Қадір түніне орай өтілген іс-шаралар (ФОТО) 2656

Қадір түніне орай өтілген іс-шаралар (ФОТО)

19 сәуір 2023 389 Оқу 1 минут

ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігі Қадір түнін ерекше дайындықпен атап өтті. Өйткені бұл — күллі мұсылман қауымының асыға күткен ұлық түні. Бір қуантатыны — ақшам намазы кірісімен ауыз ашар дастарханына қатысып, Қадір түнін мешітте өткізу үшін Алла үйіне жиылған жамағаттың қарасы көп болды. Өкілдікке қарасты облыс, аудан, ауыл яғни 43 мешітте 8300 адамға ауызашар беріліп, 3000 адамға сәресі толығымен ұйымдастырылды.

Сонымен қатар облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы жиналған көпшілікті Рамазан айындағы ең ерекше түн — Қадір түнімен құттықтап, айтулы түннің қадір-қасиеттерін атап көрсетті.

Одан өзге жамағатқа арнап викториналық ойындарда өтті. Арнайы Қадір түні ретінде лэд экран арқылы тікелей қосылым жасалып, мешітте өтіп жатқан шараларды көру мүмкіндігі қарастырылды.

Ұлық түннің құрметіне орай Ақтөбе облысының жамағаты арасында «Раббыңның атымен оқы» атты Құранның 30-шы парасын жатқа оқудан білім сайысы өтті.

Сайыс барысында қатысушылар Құранның 30-шы парасын жатқа әрі қатесіз оқу бойынша бақ сынасты. Алдын ала хабарландыру нәтижесінде 74 азамат сайысқа қатысуға ұсыным білдіріп, тіркелді. Олардың арасында іріктеу кезеңі өткізіліп, ақтық кезеңге 10 азамат жолдама алды.

Құран жарысына қатысушыларды «Ақжар» қайырымдылық мекемесінің (қарилар орталығы) директоры, облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Бекжан қари Әлденов және Бекзат қари Тасбулатов т.б әділқазы ретіндде сараптады.

Дода нәтижесі бойынша: I орынды Манасов Нұрсұлтан иеленіп, Ұмра қажылығына жолдама алды («Нұр Ғасыр» мешітінің жамағаты); II орынды Раисов Нұрболат иеленіп, 200000 теңге қаржылай сыйлық табысталды (Хромтау ауданы, «Нұр» мешітінің жамағаты); III-орынды Байқадамов Алмат иеленіп, 150000 теңге қаржылай сыйлыққа ие болды (Хромтау ауданы, «Нұр» мешітінің жамағаты).

Ал ақтық кезеңге өткен 8 азамат ынталандыру мақсатында «Ең жас қари» номинациясы және бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сайыс жеңіпаздарын Ақтөбе облысының әкімі Ералы Лұқпанұлы мен Ақтөбе облысының Бас имамы Серікжан Еншібайұлы құттықтады.

Мың айдан да қайырлы Қадір түнінде облыстық орталық мешітінде ҚМДБ «Зекет және қайырымдылық» қорының бастамасымен «Ел үлесі пәтерге» жобасы аясында ұлық Рамазан айында «30 күнде 30 баспана» республикалық акциясы негізінде Ақтөбе қаласында мүмкіндігі шектеулі 3 отбасыға баспана табысталды. Аталған игі шара өңірдегі «Зекет және қайырымдылық» қорының өкілі мен «Жарқын жүрек» еріктілер тобының атсалысуымен жүзеге асты.

Мусина Динара, Калыбаев Жанат, Бисенова Гульназым атты үй иелеріне№ 647, № 648, №649 баспана кілтін Ақтөбе облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы берді.

Игі іске демеуші болған жандарға Алла Тағала разы болып, кәсіптеріне береке нәсіп еткей!

Айта кетсек, Рамазанның алғашқы 10 күндігінде Рамазан айында «30 күнде 30 баспана» республикалық акциясының бесінші баспанасы жалғызбасты, көпбалалы анаға Ақтөбе облысы, Мұғалжар ауданы, Ембі қаласынан табысталды.

«Ел үлесі пәтерге» жобасы алдағы уақытта Ақтөбе өкілдігінің ұйытқы болуымен және жамағаттың қолдауымен Ақтөбе облысында өз жалғасын таппақ. Ауызбіршілік танытқан дін жанашырларына алғыс айтып, жасаған жақсылықтарыңыз өздеріңізге еселеп қайтсын деп тілейміз!
Бұл кеште Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде орналасқан ҚМДБ-ның төл телеарнасы, республикалық «Munara.tv» арнасының студиясы тікелей қосылымға шықты. Эфирді тізгіндеген журналист Ақтолқын Тажикова. Ал облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы мың айдан да қайырлы Қадір түнімен құттықтады. Сонымен қатар ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде атқарылып жатқан іс-шараларды баяндады. Одан өзге ҚМДБ Ақсақалдар кеңесінің мүшесі Ғалым Елкейұлы ұлық түнде ізгі тілегін білдірді.

Облыстың Бас имамы мен имамдар өңірдегі БАҚ өкілдеріне Қадір түні туралы сұхбат берді.

Еске салсақ, облыстық «Нұр Ғасыр» мешіті мен өзгеде мешіттерде қасиетті Қадір түні Құран хатым аяқталды. Ал облыстың Бас имамы Серікжан Еншібайұлы елімізге тыныштық пен татулық тілеп, Құран Хатым дұғасын жасап, қариға алғыс білдірді.

Тарауих және таспих намаздары оқылып болған соң облыс, қала және аудандарда тарауих намазын өткізген қариларға арнайы сый-құрмет көрсетілді.

Алла Тағала Қадір түнінде жасалған барлық дұға-тілектер мен ұстаған оразаларымызды қабыл етсін!


Ақтөбе облыстық орталық

 «Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі