Әйел жамағатына арналған “Рамазанға рухани дайындық” білім сайысы өтті
Қасиетті Рамазан айы қарсаңында Ақтөбе қалалық орталық мешіті мен “Бақытжан” мешітінің ұйымдастыруымен әйел жамағатына арналған “Рамазанға рухани дайындық” атты қалалық білім сайысы өтті.
Аталған сайыстың негізгі мақсаты – Ақтөбе облысы әйел жамағатына арналған “Оразаға қатысты 200 сұрақ” атты онлайн кітапталқыны қорытындылау, қатысушылардың білімін пысықтау және бекіту, сондай-ақ кітапталқы барысында белсенділік танытқан жамағатты марапаттау болды.
Іс-шараға қала мешіттерінен жиналған 70-ке жуық әйел жамағаты қатысты.
Сайыстың ашылу рәсімінде Ақтөбе қалалық орталық мешітінің бас имамы Алмат Әли сөз сөйлеп, жиналған жамағатты қасиетті Рамазан айына аман-есен жетуімен құттықтады. Өз сөзінде бас имам Рамазан айының мұсылман өміріндегі орны мен қадір-қасиетіне тоқталып, бұл айдың кешірім, рухани тазару және Аллаға жақындау айы екенін атап өтті. Сондай-ақ ол Рамазанға дайындық тек ашығумен шектелмей, ең әуелі ниетті түзеп, білім мен амал арқылы жүзеге асуы керектігін жеткізді.
Шара барысында “Бақытжан” мешітінің ұстазы Қойшығұлова Анар бірнеше жыл бойы әйел жамағатына жүйелі түрде діни білім беріп, іс -шаралар арқылы жақсы нәтижелер көрсеткені үшін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының атынан Алғыс хатпен марапатталды.
Сондай-ақ “Бақытжан” мешітінің имамы Еламан Кәрім де сөз алып, Рамазан айына жан-жақты дайындық жасаудың маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде:
«Рамазанға шынайы дайындықтың бастауы – білім алу. Білім бар жерде дұрыс құлшылық, ықылас пен жауапкершілік қалыптасады», – деп атап өтті.
Одан кейін мешіт ұстазы Қойшығұлова Анар “Рамазанға рухани дайындық” тақырыбында уағыз-насихат жүргізді. Насихат барысында ол Рамазан айын мүмкіндік айы ретінде қабылдау, уақыттың қадірін білу, нәпсімен күрес, жүректі тазарту және құлшылықтағы тұрақтылық мәселелеріне кеңінен тоқталды.
Білім сайысына жалпы саны 30 шәкірт қатысып, төрт кезең бойынша бақ сынасты.
Атап айтқанда:
І кезең – “Оразаға қатысты” ұяшықтарды таңдау арқылы сұрақтарға жауап беру;
ІІ кезең – суреттер арқылы жасырылған хадисті табу;
ІІІ кезең – Алланың көркем есімдерін (Әсмаул-Хусна) мүдірмей жатқа айту;
IV кезең – ситуациялық сұрақтарға жауап беру.
Сайыс барысында қатысушылар жоғары белсенділік танытып, бір-бірін толықтыра отырып, білім деңгейлерін көрсетті. Тартысты әрі мазмұнды өткен сайыс жамағаттың үлкен қызығушылығын тудырды.
Қазылар алқасының құрамында Ақтөбе облыстық әйел-қыздар секторының жетекшісі Құшқарова Кенжегүл және “Ихсан” орталығының психологы Қасимова Алима қатысып, сайыскерлердің білімін әділ бағалады. Нәтижесінде жүлделі орындар төмендегідей анықталды:
І орын – “Басира” тобы;
ІІ орын – “Береке” тобы;
ІІІ орын – “Ихсан” тобы.
Жүлдегерлердің барлығы Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы тарапынан жарық көрген діни кітаптармен марапатталды. Сонымен қатар сайысқа қатысқан қалған жеті топтың мүшелеріне де ынталандыру сыйлықтары ретінде кітаптар табысталды.
Шара соңында “Оразаға қатысты 200 сұрақ” онлайн кітапталқысының жүлдегерлері де арнайы марапатталып, бағалы сыйлықтармен қуантылды. Жалпы іс-шара жамағат көңілінен шығып, қатысушылар өздерінің рухани тұрғыда мол білім алғандарын айтып, ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.
























































