Тақуа жан болғың келсе, арамнан алыс бол! 225

Тақуа жан болғың келсе, арамнан алыс бол!

14 қазан 2020 270 Оқу 1 минут

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кім менен мына бес өсиетті алып, оған амал етеді. Яки болмаса, осы өсиеттерді орындайтын адамға айтып жеткізеді?», - дейді. Сонда суырылып ортаға шыққан Әбу Һурайра (р.а.): «Уа, Алланың елшісі, Мен», - дейді. Пайғамбар (с.ғ.с.) «Оның қолдарынан ұстап тұрып: Арамнан алыс бол, адамдардың ең тақуасы боласың. Алланың бергеніне риза бол, адамдардың ең байы боласың. Көрші-қолаңға жақсылық жаса, мүмін боласың. Өзіңе қалағанды жұртқа да тіле, мұсылман боласың. Күлкіні көбейтпе. Расында, көп күлкі жүректі өлтіреді[1]», - дейді. Міне, бұл ардақты пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) кемел адамды қалыптастыруға арналған бес өсиеті.

Әз пайғамбар (с.ғ.с.) барлығына бірдей емес, сахабаларының табиғатына қарай отырып бағыт-бағдар беретін. Адамның болмысын ескеретін. Осылайша, олардың мінезін түзейтін, бойындағы қабілетін ашатын. Маған ақыл беріңізші деп келген бір сахабаға: «Ашуланба», - деп бір ауыз сөз айтады. Тағы қосыңыз дегенде: «Ашуланба» деп қайта айтады. Үшінші рет сұрағанда: «Ашуланба[2]» деген өсиетін қайталайды. Ашу – дұшпан. Ашу бар жерде ақыл тұрмайды.

Біреу келіп: Исламның заңы көп. Маған біреуін айтыңыз. Соған мықтап жармасайын, - деп өтінеді. Сонда Алла елшісі (с.ғ.с.): «Тілің Алланы зікір етуден шаршамасын (тоқтамасын)[3]», - дейді. Бір адам пайғамбарымыздан: Құлшылықтың ең абзалы қайсы?, - деп сұрағанда: «уақытында оқылған намаз[4]», - деп жауап береді. Тағы біреу ең жақсы амал жайлы сұрағанда: «Оразаға берік бол. Оның ешбір теңдесі жоқ[5]», - деген. Исламда қайсы амал ең қайырлы?, - деп сұраған сахабасына: «Мұқтажды тамақтандыруың және танығанға да, танымағанға да сәлем беру[6]», - деп жөн айтады. Демек, ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.) ақыл-кеңес сұрап келген адамға сай бағыт берді. Адамға ең қажетті деген өсиетті айтты. Біз дін қызметкері ретінде жөн сұрап келген жанмен сөйлесе отырып, осылайша бағыт беруіміз керек. Ең маңызды мәселелерден бастауымыз қажет. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) кейде кеңес сұрамаған адамға өзі ақыл айтатын. Өйткені, ақыл-кеңес тек сұрағанда ғана емес аға буынның артынан ерген іні-қарындасына деген сүйіспеншілігі, мейірімі ретінде де айтылады.

Жол үстінде көлігіне мінгескен кіштентай Абдуллаға пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ей, балам! Саған пайдасын беретін сөздер үйретейін бе?», - дейді. Бала Абдулла: Иә, - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): Үнемі Алланы жадыңда сақта, сонда Ол да сені сақтайды. Алланы бір сәт де ұмытпа, сонда қажет кезінде қарсы алдыңнан табасың. Кеңшілік кезде Оны ұмытпа, сонда қиыншылықта Ол сені тастамайды. Сұрайтын болсаң, тек Алладан сұра. Жәрдем тілесең, тек Одан жәрдем тіле[7]», - дейді.

Сахаба Мұғаз бин Жабал әңгімелейді: бір күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) менің қолымнан ұстап: Ей, Мұғаз! Мен сені жақсы көремін», - деді. Мен: Әкем мен анам жолыңызды құрбан! Мен де сізді жақсы көремін, - дедім. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Мұғаз! Саған әр намаздың артынан мына дұғаны тастамауыңды өсиет етемін: «Уа, Алла! Сені көркем түрде зікір етуге, шүкіршілік білдіруіме әрі көркем құлшылық етуіме жәрдем ет[8]», - деп айтты. Міне, бұл Ұлы тәрбиешінің тағылымы.

Сөз басында айтылған бес өсиетке қайта оралайық. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бес қасиетті кім орындай алады немесе соны орындай алатын адамға үйретеді деп сұрады. Демек, бұл өсиеттерді аға-ініге, ұл-қызға, өмірлік жолдасыңа және досыңа үйрету және жеткізу деген сөз. Бұл адамның мінез-құлығы мен өмірге деген көзқарасын түзейтін өсиеттер. Адам өмір бойы іздейтін сұрақтарға жауап осы өсиеттерде. Арамнан алыс бол, адамдардың ең тақуасы сен боласың дейді пайғамбарымыз (с.ғ.с.). Намаз бен оразасы бар, бірақ әлі де кәсібі мен жүріс-тұрысында арам араласып жүрген адамға бұл өмірлік ақыл. Шариғатта арамнан алыс тұру – ең үлкен құлшылық. Арам – бейне бір ыдыстың түбіндегі тесік секілді. Оған қанша су құйсаң да, тұрмайды. Тесікті бітемейінше, ыдысты толтыру мүмкін емес. Оқыған намаз, тұтқан ораза, жасаған дұғалардың пайдасы арамнан қашық болған кезде пайда бере бастайды.

Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Үмбетімнің ішінде бір қауымдарды білемін. Олар қиямет күні Тахама ақ тауларындай жақсылықты арқалап келеді. Бірақ, Алла Тағала олардың жақсылықтарын шашылған тозаң етеді», - дейді. Сахаба Саубан: «Уа, Расулалла! Оларды бізге суреттеп беріңіз. Білмеген күйде солардың бірі біз болып қалмайық», - дейді. Сонда ол кісі (с.ғ.с.): «Олар сендердің бауырларың (сендер сияқты мұсылмандар). Сендердей түнде құлшылық етеді. Бірақ, Алланың тиым салған харамымен оңашада қалғанда, арамнан өздерін тыймайды[9]», - деп ескертеді. Омар ибн Абдулазиз (р.а.): «Тақуалық түнді намазбен, күндізді оразамен өткізу немесе осы екі құлшылықты бірге істеу емес. Тақуалық Алланың парыз еткенін орындау және тиым салғанынан аулақ болу. Ал, бұдан артық бір жақсылық іс болса, онда бұл жақсылыққа қосылған жақсылық», - деген екен.

Олай болса, арам атаулыдан алыс жүруді өмірлік қағидамызға айналдыра білейік. Кейде, ұсақ-түйек байқалмайтын тиымдарды әдеткі іс сияқты қабылдап жатамыз. Мұның барлығының залалы бар күш-қайратымызды жұмсап жасаған құлшылықтарымызды еш етуге жеткілікті болмақ.


Мизамов Ержан,

 Ақтөбе облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы




[1] Ахмед, Тирмизи.

[2] Бұхари.

[3] Тирмизи, Ибн Мажа.

[4] Бұхари.

[5] Насаи.

[6] Бұхари.

[7] Тирмизи.

[8] Әбу Дауд.

[9] Ибн Мажа.