Облыс имамдарына «Уақып қорының» жұмысы кеңінен түсіндірілді 3215

Облыс имамдарына «Уақып қорының» жұмысы кеңінен түсіндірілді

29 ақпан 2024 156 Оқу 1 минут

2024 жылға арналған кеңейтілген Төралқа мәжілісіндегі бағдарлық баяндамасында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ҚМДБ биыл бес бағытқа, соның ішінде «Уақып қоры» қызметіне басымдық беру керектігін атап өткен болатын. Осы орайда «Уақып» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты маманы Мәжит Әбішевтің ұйымдастыруымен облыс имамдарына семинар өткізілді.

Семинарға облысытың барлық аудандары мен қаладағы бас имамдар қатысты. Жиында қордың жобалары талқыланып, өңірлердегі имамдарға нақты тапсырмалар берілді. Атап айтқанда, кәсіпкерлермен біріккен қайырымдылық жасауға арналған жоба туралы түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Осыған сәйкес дін қызметкерлері кәсіпкерлермен келіссөздер жүргізіп, «Уақып» қорымен бірлескен қайырымдылық қызмет туралы меморандум орнатуы қажет.

Сондай-ақ имамдарға мешіттердің жанынан «Уақып» қорының «RUHANYAT» атты дүкенін ашып, кәсіпкерлермен келіссөз жүргізу жүктелді. Жоба аясында имамдарға уақып жасауды насихаттау мақсатында мешіт ауласынан дүкен ашқысы келген кәсіпкерлермен серіктескен түрде жұмыс атқару туралы нұсқаулар берілді. Сонымен қатар «Уақып» қорына қарасты «QAMQOR-SHARAPAT» орталығының мақсаты, құндылықтары, жоспарлары түсіндірілді. Ел аумағында жерлеу рәсімдеріндегі ысырапты жою жайы сөз етілді. Сондай-ақ жерлеу рәсімі мен уақып садақасын байланыстыра отырып жұмыс атқарудың үлгілері берілді.

Жиын соңында «Уақып» қорының Ақтөбе облысы бойынша жауапты маманы Мәжит Әбішев семинарға қатысушыларға алғысын айта келе, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының аталған қордың жұмысын облыс бойынша жандандыру туралы тапсырмасы негізінде өкілдіктерге нақты тапсырмалар берілгенін алға тартты. Орталықтың жұмысы өңірлерде кеңінен насихатталып жатқанын, нәтижесінде еліміз бойынша мешіт қызметкерлерінен орталықтың мамандары іріктеліп, әр өңірден жаназа және жерлеу рәсімін атқаратын мамандар жасақталғанын атап өтті.

Айта кетейік, уақып – сарқылмайтын сауап, яғни адам қайтыс болса да артынан тоқтамай сауап барып тұратын амал. Уақып қылудың бірнеше жолы бар: мешіт, медресе салу, Құран сыйлау, оқу ақысын төлеу, тұрғын үймен қамту, көпір салу, құдық қазу, бау-бақша егу т.б.



Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі