Дос-жарандарды зиярат етуге болады ма? 1127

Дос-жарандарды зиярат етуге болады ма?

23 қараша 2021 218 Оқу 1 минут

«Өсіп-өну жолындағы адамның талап қылып ізденер қарызды ісінің алды – әуелі дос көбейтпек. Ол досын көбейтпектің табылмағы өзінің өзгелерге қолыңнан келгенінше достық мақамында болмақ. Кімге достығың болса, достық шақырады» (Абай).

Адам баласын қоғамнан бөліп қарау мүмкін емес. Оның жан дүниеcінде болатын күйініш пен сүйінішке айналасындағы адамдар тікелей әсер етеді. Материалдық дүниемен шектелген санаға бұл жайт түсініксіз болар. Алайда рухани өмірінде тоқырауға ұшырап, іштей күйзеліп жүрген адам мұның шын бағасын бере алады. Пенде іштегі шерін тарқататын адам іздейді. Себебі іштегі шер тарқамаса, санасында һәм ішінде болып жатқанды сыртқа шығармаса, ол қордаланып ақыры иесіне зиян тигізіп жатады. Қазіргі қоғамда сарапшы мамандардың айтуынша суицид дерті дендеп бара жатыр. Озық ойлы психологтар, қаншама «Нобель» сыйлығының иегерлері мұның емін таппай дабыл қағуда. Бұл «материалдық жағдайымызды түзетсек, нағыз бақытқа жетеміз» деген жалған қағиданың тігісі сөгілгенінің белгісі. Адамның жан-дүниесінде болып жатқан құбылыстарды ысырып, барлығын дүниемен өлшеген жерде осынау дерттер бой көрсететіні заңдылық.

Алайда іште қайнаған дүние қашанғы үнсіз жатады?! Бар назарды материалдық дүниеге бұрып, адамның «жан» атты шетсіз әлемін ұмыту өзін ұмытумен тең. Хазіреті Әли бір насихатында: «Өзіңді болмашы бір дене деп ойлайсың, алайда сенің ішінде алып әлем жасырынған», – дейді (Диуан Али ибн Әбу Талип).

Жақсы дос – нығмет

Жақсы құрбының маңызы зор. Іштегі күйзелісінді, сырларыңды айтып, шеpіңді қысылмай айтатын достың болуы – Алладан берілген үлкен нығмет. Мұсылман адам кез келген нығметтің қадірін біліп, оны бағалауы тиіс. Хал ілімінің ғалымдары: «Шүкіршілік тілмен шектелетұғын құлшылық емес. Нығметке шүкір ету үш түрлі жолмен болады. Олар:

Біріншісі: жүрекпен. Пайгамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шүкір ететін жүрекпен қамдан», – деп сахабаға насихат етуі бекер емес (имам Ахмад). Яғни хал деңгейінде адам баласының жүрегі шаттанып, Құдайдың бергеніне разы болып, басқаға көңіл бұрмайды.

Екіншісі: тілмен. «Аллаға сансыз шүкір, Кұдайға тәуба» секілді сөздермен пенде шүкірін білдіреді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мына төрт сөз Аллаға ең ұнамды. Субханалла (Алла кемшілік aтаулыдан ада), Әлхәмдулиллә (Аллаға сансыз мадақ болсын), лә иләһа иллалла (Алладан басқа тәңір жоқ), Аллаһy әкбар (Алла аса ұлық)» (имам Мүслім).

Үшіншісі: іс-әрекетімен. Яғни, Құдай берген қабілеттерін ізгілікке жұмсау арқылы бағалап, шынайы шүкір ете білу. Жақсы ата-ана, ізгі дос – Алланың үлкен нығметтері. Оны қадірлей білген адам Құдайдың басқа да сансыз нығметіне беленеді. «Егер шүкірлік етсеңдер, нығметімді арттырамын» деген аят осыған дәлел», – дейді ( «Ибрaһим» сүресі, 7-аят).

Дос-жаранды зиярат ету шүкірліктің үшінші түріне жатады. «Кұдайға тәуба» деумен шектелу бұл жерде жараспас. Досыңмен бір рет жүздесу мың рет хат алмасқаннан артық емес пе?! Қазақ «Көзден кеткен, көңілден кетеді» демеуші ме еді?! Кicінің жүзіне күліп қараудың өзі садақа болса, досыңды зиярат етудің cayабы һәм дүние мен ақыреттегі пайдасы мол болары сөзсіз.

Жүрегі бір деп соққан адамдар – нағыз достар

Адам ең алдымен өзінің сырларын ата-анасына айтады. Әке-шешесіне айтпағанды қасындағы достарына айтады. Сондықтан Хакім Абай «жақсы құрбыны» адамның адамдығына әсер ететін һәм ақыл әрі ғылымды үйренуіне септігін тигізетін жан ретінде қарайды. Әлеуметтану ғылымы адамдардың бір-бірімен қатынасын, оның шыққан жерін зерттейді. Неміс әлеуметтанушысы Ф.Теннис адамдардың қарым-қатынасын эмоционалды һәм рационалды деп екіге бөледі. Достықты эмоционалды жақындықтан туған деп есептейді. Яғни рационалды ойлау жүйесінің өлшемдері достықтың талаптарына сай келмейді. Демек адамның эмоциясын түсінетін, онымен бір толкында сөйлесе алатын жанның болуы маңызды. Әрине эмоция адамның сезімдерінен пайда болады. Оның бар болмысын материалдык тұрғыда караy әбестік. Себебі оны түсіндіріп болмайды. Осы кезде

қасиетті Құранға жүгінуден басқа шара қалмайды. Алла Тағала адамдардың бірігуі жүрекпен болатынын былайша баян етеді: «Оларды жұдырықтай жұмылған ынтымақты қауым деп ойлайсың, әйтсе де жүректері бытыраңқы» («Хашр» сүресі, 14-аят). Бұл аят мұсылмандарға қарсы соғысқан кәпір қауымға қатысты түскен. Сырттай біріксе де олардың сенімі сан-саққа жүгірген. Әсілінде адамдарды дүние, атақ, мансап сияқты сыртқы факторлар біріктіруі мүмкін. Алайда оның ұзақтығы сол факторлардың ұзақтығына тең. Бірде бар, бірде жоқ нәрсеге достықты құру ақылға қонымсыз. Ал жүректері бірдей соққан жандар өзінің пайдасын ойламай, ең алдымен сырласының көңілін табуға тырысады. Бір Алла деп соккан мүміндердің жүрегі көзге көрінбейтін таңғажайып байланыспен бірге болады. Мүмін бауырының халін өзіңдегідей сезініп мазасы қашады.

Сыддықтың достығы

Дос-жаран – сырлас, тату, рухани жакын адамдар. Пікірі мен мақсаты, арман-мүдесі ортақ, жақсы араласатын, қиын сәттерде бip-біріне қол ұшын берeтiн, туыстық жағынан алыс болса да, ниеттері жақын, сырлас, сыйлас, шынайы қатынастағы адамдар. Қазақы ортада дос – ізгі ниетті тілектес, жанашыр жақын aдамдар дегенді білдіреді.

Хазіретi Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) – алғаш иманға келген жандардың бірі. Ол – Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) жанкешті сахабасы, қиын-қыстау шақтарда қасынан табыла білген шынайы дос. Өзінің шынайылығынан бір сәт айнымаған Әбу Бәкірге Алла елшісімен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірге Мәдинаға көшу бақыты бұйырады. Екі достың көшуі оңайға соқпайды. Соңдарынан ерген қаскөйлер мен сахараның шыдатпас ыстығы бұл сапарды қиындата түседі. Сол уақытты сипаттап Хазіреті Әбу Бәкір (Алла оған разы болсын) былай дейді:

«Шіліңгір атап ыстықта, күн тас төбеге көтеріліп шақырайған кезде тамағымыз құрғап қалың шөл қыса бастады. Пайғамбарым (оған Алланың салауаты мен сәлемі балсын) кішіпейілдікпен маған жартылай суға толы торсықты ұсынды. Мен: «Уа, Расулалла! Ең алдымен өзіңіз ішіңіз», – дедім. Сонда Пайғамбарым әрі жан досым менің шөлім қанғанша ішті».

Нағыз достық осындай болса керек. Өзің қатты мұқтаж болған шақта әуелі досыңды ойлау неткен қасиет десеңізші!

Құдай Тағала досын зиярат еткен адамды сүйеді

«Зиярат» сезінің казак тіліндегі баламасы – қал-жағдайды сұрау үшін бару, арнайы көріп қайту деген мағыналарды камтиды. Зиярат ету – туыстар мен дос-жарандар және де басқа адамдар арасындағы байланысты нығайту мен сүйіспеншіліктің артуына себепші болатын амалдың бірі.

Aлла Тағала: «Mен үшін (Менің разылығымды көксеп) бір-бірін зиярат ететін, Мен үшін бір-бірін сүйген һәм Мен үшін бір-бірімен жүздескен пенделерге Менің махаббатым уәжіп болды», – деген (имам Ахмад).

Амалдың көркі – әдеп!

Досымен жүздесуге бара жатқан жолда бір кісіге періште кезігіп: «Сен ізгі амал жасадың. (Досыңа бара жатқан жолда) басқан қадамдарың игі қадам болып, өзіңе жәннаттан орын дайындадың», – дейді (имам Термизи). Осынау сауаптың барын біле тұра мүмін адам осы амалға қалайша асықпасын?!

Алайда албырт көңілмен ізгілік жасаймын деп адам досымен арасын суытып алады. Сондықтан Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: «Байсалдылық – Алладан. Асығыстық – шайтаннан», – дейді (имам Байһақи). Осы жерде көмекке әдеп атты асыл дүние келеді. Әдепті мұсылман – қоғамның көркі. Оның амалдарына көрік беретін – әдеп.

Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахаба Әбу Һұрайраға былай дейді: «Уа, Әбу Һұрайра! Бауырларыңды аракідік зиярат етіп тұр – сүйіспеншіліктерің артады» (Самарқанди).

Сол секілді халқымызда «Темірді тот жейді, адам жанын сағыныш жейді» деген мақалдар бар. Яғни біраз сағындырып барып көрісу, көзге күйік болғаннан абзал. Даналар айтады: «Көңілден кетпейін десең, көзден кетпе, ығыр болмайын десең көзге күйік болма» (Самарқанди).


«Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабынан

 (Нұр-Сұлтан, «Muftiyat» баспасы, 2021 жыл)