«Құндылықтар керуені»: Ақтөбе имамдары Шалқар ауданына іс-сапармен барды
Ақтөбе облысы әкімі Асхат Шахаровтың бастамасымен, Ақтөбе облыстық дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Құндылықтар керуені» жобасы аясында Ақтөбе имамдары Шалқар ауданына арнайы іс-сапармен барды.
Жобаның басты мақсаты – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ұлттық құрылтайда айтқан: «Діннің аса маңызды миссиясы – ұлтты ұйыстыру» деген тұжырымын негізге ала отырып, ұлттық құндылықтарды насихаттау және өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесіне баса мән беру.
Іс-сапар аясында Ақтөбе облыстық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы Талғат Аманов, наиб имамдар Мажит Әбішев пен Нұрбол Смағұлов Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешіті мен бірқатар ауылдық мешіттерді аралап, жергілікті жамағатпен және бекітілген мекемелердің қызметкерлерімен кездесу өткізді.
Ұстаз Талғат Аманов ақшам намазынан кейін «Пайғамбарға махаббат» тақырыбында уағыз жүргізіп, жамағатқа рухани тағылым берді. Сонымен қатар мемлекеттік мекемелерде қызмет ететін азаматтармен «Ауызбіршілік», «Білім алудың артықшылығы», «Жат ағым жарға жығады» тақырыптарында 4 жалпы кездесу өткізіп, мазмұнды ойларымен бөлісті. Ал жұма күні «Қажылық – бес парыздың бірі» тақырыбында жамағатқа арнап насихат айтты.
ЖАНТ мүшесі, наиб имам Нұрбол Смағұлов аудандық мешітте ақшам намазынан кейін «Нағыз байлық – бірлік» тақырыбында тағылымды уағыз айтып, жат ағымның алдын алу бағытында 12 кездесу өткізді.
Наиб имам Мажит Әбішев мемлекеттік мекемелерде «Жат ағымның алдын алу», «Жастар арасында ұлттық құндылықтарды насихаттау», «Жаназа және жерлеу рәсімдері» сияқты маңызды тақырыптарда түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Жалпы саны 9 кездесуде қоғамдағы өзекті рухани мәселелер жан-жақты қамтылды.
Кездесулер барысында дін қызметкерлері ұлттық салт-дәстүр мен діннің өзара үндестігі, елге деген сүйіспеншілік, отансүйгіштік және теріс діни ағымдардан сақтану мәселелеріне кеңінен тоқталып, тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға жан-жақты жауап берді.
Іс-шара аясында мешіттерде 4 насихат жұмысы жүргізіліп, 13 мемлекеттік мекемеде жалпы кездесу болып, жалпы 710 адам қамтылды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі