ҚАСИЕТТІ ҚҰРАНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ 2385

ҚАСИЕТТІ ҚҰРАНҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТУ

27 қаңтар 2023 80 Оқу 1 минут

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

 Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Құран Кәрім – Алла Тағала тарапынан түсірілген, үкімі қияметке дейін жалғасатын, адамзат баласы үшін тура жол нұсқаушы ретінде берілген ұлы сый. Алла Тағала бұл жайында:

وَنَزَّلْنَا عَلَيْكَ الْكِتَابَ تِبْيَانًا لِكُلِّ شَيْءٍ وَهُدًى وَرَحْمَةً وَبُشْرَى لِلْمُسْلِمِينَ

«Біз саған әр нәрсені баяндайтын және мұсылмандар үшін тура жол, мейірім және сүйінші ретінде Құранды түсірдік», – деп айтқан («Нахл» сүресі, 89 аят).

Бұқар жырау бабамыз:

Тәңірім сөзі Фұрқанды айт,

Кәләм Алла – Құранды айт,

Тәңірім салса аузыңа,

Жан жолдасың иманды айт, – деп қасиетті Құранның Алланың ақиқат сөзі екендігін, ақ пен қараны, шындық пен жалғанды ажыратушы (Фұрқан) кітап екендігін айтады. Хакім Абай: «Алланың өзі де рас, сөзі де рас, Рас сөз ешуақытта жалған болмас» деп Алла Тағаланың Өзі және сөзі рас, ақиқат екендігін айта келіп, тағы бір өлең шумағында: «Распен таласпа мумин болсаң, Ойла, айттым, адамдық атын жойма», – дейді.

Шынымен де, Құранның ақиқаттығын мойындап, оны құрметтеп, оған шынайы махаббатпен еретін болсақ, Құран жан-дүниемізді байытып, жоғары адамдық қасиеттерге тәрбиелеп, рухани кемелденуімізге жол ашады. Алла Тағала Құран кітабын «Рух» деп атап, былай деген: 

وَكَذَلِكَ أَوْحَيْنَا إِلَيْكَ رُوحًا مِنْ أَمْرِنَا

«(Мұхаммед) саған осылайша әмірімізден бір «Рух» (Құранды) уахи еттік» («Шура» сүресі, 52-аят). Себебі рухтың денеге өмір сыйлайтындығы сияқты, Құран кітабы да адамның жүрегіне өмір сыйлап, оны екі дүние бақытына жетелейді.

Құранда адам баласының ақылы мен рухына, тіпті барлық сезімдеріне қажет нәрселер түгел қамтылған. Құранда жеке тұлға, қоғамдық, рухани һәм ақыреттік ғұмырға тиісті қажеттіліктіктің тұтасы болғандықтан ол – дертке шипа, жанға дауа кітап. Құран негіздері пенденің «толық адам» шыңына қарай қанат бітіріп, һәм нәпсінің тізгінін тартып, рухтың асқақ сезімдерін қанағаттандыруда ерекше дара. Құран адам жаратылысына сәйкес болғандықтан түсінетін дәрежеде сөз қозғап, ой-санамызға қажетті барлық зәру ілімдерді үйретеді.

Ендеше, әр адам Алла Тағаланың кәләмін қастерлеп, қасиетті Құранға үлкен құрмет көрсетуі қажет. Мұсылманның қасиетті Құранға деген құрметі мынадай істер арқылы көрініс табады:

 

Бірінші: Қасиетті Құранды ықыласпен оқу

Қасиетті Құранды оқу – пендені Жаратушысына жақындататын ұлы құлшылық. Алла Тағала қасиетті Құран Кәрімде:

وَرَتِّلِ الْقُرْآَنَ تَرْتِيلًا

«Сондай-ақ Құранды өте анықтап оқы», – деп бұйырады («Мүзәммил» сүресі, 4-аят).

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

اقْرَءُوا الْقُرْآنَ فَإِنَّهُ يَأْتِي يَوْمَ الْقِيَامَةِ شَفِيعًا لأصحابهِ

«Құран оқыңдар, өйткені ол Қиямет күні өзін оқығандар үшін шапағатшы ретінде келеді», – деп біздерге қасиетті Құранды жиі оқуымызды өсиет еткен (Мүслим). Тағы бір хадисінде: «(Қиямет күні) Құран иесіне: «Оқы да, көтеріл. Өміріңде қалай оқыған болсаң, солайша әр сөзді анық айтып оқы. Расында сенің орның, соңғы оқылған аятыңа сәйкес болады» деп айтылатын болады», –  деген (имам Әбу Дәуід, Тирмизи).

Алайда оны оқушы, жаттаушы үйренуші, үйретуші адам ниетін жалғыз Алла Тағаланың ризалына бағыттауы қажет. Имам Нәуәуи (Алла оны рақымына алсын): «(Құран оқушыдан) ең бірінші талап етілетін нәрсе – ықылас. Яғни, ол арқылы тек Алла Тағаланың ғана ризалығын қалап, одан басқа ешқандай мақсатты көздемеу қажет», – деген. Бұдан түсінгеніміздей, Құран оқушы адамдардың назарын өзіне аудару, оларды даусының әдемілігімен тамсандыру, кісілердің мақтауын күту, адамдардың арасында дәрежесінің көтерілуін қалау сынды істерді көздемеуі керек. Мұндай ниетте болған адамдарға ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деп ескерткен: «Расында, ең бірінші болып Ақыретте сұралатын адам, ол Алла жолындағы шайқаста өлген адам болады. Оны алып келеді де, Алла оған Өзінің рақымшылығын есіне салады, ал ол болса бәрін мойындайды. Сосын Алла одан: «Сен соған ризашылық ретінде не істедің?» – деп сұрайды. Ол: «Мен өлгенше Сенің жолыңда соғыстым!» – дейді. Алла: «Сен өтірік айтасың, өйткені сен, сен туралы адамдар: «Батыр!» – деп айтсын, деп соғыстың және олар солай айтты!» – дейді. Сосын ол адам жайлы оған сәйкес әмірлер беріліп, оның жүзін төмен қаратып Тозаққа тастайды. Содан кейін, білім алған, білімін басқаларға үйреткен және Құран оқыған адамды алып келіп, Алла оған, Өзінің көрсеткен рақымшылығын есіне салады да, одан: «Сен соған ризашылық ретінде не істедің?» – деп сұрайды. Ол: «Мен білім үйреніп, оны басқаларға үйреттім және Сен үшін Құран оқыдым!» – дейді. Алла: «Сен өтірік айтасың, өйткені сен, адамдар: «Мынау білімді!» – деп айтсын деп, сондай-ақ Құранды адамдар: «Мынау қари!» – деп айтсын деу үшін оқыдың және адамдар солай айтты!». Сосын ол адам жайлы оған сәйкес әмірлер беріліп, Тозаққа тастау үшін жүзін төмен қаратып сүйрейді. Сосын Алла оған кең ризық нәсіп еткен және оған түрлі байлықпен қамдаған адамды алып келіп, Алла оған Өзінің көрсеткен рақымшылығын есіне салады да, одан: «Сен соған ризашылық ретінде не істедің?» – деп сұрайды. Ол: «Сен риза болатын ешбір мүмкіншілікті мүлт жібермей, Сен үшін ақша жұмсадым», – дейді. Алла оған: «Сен өтірік айтасың, сен оны адамдар, сен жайлы: «Мынау жомарт!» – деп айтулары үшін істедің және адамдар солай айтты!» – дейді. Сосын ол адам жайлы оған сәйкес әмірлер беріліп, Тозаққа тастау үшін жүзін төмен қаратып сүйрейді».

 

Екінші: Құран аяттары жөнінде ойлану

Алла Тағала Құран аяттарына ой жүгіртуге шақырып, былай деген:

كِتَابٌ أَنْزَلْنَاهُ إِلَيْكَ مُبَارَكٌ لِيَدَّبَّرُوا آَيَاتِهِ وَلِيَتَذَكَّرَ أُولُو الْأَلْبَابِ

«Саған аяттарын ойлансын әрі ақыл иелері үгіт алсын деп мүбәрак бір Кітап түсірдік» («Сад» сүресі 29 аят).

Аяттағы «тәдәббур» сөзі, Құран турасында терең ойлану деген мағынаны білдіреді. Осылай ойлану арқылы Құранның негізгі мағыналары ашылады. Ибн Аббас (Алла оған разы болсын): «Ондағы Құран аяттары жайында ойланып оқылған екі рәкағат намаз, жүректің қатысуынсыз оқылған түні бойғы намаздан әлде қайда артық», – деп айтқан.

Имам Замахшари: «Білімі, түсінігі, тақуалығы жоқ және терең ойланбайтын адам Құраннан ләззат алу деңгейіне жетпеген болып саналады», – дейді.

Ендеше, Құранның әрбір сөзінің өзіндік терең мағынасы бар.

Хакім Абай:

Алла мінсіз әуелден, Пайғамбар хақ,

Мүмин болсаң, үйреніп, сен де ұқсап бақ.

Құран рас, Алланың сөзі дүр ол,

Тәуилін білерлік ғылымың шақ, – дейтіні осыдан болса керек.

Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясында Зере әжесі дүниеден өткен кездегі жас Абайдың Құран аударғаны былай сипатталған: «Зерені қойып қайтқан күні кешке, әжесінің төсегіне отырып алып, Құран аударуға кірісті. Анасының аруағына арнайтын дағдылы Құран хатымды молдаға оқытпай, өзі оқитын болды.  Бір жұма бойы, сол Құранды екі аударып шықты. Осы күндері ас үстінде Құнанбай Абайға:

–  Жай аударады екенсің! – деп еді. Абай жауап айтқан жоқ. Құнанбай мұндайда үш-төрт аудартып тастайтын, сыдыртқыш молдаларды есіне алып айтқан. Абай болса, ішкі себебін айтқан жоқ. Ол да жылдам оқи білуші еді. Абай анасына сауап болсын деп, Құранды өзгеше ықыласпен, асықпай, соншалық мүлгіп, мінәжат етіп оқиды. Құранның кейбір парасының үстінде ұзақ отырып қалып, жалғыз, жасырын ойлар да ойлайды»[1], – деп Абай атамыздың қасиетті Құранды ойланып оқығандығы жөнінде айтқан («Абай жолы», 1-том, 305-бет).

Міне, біз де Құранды тек көз жүгіртіп оқумен ғана шектелмей, оның аяттары жайында ой жүгіртіп, ғибрат алуға тырысқанымыз жөн.

 

Үшінші: Құранға махаббат қою

Хакім Абай қара сөзінде: «Махаббатың төлеуі – махаббат» деп, айтқанындай, Құранға махаббат қойып, ынтамен оқыған адамға Құран да солай жауап беріп, жаттаған аяттардың адамның көкейіне сіңуіне, ой жүгіртіп терең сырларын түсінуіне жол ашады.

Құранға махаббат – Алла Тағала мен оның сүйікті Елшісі Пайғамбарымыз Мұхаммедке (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббаттан туындайды.

Абдулла ибн Масғуд (Алла оған разы болсын): «Кімде-кім Алла Тағаланы және Оның Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жақсы көруді қаласа, өзінің Құранға деген махаббатына қарасын. Егер ол Құранды жақсы көрсе, онда шынымен де Алла Тағаланы және Оның Елшісін (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  жақсы көргендігі», – деген.

Шынымен де, ілгеріде өткен ізгі адамдардың Құран кітабына деген махаббаты мен құрметі өзгеше болатын. Мысалы, Хазіреті Омар мен Хазіреті Осман (Алла оларға разы болсын) күнде таңертең  тұрған кезде Құран кітабын сүюді әдетке айналдырған екен. Абдулла ибн Омардың да осылай істегендігі турасында айтылады.

Икрима Құран кітапты алып, бетіне, көзіне тигізіп, жылап: «Раббымның сөзі! Раббымның кітабы» (Хаким) деп, Алла Тағалаға деген тағзымы мен сүйіспеншілігін білдіретін болған. Себебі сахабалар Құранға деген мұндай сүйіспеншілік пен құрметті адамзаттың асылы, Пайғамбарымыз Мұхаммедтің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бойынан көрген еді.

 

Төртінші: Құран аяттарын оқып, естігенде жүректің ләззатқа бөленуі

Ғашық адамымен сөйлескен жан оның әр сөзінен ләззат алып, онымен өткізген уақытының қалайша өтіп кеткендігін сезбей қалады. Сол секілді Құранға ғашық адам оны оқыған кезде жүрегі ерекше күйге түсіп, одан рухани ләззат алады.

Даналардан қалған мынадай қанатты сөз бар: «Құран оқыған алғашқы кезімде одан ешқандай әсер алмайтын едім. Кейін оқи беріп, бейне бір Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларына Құран оқып жатқандай күйді сезініп, әсер алатын болдым. Құранды үздіксіз оқу арқылы Жебірейіл періште Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құран түсіріп, аяттарын үйретіп жатқанын сезінетіндей әсерде болдым. Одан кейінгі оқығандарымда бейне бір Жаратушымен тілдесіп отырғандай күйге түстім. Осы кезде Құранның шынайы ләззатын сезініп, оны оқымайынша сабыр сақтап тұра алмайтын болдым».

Хазіреті Осман (Алла оған разы болсын) осы себепті: «Жүректерің тазарған болса, Жаратушыларыңның сөзі Құранға тоймайтын едіңдер», – деп айтқан. Ендеше, Құранды оқығанда, тыңдаған кезіміздегі жүрегіміздің қандай күйде болатындығына мән беру аса маңызды. Жүрегі Жаратушысы мен Оның елшісіне  (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) деген махаббатқа толы адам, Алла Тағаланың кәләмі оқылып жатқанда бей-жай күйде болмауы тиіс.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Құранды естуді ерекше жақсы көріп, өзгенің оқығанын естігенде көзін жас кернеп, ерекше әсерленетін болған. Ибн Масғудтан (Алла оған разы болсын) жеткен хадисте: «Бірде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған Құран оқышы», – деді. Мен: «Уа, Алланың елшісі! Құран Сізге түсірілген болса, мен оны Сізге қалайша оқимын?» – дедім. Сонда Ол: «Расында, мен оны басқа біреуден естігім келеді», – деді. Сосын мен оған «Ниса» сүресін оқи бастадым. «Әр үмметке бір айғақ келтіріп, сені де оларға куә етіп келтірсек қандай болар еді?» – деген 41-ші аятқа жеткен кезімде: «Болды, жарайды», – деді. Мен оған қарасам, оның көзі жасаурап жылап жатыр екен. Солайша оның Құран аятына жылағанын көрдім», – дейді (Бұхари).

 

Бесінші: Құран аяттарын іске асыру

Алла Тағала Қасиетті Құранның «Әнғам» сүресінің, 155-аятында:

وَهَذَا كِتَابٌ أَنزَلْنَاهُ مُبَارَكٌ فَاتَّبِعُوهُ وَاتَّقُوا لَعَلَّكُمْ تُرْحَمُونَ 

«Бұл біз түсірген мүбәрак кітап. Енді соған еріңдер, тақуалық жасаңдар. Мейірімге бөленесіңдер», – деп айтқан.

Аяттағы Құранға еру дегеніміз оның адал дегенін адал, арам еткенін арам деп білу, тыйым салғандарынан аулақ болып, бұйрықтарын орындау деген сөз.

Айша анамыздан Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын)  мінезі жайында сұрағанда: «Оның мінезі Құран еді», – деуі осыдан. Демек, Қасиетті Құранда қандай да бір көркем мінез турасында сипатталмасын, ол көркем мінез Хазіреті Пайғамбарымыздың бойында болатын. Сол үшін Пайғамбарымызды «Адамдар арасында жүрген тірі Құран еді», – деп сипаттайтын болған.

Пайғамбарымыздан (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кейінгі келген сахабалар, табиғиндер одан кейінгі ғұлама-ғалымдарымыздың барлығы Құран аяттарын іске асыруды Құранға деген әдептің негізгісі деп білген.

Табиғин өкілінің ғалымы Әбу Әбдуррахман әс-Сулами: «Біз он аят үйренген болсақ, онда қамтылған адал мен арам, бұйрықтар мен тыйымдарды іске асырмай, келесі он аятты жаттамайтын едік», – деп айтуы осыны меңзеген.

 

Қадірменді Жамағат!

Қасиетті Құран Алла Тағаланың кәләмі. Оның сақтаушысы Алла Тағаланың Өзі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 9-аятында:

إِنَّا نَحْنُ نَزَّلْنَا ٱلذِّكْرَ وَإِنَّا لَهُۥ لَحَٰفِظُونَ

«Шүбәсіз осынау зікірді (Құранды) Біз түсірдік және оның сақтаушысы да Өзіміз», – деп айтқан.

Алла Тағала баршамыздың қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл етіп, елімізге амандық, жұртымызға тыныштық бергей!

 

[1] «Абай жолы», 1-том, 305-бет.