Кешігіп келген адам намазын қалай толықтырып оқиды? 515

Кешігіп келген адам намазын қалай толықтырып оқиды?

15 ақпан 2021 1688 Оқу 1 минут

Имамға ұюшының жағдайы мудрик, лахиқ және масбуқ болып үшке бөлінеді. Мудрик деп намаздың барлық ракағаттарын имаммен бірге бастап, бірге аяқтаған адамға айтылады. Ал, Лахиқ дегеніміз – намазды имаммен бірге бастап, кейін дәретінің бұзылуы, қалғып кетуі т.б. себептермен бүкіл ракағатын немесе кейбір ракағатын имаммен оқи алмаған адам. Үшіншісі – имамға намаздың басында емес, бірінші ракағаттың рукуғынан кейін яки екінші, үшінші не төртінші ракағаттарда ұйыған адамды Масбуқ деп атайды.

Ендеше, үш жағдайдың соңғысы Масбуқ жағдайындағы яғни, кешігіп келген адамның намазын қалай толықтырып оқитындығы жөнінде фиқһ кітаптарында келген реттілік бойынша тоқталып өтейік.


1) Екінші ракағатқа үлгерген адам намазы

Таң намазының екінші ракағатына үлгерген адам ифтитах (намазға бастау) тәкбірін алып, үндемей тұрып имамға ұйиды.

Соңғы отырыста тек қана әт-тәхият дұғасын оқиды.

Имам сәлем бергеннен кейін үлгермей қалған бірінші ракағатын жалғастыру үшін дереу орнынан тұрады.

Имамның сәлемінен соң өтейтін ракағаты намаздың алғашқы ракағаты болып саналатындықтан бұл ракағатта субханака дұғасы, әъузу мен бисмиллаһты кейін Фатиха мен қосымша сүрені оқиды.

Сосын рүкүғ пен сәждеден кейін соңғы отырыс жасап, намазын аяқтайды.


2) Үшінші ракағатқа үлгерген адам намазы

Ақшам намазының соңғы ракағатына үлгерген адам ифтитах тәкбірін алғаннан кейін әрі қарай сол ракағатты имаммен бірге тәмамдайды.

Имам сәлем бергеннен кейін тұрып субханака дұғасы, әъузу мен бисмиллаһты кейін Фатиха мен қосымша сүре оқып, рүкүғ және сәжде жасап отырады.

Бұл отырыста тек қана әт-тахият дұғасын оқып, қайта тұрады.

Бисмиллаһтан кейін Фатиха және қосымша сүре оқып, рүкүғ және сәжде жасағаннан кейін соңғы отырысқа отырады.

Соңғы отырыста әт-тәхият, салауат, раббанә әтина дұғаларын оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды.

Қосымша: Ақшам намазының екінші ракағатына үлгерген адам үш рет тәшәһһүдке отырады. Бірақ екінші ракағаттың соңында қателесіп, отырмай қалса, сәһу сәждесін жасауы қажет емес.

Ескерту: Ақшам намазының екінші ракағатына ұйыған адам үлгермей қалған бірінші ракағатын тура таң намазының екінші ракағатына үлгерген адам секілді оқиды.

 

3) Төрт ракағаттық намаздың соңғы ракағатына үлгерген адам намазы

Төрт ракағаттық намаздың төртінші ракағатында ұйыған адам имам екі жаққа сәлем бергеннен кейін дереу орнынан тұрады.

Сосын субханака дұғасы, әъузу мен бисмиллаһты және Фатиха мен қосымша сүре оқып, рүкүғ және сәжде жасап отырады.

Бұл отырыста тек қана әт-тахият дұғасын оқып, қайта тұрады.

Сосын бисмиллаһтан кейін Фатиха және қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәждеге барып соңғы ракағатқа тұрады.

Бұл ракағатта бисмиллаһтан кейін тек қана Фатиха сүресін оқып, рүкүғ, сәждеге барып, соңғы отырысқа отырып, әт-тәхият, салауат, раббанә әтина дұғаларын оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды.


4) Төрт ракағаттық намаздың үшінші ракағатына үлгерген адам намазы

Төрт ракағаттық намаздың үшінші ракағатында ұйыған адам имам соңғы отырысқа отырған уақытта тек қана әт-тәхият дұғасын оқиды.

Имам сәлем берген соң орнынан тұрып, субханаканы, әъузу мен бисмиллаһты және Фатиха мен қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәжде жасап қайта тұрады.

Сосын бисмиллаһтан кейін Фатиха және қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәждеге барып, соңғы отырысқа отырып, әт-тәхият, салауат, раббана әтина дұғаларын оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды.


5) Төрт ракағаттық намаздың екінші ракағатына үлгерген адам намазы

Төрт ракағаттық намаздың екінші ракағатында ұйыған адам, имам соңғы отырысқа отырған уақытта тек қана әт-тәхият дұғасын оқиды.

Имам сәлем берген соң орнынан тұрып, субханака дұғасы, аъузу мен бисмиллаһты және Фатиха мен қосымша сүре оқып, рүкүғ, сәжде жасап, соңғы отырысқа отырады.

Соңғы отырыста әт-тәхият, салауат, раббана әтина дұғаларын оқып, сәлем беріп, намазын аяқтайды.

Ескерту: Имамға рүкүғда үлгерген адам сол ракағатқа үлгерген болып саналады. Егер имамға сәжде немесе ташаһһудте отырғанда келсе, имамның келесі ракағатқа тұрғанын күтпей-ақ, дереу ифтитах тәкбірін алып, имамға ұйиды.


Пайдаланған әдебиеттер

1. М.Исаұлы, Қ.Жолдыбайұлы, Ислам ғылымхалы, Алматы, 2010 жыл.

2. О.Хайреттин, Дәлел-дәйектерімен Ислам ғылымхалы, Алматы, 2011 жыл.

3. Е.Ақатаев, Ислам ғылымхалы, І-том, Алматы, 2019 жыл

 

Әзірлеген, 

Махамбет Бисенов

«Нұр Ғасыр» мешітінің найб имамы