Әйелдер арасында алғаш рет «Дін мен Дәстүр III» кітабынан білім сайысы өтті
Дін мен дәстүр — егіз ұғым. Оны сақтау – ұрпаққа міндет қағидасы аясында «Ислам және дәстүр құндылығы» жылына орай ҚМДБ Ақтөбе облысы өкілдігінде «Әйел-қыздар» секторының ұйымдастыруымен алғаш рет Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде «Дін мен дәстүр» кітабы бойынша облыстық білім сайысы өтті.
Дін мен дәстүр сабақтастығын дәріптеп, амал ету мақсатында облыстық мешітте Ақтөбе қаласы және Байғанин, Қобда, Шалқар аудандарының мешіттері жанындағы әйелдер сауат ашу курсында білім алып жатқан әйел жамағатынан 11 жұптық топ бақ сынасты.
Аталған сайыста Ақтөбе облысы «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Мажит Абишев, «Әйел-қыздар» секторының жетекшісі Кенжегүл Кушкарова, облыстық мешіт жанындағы «Әжелер мектебінің» мүшесі Шәмшия Айжарықова сайысқа әділқазы болды.
Білім сайысының алғашқы айналымында қатысушылар тест сұрақтарына дұрыс және жылдам жауап беруі талап етіліп, ал екінші айналымында «Дін мен дәстүр» кітабынан белгілі бір дәстүріміздің бірқатарын, талқыға салып, өз көзқарастарын тақырыпқа сәйкес слайд жасап, қорғады.
Одан өзге жарыс ережесіне сай үшінші бөлімде құпия сандықта жасырылған сырды ашып, баяндады.
Айта кетсек, додаға 11-топ қатыстып, өздерінің шығармашылық, білім саласы бойынша қабілеттерін ортаға салды.
Сайыс қорытындысы бойынша:
1 орын: «Фатиха» тобы, Шалқар аудандық «Матай Қоқанұлы» мешітінің шәкірттері,
2 орын: «Жақұт» тобы, «Нұр Ғасыр мешітінің шәкірттері,
3 орын:«Қасиетті ана» тобы, Қобда ауданы «Шәріп молда» мешітінің шәкірттері иеленді.
Байғанин аудандық орталық мешітінен қатысқан «Бірлік» және «Сенім» тобы «көрермен көзайымы» номинациясына ие болды.
«Айша бибі» , «Көркем»,» Ықылас», «Бопай ханым», «Домалақ ана», «Томирис» топтары алғыс хат және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.
Шара қортындысында мешіт ұстаздары сайысқа қатысушыларға ризашылығын білдіріп, дін мен дәстүр тақырыбында насихат айтып, игі шараның маңыздылығына тоқталды.