Хадис дәрісі 277

Хадис дәрісі

28 қазан 2020 108 Оқу 1 минут

Мұсғаб бин Абдулла (р.а.) әңгімелейді: «Имам Малик (р.а.) Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) жайлы бір сөз айтатын болса өңі бұзылып кететін. Әрі басын шұлғитып еңкейіп сөйлегендіктен мәжілісінде отырғандарға қолайсыздық тудыратын. Бір күні осының себебін біреу сұрағанда: «Менің көргенімді көрсеңдер, мына сөзді айтпаған болар едіңдер. Мен Мұхаммед бин Мункадирді (р.а.) көзім көрді. Ол қарилардың төресі еді. Біз одан хадис сұрасақ, пайғамбарға (с.ғ.с.) деген сүйіспеншілігі соншалықты егіліп отырып жылайтын, тіпті біздің жанымыз ашып кететін. Мен Жағфар бин Мұхаммедті көрдім. Ол кісі жұртпен емін-жарқын ойнап күліп жүретін жан еді. Бірақ, Пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы бір сөз естігенде жүзі сарғайып шыға келетін. Ол ешқашан хадисті дәретсіз айтпайтын»,-деген екен.

  

Әбу Сәләмә Хузағи (р.а.): «Имам Малик бин Әнас (р.а.) хадис дәрісіне шығатын болса намазға дайындалғандай дәрет алатын. Ең жақсы киімін және сәлдесін киіп, сақалын тарап шығатын. Оның осыншама дайындалуының себебін сұрағанда имам Малик (р.а.): «Осылайша Алла елшісінің (с.ғ.с.) хадисін құрметтеймін»,-деген екен.

Ахмед бин Синан (р.а.) Уакиғ бин Жаххардың (р.а.) хадис дәрісін өткізу әдісі жайлы былай дейді: «Мәжілісте сөйлемейтін, қаламын ұштамайтын және күлмейтін. Ешкім дәрісінде тұрмайтын. Адамдар мәжілісінде намаздағыдай отыратын. Егер олардың бірінен жақтырмайтын бір әрекет байқаса, кебісін киіп шығып кететін»,-дейді.

Абдулла бин Мубарак көшеде жүріп бара жатқанда біреу хадис сұрайды. Сонда табиғин ғалым: «Мұның білімді құрметтеуге жатпайды»,-деген екен. Сағид бин Мусайаб (р.а.) ауырып төсек тартып жатқанда көңілін сұрап келгендердің бірі хадис сұрайды. Ол жатқан жерінен түрегеп отырып барып хадисті айтып берді. Жағдайын сұрап келген кісілер: «Өзіңізді қинамасаңыз болар еді»,-дейді. Сонда ол: «Алла елшісінің (с.ғ.с.) сөзін жатып айтуды құп көрмеймін»,-деген екен.

Мұса ЕРБАТЫР