Хромтау: Қасиетті айда басқосты
Қасиетті үш айды сүйіншілеп Ережеп айының келуіне орай, «Нұр» мешітінің және Ақжар ауылдық жамағатының қатысуымен іс-шара өтті.
Жиналған жамағатқа дастархан жайылып, ас берілді. Айтулы шараға арнайы шақырылған Ақтөбе қаласындағы «Сүлеймен ата» мешітінің ұстазы Қайрат Дәрменов жамағатты қасиетті айлардың басталуымен құттықтап, Рамазан, Шағбан және Ережеп айының қасиеті жөнінде мазмұнды уағыздар айтты.
«Асыл дініміз адамзатты әр уақытта бірлікке, ынтымақта өмір сүруге шақырады. Бүгіндей дініміздегі атаулы күндерде осылайша бас қосуымыз да осы еліміздегі мамыражай бейбіт өмірдің арқасында. Алла бізді осы ауызбіршілігімізден ажыратпасын. Ал қасиетті айлардың бастауы Ережеп айының орны мұсылман жамағаты үшін айрықша. Осы айда Ұлы Жаратушыдан «ұялу, имену, ұлылығына бас ию, ашуынан қорқу, тағзым ету» момын жанға мол сауап берер амалдар саналады. Тарихқа көз салсақ, бұл ай ислам келгенге дейін де қадірді болған, дін жеткеннен соң құрметі тіптен артты. Бұл айда жақсылық, ізгі істер жасаудың да маңызы өте зор» деді Дармен Қайрат.
Ауданның бас имамы Ерік Қонақбайұлы қасиетті айларда, әрбір бейсенбі сайын осындай кездесулер жасап, салиқалы отырыстар ұйымдастыру, көкейде жүрген көп сұрақтарға ортақ жауап іздеуге ұсыныс жасады. Бұл ұсыныс жамағаттың қолдауына ие болды. Отырыс барысында жалпы жамағат көптеген сұрақтар қойып, тұщымды жауаптар алды. Айта кетсек, берекелі отырыста оқу-ағарту бағытында жамағат арасында сұрақ-жауап ұйымдастырылды және сыйлықтар табысталды.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасқөз қызметі