Облыстың Бас имамының Ережеп айымен құттықтауы
Баршаңызды қасиетті Ережеп айының келуімен құттықтаймын! Алла Тағала қасиетті айда жасаған құлшылық-дұғаларымызды қабыл еткей!
Ережеп – берекелі әрі ұлық ай. Ондағы аз ғана ізгі іске көптеген сауаптар беріледі, құлшылықтар мен дұғалар қабыл болады. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Бес түн бар, онда дұғалар кері қайтарылмайды. Олар – Ережеп айының алғашқы түні, Шағбан айының жартысындағы түн, Жұма түні, Ораза және Құрбан айт түндері», – деген (Ибн Асакир).
Ережеп айының алғашқы жұмасында Рағайып намазын оқу туралы келген хадисті көпшілік ғалымдар негізсіз деп айтқан. Дегенмен, Алла елшісі Ережеп айында көп истиғфар айтуға (кешірім тілеуге) үндеген. Ережеп айы басталғанда Алла елшісі: «Уа, Алла! Ережеп және Шағбан айларында бізге береке бер, бізді Рамазан айына жеткізе гөр!» – деп дұға еткен (Бәйһақи, Табарани).
Ғалымдардың бірі: «Ережеп – желге, Шағбан – бұлтқа, Рамазан жаңбырға ұқсайды. Ережеп айында дән егілмесе, Шағбан айында суарылмаса, Рамазан айында одан қандай егін күтуге болады», – деген екен. Сол себепті, бұл айды барынша пайдалы өткізіп, ғибадат жасап, дұға етіп, араздасқандар бір-бірімен жарасып, татуласу керек.
Жаратушы Иеміз баршамызға Ережеп айының игілігі мен берекесін нәсіп етсін!
АМАНТАЙ САДИЕВ
Ақтөбе облысының Бас имамы





































