Есет-Дәрібай кесенесіне «Зиярат ету әдебі» қойылды 2779

Есет-Дәрібай кесенесіне «Зиярат ету әдебі» қойылды

15 маусым 2023 262 Оқу 1 минут

«Ислам және ізгі қоғам жыл» аясында Шалқар ауданы, Бегімбет ауылының имамы Нұрдаулет Әуезовтың ұйымдастыруымен Есет Көтібарұлы кесенесінің жанына «Зиярат ету әдебі» тақтайшасы ілінді.

Сонымен қатар имам ауыл жамағатына кесене мен қабірге зиярат етудің шарттарын түсіндірді.

Одан өзге «Дархан дала» жобасы аясында Есет батыр Көтібарұлы зиратында болып, Құран бағыштады.

Зиярат жасау барысында жамағатқа Нұрдәулет Әуезов: «Бір ғұлама «Халықты оятқың келсе, оның тарихын оят» деген екен. Біз жастарды құлшылыққа құлшындырып қана қоймай, оларды тарихымызбен де тәрбиелеуіміз керек. Біздің тарихымыз тәлім мен тағылымға толы. Талай тұлғаларымыздың өмірі өнеге болып қалды. Ендеше, оны көбірек насихаттауымыз керек»,-деп атап өтті.

Айта кетсек, Есет-Дәрібай кесенесі – XIX ғасырда өмір сүрген халық батыры Есет Көтібарұлына (1803-1889) тұрғызылған ескерткіш. Ол облыстың Шалқар қаласынан 65 км жерде. Кесененің бірінші нұсқасы 1890 жылы төртбұрышты шикі және күйген кірпіштен күмбезбен өріліп, қабырғалары әшекейленіп салынған. Бірақ уақыт әсерімен құлаған. Шалқар өңірі халқының бастамасымен бұл кесене екінші рет, қазіргі заманның сәулет өнерінің талаптары ескеріліп, ұлттық нақышпен 1993 жылы қайтадан салынды. 

Кесене құбылаға қарағанда оң жағындағысы –  інісі Дәрібайдың тамдарынан тұрады. Осы екі тамның ортасында биік шырақ мұнарасы бар. Бұлардың аумағына тас төселген. Әрбір там жанында құлпытастар орнатылған. Есет пен Дәрібай тамдарының әр біреуінің сыртқы өлшемі 7х7м, ішкі өлшемі 6х6м, биіктігі 8 метрден. Олардың бірінші деңгейі 4 метр биіктікте, одан жоғары 4 метр биіктікте мазардың күмбезі бар. Екі тамның ортасындағы мұнараның биіктігі 16 метр. Мұнара бойындағы мрамор тақтаға сол кездегі тарихи тұлғалардың аттары жазылған. Кесене республикадағы тарихи ескерткіштер қоғамының есебіне алынды.


Ақтөбе облыстық орталық 

«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі