Ақтық сапар 1033

Ақтық сапар

28 қазан 2021 4058 Оқу 1 минут

Қасиетті Құранда: «Жер бетіндегі барлық нәрсе фәни, яғни өткінші…» («Рахман» сүресі, 26-аят) делінген. Яғни күн мен түн сияқты, өмір бар жерде өлімнің болуы да хақ. Сондықтан әр мұсылман баласы бұны естен шығармай, әрқашан дайын болуы керек. Осы орайда біз облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің наиб имамы Нұрбол Смағұловпен адамды мәңгілік сапарға жөнелтудің жөн-жоралғысы жөнінде сұхбаттасқан едік. 

 — «Қазақта өлімнің жолы ауыр» деген сөз бар. Садақаға тойдағыдай анау айтқандай сын жоқтығы сондықтан. Дей тұрғанмен, осы рәсім туралы шариғатта не айтылған? 

— Кез келген іс шариғат бойынша болуы үшін ең алдымен Құран мен сүннеттің «таразысында өлшенеді». Хадистерде жазылғандай, адам баласы жан тапсырған соң үздіксіз барып тұратын амалдардың бірі — мына дүниеде марқұмның артында қалған жанашырлардың ол үшін жасаған дұғалары мен берген садақалары.

Ғұлама имам Бұхаридің тек сенімді хадистер жинақталған «Сахих» атты еңбегінде сахаба Абдулла ибн Аббастан мынадай хадис жеткізіледі: «Елден жырақта жүргенінде Сағид ибн Убаданың анасы қайтыс болды. Сонда ол Пайғамбардың (с.ғ.с.) алдына келіп: «Уа, Алланың елшісі! Мен сыртта жүргенде анам қайтыс болыпты. Енді оның атынан садақа берсем, оған сауабы тие ме?» — деп сұрады. Пайғамбар (с.ғ.с.) «Иә», – деді. Сонда Сағид (р.а.): «Олай болса, сізді куә қыламын, анамның атынан бағымды Алла жолында садақаға беремін», – деді».

Ана дүниеге аттанған пенде қанша жерден ізгі адам болғанымен, пайғамбар болмаған қарапайым пенденің күнә-қателіктері болады. Ал оны уайымдаған қазақ марқұмның артынан жетісін беріп, арасын суытпай қырқы және жылдық садақасын жасауы мәйіттің ақыреттегі жағдайын уайымдауын білдіреді.

Садақада жайылған дастарханнан желінген ас адам бойына күш-қуат беріп, қызмет жасауға, нәпақа табуға жұмсалады. Міне, сол дастархандағы астың сауабы марқұмға баратынын түсінгеніміз дұрыс.

Бала кезімізде әжелеріміз қайтқан кісінің садақасы, қырқы не жылдығынан тәттілер алып келетін. Соның мән-мағынасына үңіліп қарайтын болсақ, терең даналық жатыр. Әжесінің ұсынған кәмпит, бауырсағын қолына алған бүлдіршін езу тартып, жүзінде қуаныш пайда болады. Сол сәттегі баланың жүрегіндегі қуанышқа себеп болған амалдың сауабы да марқұмға баратынын біз кейін түсіндік. Сондай-ақ садақада айтылған тілектер мен дұғалар, оқылған Құран аяттарының сауабы мәйітке барады. Өз кезегінде айтылған ауыз иесіне де бұл пайдасын береді.

— Ақтық сапарға шығарып салу қалай атқарылуы керек? Рет-ретімен қысқаша тоқталсаңыз.

— Ең алдымен жаны шыққан марқұмның көзі ашық қалған болса, оны жұмып, жағы матамен таңылады. Жүзі құбылаға қаратылып, салқын жерге жатқызылады. Кейін қонақасын жасаған соң, ертеңгі күніне кебіні дайындалып, жуындыратын ыдыс-аяқтар, табыт және тазалық құралдары әзірленеді. Сонымен қатар, марқұмның жақындары жуындыруға дайын болуы керек. Жаназа намазы оқылатын уақыты хабарланып, халық жиналатын күні таңертең табыттың ішінде марқұмды арулап жуындырады. Кейін кебініне орап, кілем іспеттес қатты затқа салынып, намазы оқылатын жерге алып шығарылады. Имам жақындарынан марқұмның артында қалып кеткен қарыздары болса мойнына алуын сұрайды. Марқұмның өмірбаянына қысқаша тоқталып, насихат айтқан имам дәреті бар ер кісілермен жаназа намазын оқиды. Жаназа намазына қатысу үлкен сауаптар әкелетіні жайлы хадисте: «Қандай да бір мұсылман қайтыс болып, оның жаназасына Аллаға серік қоспайтын 40 кісі қатысса, марқұмға деген шапағаттары қабыл етіледі» делінген.Содан кейін алдын ала қазылып қойған қабірге жұмсақ әрі кең көлікке салып, ақырын жылдамдықпен апарылады. Алды-артынан басқа да мұсылмандар ілесіп отыруы сауапты іс болып табылады. Бейітке барған азаматтар мәйітті төрт жағынан белдеу матамен қазылған қабірге абайлап түсіреді. Денесін сәл оң жағына жантайтып, басын құбылаға қарату керек. Осылайша, қабірдің орта жағы топырақтың түсіп кетпеуін ұстап тұратын берік ағаштармен жабылады. Сосын қабірінен шыққан топырақпен түйенің өркешіндей бейнеде үйіліп көміледі. Қырық қадам аттаған соң мәйітке Құран аяттары бағышталады.

— Мәйітті арулап жуу, мұндағы жөн-жоралғы және оған жіберілетін жақын жандар туралы айтсаңыз.

— Мәйітті жуындыру үшін жылы су, медициналық қолғап, ақ мата, сабын, әтір, ожау, шелек секілді заттар керек. Мәйіттің денесі және басы бар болса немесе басы болып денесінің жартысы болса да, оны жуындыруға рұқсат. Ал денесі жанып-күйіп, су тигізуге болмайтын үзірлі жағдай болса, ол кісіге тәйәммүм жасаймыз.

Мәйітті жуындырғанда ең алдымен желкесінен көтеріп, оның қарны алақанмен жайлап басылады. Шыққан нәжістері арнайы алдын ала дайындалған маталармен су арқылы тазаланады. Әурет жерін жуғанда кіндігі мен тізесінің арасына мата жайылып, үстінен бір адам су құяды. Екінші адам қолымен матаның астынан жуады.

Содан соң мәйіттің бетін жуады. Мұрны мен аузын сумен жуу мүмкін болмағандықтан, матаны сулап сұқ саусақ арқылы ауыз бен мұрын қуыстары тазаланады. Егер шашы болса, сабын секілді затпен жуылады. Шашы болмаса тек сумен жуылады. Әр мүшені жуғанда 3 реттен жасау абзал. Кейін сол жағына жантайтып, басынан бастап арқа, қол, денесінен аяғына дейін жуылады. Кейін оң желкесіне жатқызылып, дәл солай қайталанады. Барлық жуу рәсімі аяқталған соң матамен барлық денесі кептіріледі. Соңында бастан-аяқ матамен жабылып, басы мен сақал тұсына, сәжде жасалатын мүшелеріне әтір себу сүннет болып саналады.

Марқұмды ең жанашыр деп есептелген жақындары жуындыруы тиіс. Өйткені жуындырған кезде мәйіттің денесінен көрінген кемшіліктер «сыртқа» шығып, сөз болып кетпеуі тиіс. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім мәйітті жуындырып болған соң оның кемшіліктерін жасырса, оны Алла қырық мәрте кешіреді» деген. Аталмыш хадистен тірі адам тұрмақ, өлген кісінің кемшілігін жасырып, сыр сақтаудың маңыздылығы мен ол істің күнәларды өшіретін амал екенін ұғамыз. Сол себепті дініміз бойынша о дүниелік болған мұсылман кісінің артынан тек жақсылық айтылады. Жуындыруға жанашырларын кіргізудегі екінші бір мақсат мәйіттің денесін жас нәрестенің денесін жуғандай абайлап, еш нәжіс қалдырмай тазалап жуу.

— Ал өлік шыққан үйдегі тәртіп қандай болуы керек? «Бір жұмаға дейін сол жерде қазан көтерілмеу керек, бұл аруаққа құрмет» деген пікір бар. Бұны кейбіреулер елемей жатады.

— Өлік шыққан үй ешқандай қарызға батпай, қолында барын дастарханға қойып, жетісі және одан кейін келетін кезекті құдайы ас, садақаларын жасау керек. Ал үйде бір жұмаға дейін қазан көтерілмеу керек деген сөзге келер болсақ, оны көршілері мен сырттан келген ағайындары мәйіт шыққан үй ес жиғанша оларға жәрдемші болып, ас-суын дайындау керек деген мағынада түсінсек болады.

— Сұхбат барысында осы рәсімде жіберілетін олқылықтарды да сөз етсеңіз. 

— Кейбір өңірлерде дінді шала білетін ағаларымыз мешіттен келген арнайы бұйрығы бар имам-молдамен сөзге келіп, мәйітті қабірге басымен не аяғымен кіргізу мәселесінде таласып жатады. Ал шариғатта қай жағымен кіргізсе де еш оқасы жоқ. Бастысы қазылған қабірге төрт адам матамен төртқұлаштап абайлап түсіріп, жатқызғанда оң жағын құбылаға қаратып, сәл оң жағына жантайта жүзін құбылаға қарату керек. Және де күрекпен топырақ тастаған кісі күректі келесі кісіге жерге қойып беру керек деген теріс түсінік қалыптасқанын да айта кеткеніміз жөн. Қабірге қарақағаз, шөп төсеу, мәйітті қабір басына апарған уақытта бос қабірге Құран оқыту, қабірді қымбат тастардан қалау, құлпытасқа сурет қою негізсіз.

— Қазіргі таңда қайтыс болған адамның отбасының дүйім жұртшылыққа алдымен қонақасы беруі әдетке айналды. Бұл дұрыс па? Қонақасы бұрын тек алыстан ат арытып келгендерге ғана берілмеуші ме еді?

— Қонақасы — шариғатта бұйырылмаған амал. Иә, дәстүрімізде қонақасы марқұмға топырақ салу, садақаға бата оқып, көңіл айту үшін алыстан келген ағайын-қонақтарға берілетін ас. Сондықтан қонақасына жаппай келу дәстүрімізде жоқ. «Біреудің кісісі өлсе, қаралы ол» деген еді хакім Абай. Жақындарынан айырылып, қайғырып отырған қаралы үйге тамақ әзірлетіп, кісі күттіріп әбігерге түсіру шариғатқа қайшы іс.

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Жаназа пәтуасы» атты еңбегі жарияланғаны белгілі. Кітаптың 31-бөлімінде былай делінеді: «Марқұмның отбасына көршілері тамақ дайындап берулері — сүннет. Оларға тіпті «тамақ алыңыз», — деп қолқалап отырса да болады. Өйткені, қайғылы жандар тамаққа қарамауы немесе ұялуы мүмкін. Себебі, Пайғамбарымыз (с.ғ.с) имам ат-Тирмизи және Хаким (р.а.) жеткізген хадисте: «Жағфар (р.а.) қайтыс болды» деген хабар келгенде: «Жағфардың үйіне тамақ апарыңдар. Оның отбасы шұғылданатын іс болып қалды (жаназа істері мен уайым, қайғы)», – деген. Демек, көрші-қолаңдары алыстан шаршап келген қонақтарға ас-суын ұсынуы керек.

Сондай-ақ мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, тек қонақ күтудің қамына кірісу – күнә. Ең әуелі мәйітті жуындыру, кебіндеу, жаназасын оқу және жерлеу істері мұсылман мойнындағы кезек күттірмейтін негізгі міндет екенін ұмытпағанымыз жөн.

— Енді дастархан мәзірі, ондағы сақталуы тиіс салт-дәстүрлерге кезек берсек. 

— 2017 жылы діни басқарманың Ғұламалар кеңесінің XV отырысында қабылданған «Жаназа һәм жерлеу рәсімдері» пәтуасының аясында конференция делегаттарының ортақ талқысына салынумен елімізге ортақ құдайы ас (садақа) мәзірі бекітілді. Соған сәйкес, құдайы ас дастарханына бауырсақ, жеті нан, тары, талқан (жарма), қаймақ, сары май сынды ұлттық тағамдарымызды және одан бөлек нан, құрма, қант, кәмпит, печенье, мейіз, өрік, шай, су және ыстық тамақ есебінде ет (немесе күріш) қою ұсынылды. Мақсат — тойға айналып бара жатқан дастарханға қойылатын ас мәзірін бірізділікке түсіріп, ысыраптың алдын алу.

Өкінішке қарай, қалалық жерде ысырап әлі де толастар емес.

— Ет жақындарына марқұмның заттарын, киім-кешектерін үлестіріп беру жайлы исламда қалай келтірілген? 

— Марқұмның жеке заттарын сақтау, оның киімдерін үлестіру мәселесі — еліміздің кей өңірлерінде ерекше көрініс тапқан әрекеттердің бірі. Тіпті, марқұмнан қалған соңғы естелік, иіс деп киім-кешектерін ешкімге бермей жүргендер де жоқ емес. Қасиетті шариғат марқұмның киімі мен жеке заттарын сақтамауды ескертеді.Асылы, киім, төсек жабдықтары, кітап, үстел-орындық, барлығы мұрагерлерге қалады. Олар өзара келісіп, киімдерін садақа ретінде таратса болады. Қалауына қарай сатып, ақшасын садақа қылып жұмсаса да құп саналады. Арасында марқұмның киімін киемін деп алып қалса да әбестік жоқ. Жалпы бұл істің барлығы тек мұрагерлердің рұқсатымен атқарылу керек.