ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ИРАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН СҰХБАТТАСТЫ 2106

ҚМДБ ТӨРАҒАСЫ ИРАН ДЕЛЕГАЦИЯСЫМЕН СҰХБАТТАСТЫ

15 қыркүйек 2022 84 Оқу 1 минут

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы елордада Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің VII съезі аясында Иран Ислам Республикасының Мәдениет және исламдық байланыстар ұйымының басшысы Мұхаммед Махди Иманипурмен кездесті.

Кездесуде екі елдің байланысы сөз болды. Бас мүфти мен ұйым басшысы қоғамға адамгершілік құндылықтарды насихаттаудың маңызы туралы ойын бөлісті. Сонымен қатар тараптар діни татулық пен ұлтаралық келісімді нығайту жайлы әңгімелесіп, Әлемдік және дәстүрлі дін лидерлері съезінің маңызына тоқталды. 

Наурызбай қажы Тағанұлы мәртебелі мейманға қазақстандық ғалымдардың халқымыздың тарихына қатысты парсы тілінде жазылған тарихи жәдігерлер мен құнды еңбектерді зерттеу жұмысына қолдау көрсету қажеттігін жеткізді. Өз кезегінде Мұхаммед Махди Иманипур бұған қатысты Иран тарапынан қолдау көрсетілетінін жеткізді. Кездесуде әл-Фараби еңбектерін терең зерттеу мәселесі де кеңінен талқыланды. 

Мәдениет және исламдық байланыстар ұйымының басшысы Мұхаммед Махди Иманипур Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бастамаларына ізгі тілегін жеткізіп, жылы лебізін білдірді.