Биткоин криптовалютасын қолдану халал ма? 1290

Биткоин криптовалютасын қолдану халал ма?

11 ақпан 2022 134 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің шешімі бойынша биткоин криптовалютасын қолдануға тыйым салынған. Оған төмендегідей дәлелдер келтірілген.

Біріншісі, шариғат бойынша қандай да бір ақша негізге алынуы үшін мемлекет тарапынан шығарылуы керек және оның кепілдігі мен қорғауында болуы шарт.

Биткоин ешбір ұлттық валютаның сипатына келмейді. Өйткені ол мемлекеттік органдардың кепілдігімен әрі қаржылық заңдар мен қорғалмаған, нақты активі жоқ, орталықтандырылмаған виртуалды ақша. Кез келген сәтте оның нарығы күрт өсіп немесе түсіп, одан адамдар зиян шегуі мүмкін. Әбу Али Хасан әт-Тауси: «Ғасырлар бойы ақша шығару құқығы патшадан өзгеге берілмеген», – деп айтқан (Сәйру әл-мулук, 233-бет).

Екіншісі, биткоинның процесстері көбіне жасырын жүзеге асады. Бұл өз кезегінде шариғат тыйым салған алдауға, алаяқтыққа соқтырады.

Алла Тағала Құранда былай дейді: «Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек» («Ниса» сүресі, 29-аят).

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) белгісіздік саудасына (ғарарға) тыйым салған (Муслим риуаят еткен).

Үшіншісі, биткоин валюта немесе тауар ретінде жауапты тараптардың бақылауынан тыс қалады. Бұл елдің ішкі экономикасына кері әсер етіп, қоғамның тұрақсыздануына жол ашуы мүмкін.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Өзіне де, өзгеге де зиян тигізуге болмайды», – деген (Ахмад риуаят
еткен).

Мысыр елінің пәтуа комитеті, Еуразия мұсылмандарының пәтуа шығару кеңесі сияқты ірі ұйымдар да биткоин криптовалютасын пайдалануға тыйым салған.