Құлшылық адам мүддесіне жұмыс істейді 223

Құлшылық адам мүддесіне жұмыс істейді

14 қазан 2020 318 Оқу 1 минут

Сауап іс жасаған адам жаны жай тауып, ерекше рақат сезінеді. Жүрегін қысып тұрған уайым мен мазасыздық өзінен-өзі ғайып болғандай күй кешеді. Имам Шафиғи (р.а.): «Құлшылықтар адамдардың мүддесіне жұмыс істейді», - дейді. Демек, ғибадаттар шариғат көрсеткен талаптар бойынша жасалса, мұсылманның тұлғалық бейнесін түзете бастайды. Ой-өрісі кеңіп, алысқа көз салатын, мінезі жақсарып, ізгілік оның табиғатына айнала түседі. Ал, енді кейде зейнетке шыққанда бастаймын деп мың бір сылтау айтып жатамыз. Осылайша құлшылыққа құнт етпеу ең бірінші өз табиғатына қарсы шығу боп табылады. Неге дейсіз ғой? Әдетте, адам жан дүниесінің күйзелісін түрлі ойын-сауықпен басуға әрекет етеді. Алайда, уақыт өте келе, жаны қинала түседі. Рухани дерті жүрегі мен жүйкесіне шабуылдайды. Жүрек ауруы, қан қысымы, жүйке ауруы, асқазан жарасы, сал боп қалу сияқты физиологиялық аурулардың басты себебі жан күйзелісі. Асқынып кетсе өмір бойы осы дерттердің салдарымен күресіп жүруге мәжбүр болмақ.

Бұл ауруларды түрлі қымбат дәрі-дәрмекпен емдеуге болады. Бірақ, денсаулықты қаз қалпына келтіру мүмкін емес. Денсаулықты мейлінше бұрынғы қалпына келтірудің жалғыз жолы – бұл дерттерді болдырмау. Алдын алу. Жанды емдеу. Ол үшін адам барлық қате-кемшіліктерін мойындап, Аллаға шынайы тәубе етуі тиіс. Бұл емнің басы. Ал, жақсылық жасай бастаған күннен адам бұрын соңды сезбеген шаттыққа бөленеді. Әрбір жасаған сауабының пайдасын ең бірінші өзі көре бастайды. Мұқтажға садақа береді де, оның жан рақатын өзі сезеді. Ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):

استقيموا ولن تُحصُوا

«Тура жолға түсіңдер, сонда оның сауабы мен пайдасының есебіне жете алмайсыңдар[1]», - дейді. Демек, имандылық жолға түскен күннен көл-көсер жақсылығын қара басы көреді.

Мәселен, Ислам дінінің негізін құрайтын – намаз, ораза, қажылық пен зекетті алайық. Сырт көзге зекет – маңдай термен тапқан қаражатты біреуге бере салу. Ешбір пайдасы жоқ сияқты. Сондықтан: Неге мен беруім керек?, - деген сұрақтар мазалайды. Өйткені, адам табиғаты әр нәрседен өзінің мүддесін көздейді. Көзге көрінетін сыртқы пайдасын іздейді. Зекеттің ішіне үңілсе, оның пайдасын алушыдан бұрын беруші көретінін білер еді. Зекет сөзінің өзі берекет, молаю, көбею дегенді білдіреді. Құран Кәрімде зекеттің пайдасы жайлы:

خُذْ مِنْ أَمْوَالِهِمْ صَدَقَةً تُطَهِّرُهُمْ وَتُزَكِّيهِمْ بِهَا وَصَلِّ عَلَيْهِمْ إِنَّ صَلَاتَكَ سَكَنٌ لَهُمْ وَاللَّهُ سَمِيعٌ عَلِيمٌ

«Олардың мал-дүниесінен садақа (зекет) ал. Сол арқылы оларды тазартып, берекелендіресің. Оларға дұға ет. Өйткені сенің дұғаң олар үшін жан тыныштығы. Алла – Самиғ, толық естуші, Алим – барлығын білуші[2]», - дейді. Міне, зекет арқылы адамның табысы көбейіп, берекетті болады. Сонымен бірге, осы құлшылық арқылы адам жердің барлық дүниесін беріп сатып ала алмайтын – жан тыныштығы, жан рақатын табады. Ал, бес уақыт намаздың адамға пайдасы не? Оның бірінші пайдасы, Алла Тағаланың әмірін орындау. Имам Шафиғи айтқандай, әрбір құлшылық ең бірінші ғибадатты орындаушыға қажет. Құран Кәрімде:

وَأَقِمِ الصَّلَاةَ إِنَّ الصَّلَاةَ تَنْهَى عَنِ الْفَحْشَاءِ وَالْمُنْكَرِ

«...Намазды барлық талаптарына сай орында. Күдіксіз намаз, арсыздықтан және жамандықтан тыяды...[3]», - дейді. Міне, намаз – адамды барлық жамандық атаулыдан, арсыздықтан толықтай тиятын жалғыз ғибадат. Мынаған назар аударайықшы. Он екі мүшенің қызметін сақадай-сай сақтау үшін мамандар адамның жасына және тәуліктегі уақытына сай әртүрлі деңгейде жаттығулар ойлап тапқан. Ол жаттығулардың жиынтығына зер салсаңыз, толықтай намаздың қимыл-әрекеті. Намаз – құлшылық, сонымен бірге денсаулыққа өте пайдалы. Ертеректе бір Араб әйел батысқа емделуге аттанады. Оның сыртқаты басы ауруы. Басы тоқтаусыз солқылдап маза бермейді екен. Жанын қоярға жер таппайды. Әрине, дәрігер мұсылман емес маман.

- Қайдан келдіңіз?, - деп сұрайды емделушіден.

- Иорданиядан.

- Намаз оқисыз ба?

- Жоқ.

- Намаз оқыңыз, мынау аурудан толықтай құтыласыз, - дейді. Араб әйел таң қалады. Сонда дәрігер бас ауруы миға қан жеткізетін тамырлар қысылып қажетті мөлшерде және жүйелі бармауының салдарынан. Ал, сәждеде тамыр кеңейіп, қан жақсы жүре бастайды, - деп түсіндіреді. Міне, осылай мұсылман әйел мыңдаған доллар жұмсап: Намаз оқы, - деген дәрігерлік кеңес алыпты. Әрине, дәрігер бұл иләһи емді өзі иман еткені үшін ұсынып тұрған жоқ. Дін жолымен жүргендіктен де кеңес беріп тұрған жоқ. Бұл жылдар бойы жинаған дәрігерлік тәжірибесі еді. Бүгінде дәрігерлер емделуші мінәжат еткенде денсаулығында едәуір оң өзгеріп болғанын көрген. Осылайша, намаз бен шипа арасында үлкен байланысты байқаған. Дәрігерлердің айтуында, науқас Құдайға жалбарынып, дұға ете бастағанда оның иммундық жүйесі күшейе түседі екен. Ал, енді жүйелі түрде бес уақыт намазын оқитын адамның денсаулығы қалай болмақ?!

Ал енді, намаздың дұрыстығы – дене тазалығы, киім тазалығы және оқитын орын тазалығымен болмақ. Үш деңгейлі тазалық. Тазалық – аурудан сақтанудың басты жолы екені мәлім. Намаз оқитын адам бес уақыт дәрет алады. Шаршауды басатын, дененің белсенділігін артыратын әдістің бірі жуыну. Демек, намаз – жанды толыққанды тыныштандыратын, он екі мүшенің белсенділігін арттыратын ешбір дәрі-дәрмек бермейтін денсаулықты сақтайтын бірегей құлышылық. Денсаулықты ретке келтіру үшін жүз мыңдаған ақша жұмауы мүмкін. Ал, намаз оқу үшін бар болғаны бір құмған мөлшерінде су және шынайы ниет қажет.

Дәрігерлер: Ауруды емес науқастың көңілін емде демей ме? Олай болса, ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеген дұрыс. Ал, ауырмаудың жолы – ешбір уақытыңызға кедергісі жоқ, ешбір ақша шығын етпейтін құлшылықта.


Төлеби қажы Оспан,

Ақтөбе облысының Бас имамы



[1] Ибн Мажа

[2] Тәубе сүресі, 103-аят.

[3] Ғанкабут сүресі, 45-аят.