркендеуі мен жастардың имандылық білімін жетілдіру жолындағы еңбектеріне зор алғысын жеткізді. Сондай-ақ облыстағы діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз етуде елеулі үлес қосып, конфессияаралық келісімді дамытуда білікті де кәсіби маман ретінде өздерін көрсеткені үшін ерекше алғысын айтты.
Жиын соңында Ақтөбе облысының Бас имамы Амантай Садиев Әлімбек мырзаға мешіт имамдарын елеп, оларды қолдап, әкімшілік тарапынан көрсетіліп жатқан көмектеріне дән риза екенін жеткізді. Алдағы уақытта көптеген сауапты істерде әлі де бірге қызмет атқаратындарына сенім артты.