Облыстың Бас имамы зиялы қауым өкілдері мен журналистерге ауызашар берді 2655

Облыстың Бас имамы зиялы қауым өкілдері мен журналистерге ауызашар берді

19 сәуір 2023 441 Оқу 1 минут

 Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлының ұйымдастыруымен облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінде өңірдегі зиялы қауым өкілдері мен журналистерге және өнер азаматтарына арнап ауызашар берілді.

Ауызашар дастарқанына арнайы қонақ болып, мәдениет, архивтер және құжаттар басқармасының басшысы Алтынай Юнисова, ҚМДБ ақсақалдар кеңесінің мүшесі Бекежан қажы Ахан мен Шалғынбай Жандосов, «ҚР Бейбітшілік және келісім кеңесі» ҚБ Ақтөбе облыстық филиалының төрағасы, еңбек ардагері, Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының облыстық бөлімшесінің төрағасы Роман Рахиев, облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті жанындағы «Әжелер» мектебінің белсенді мүшесі, жасы 90-нан асқан Бибіхадиша қажы Тілеумағанбетқызы, облыстық дін істері басқармасының басшысы Әлімбек Жәнібекұлы, қалалық маслихат депутаттары, Т. Ахтанов атындағы облыстық драма театрдың директоры, актер, режиссер Сайлау Ғалымжанұлы, медиатор Бибігүл Әбдішүкірқызы, БАҚ өкілдері т.б. қатысты.

«Жылдағы дәстүр бойынша бүгін өңіріміздегі зиялы қауым өкілдері мен журналистерге ауызашар берілуде. Руханиятымызды дамытуда сіздердің сіңіріп отырған еңбектеріңіз зор. Өнегелі істеріңіз, басты мұраттарыңыз жастарға үлгі. Оның ішінде БАҚ өкілдері дініміз бен дәстүріміздің өсіп өркендеуі жолында ақпараттық қолдау көрсетіп келесіздер.

Жылағанның мұңына ортақтасатын ең бірінші дін қызметкерлері мен журналистер және демеушілік танытатын жаны жомарт жандар. Сондықтан, бізді біріктіретін мақсаттар көп. Бәріміздің илегеніміз бір терінің пұшпағы. Қоғамды жақсылыққа шақырып, ізгілікке үндесе ғана иманды қоғам құрылады. Қасиетті Рамазан айының аяқталуына санаулы күн қалды. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын!», – деді облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы.

Сонымен қатар он екі айдың сұлтаны Рамазан, ізгі қоғам туралы облыстық орталық мешіттің наиб имамы Алмат Әли уағыз айтты.

Ақ дастархан басында сөз алған қадірменді қонақтар бүгінгі бейбіт күннің қадірін бағалауға шақырып, отбасы құндылығы, жастар тәрбиесі туралы айта келіп, Тәуелсіз еліміздің болашағы үшін жақсы тілектерін білдіріп, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі