Дін дәстүрге қайшы ма? 870

Дін дәстүрге қайшы ма?

23 қыркүйек 2021 145 Оқу 1 минут

Қоғамда түрлі көзқарастардың қалыптасуы заман өте адамдардың қалыпты дағдысына айналып, тұрмысы және әдебімен астасып отырады. Қалыптасқан қағидалар електен өту арқылы халықтың өмірлік мәніне, ал осы қағидалардың озығы ғана салт пен санаға, дәстүр мен ғұрыпқа айналады.

Тұрмыс-тіршіліктің тұтастай бөлігі болған салт-дәстүр әр халықтың өзіндік болмысына сай, ұлттық сипатына негізделеді. Сонымен бірге, сенім тұрғысынан түрлі заңдылықтардың қалыптасуы да орынды. Адамзат тарихында бір Аллаға табынған, от пен суға сиынған, жануар мен жансыз дүниелерге бас ұрған түрлі қауым өкілдері өтті. Дегенмен, ақиқат тұрғысынан Хақ Тағалаға сыйыну ақыл иелерінің ісі.

Жалпы, дін дегенде өзіміздің түп-тамырыздан келе жатқан ислам діні қандай да бір халықтың салт-дәстүріне қандай көзқараста? Дін дәстүрге қарсы ма? Дәстүр мен дін бір жерде көрініс тауып, үндесе алуы мүмкін бе? Міне, көпшіліктің көкейінде осындай сұрақтардың туындап отыратыны мәлім.

Біріншіден, Қасиетті Құранда Алла Тағала: «Ғафу жолын ұста, ғұрыппен әмір ет және надандардан теріс айнал», – деп бұйырған. Яғни, Алла Елшісіне пайғамбарлық түскен уақытта да арабтардың өмірінде түрлі салттар мен дәстүрлер жетіп артылды. Адамдық сипаттан ада қыз баланы тірілей көму секілді сұмдық ғұрыптар өршіп тұрды. Сол себепті Ислам діні бейбітшілік әрі мейірім діні болғандықтан мұндай озбыр нәрселерге тыйым салды. Осы орайда, Абдулла ибн Ахмад ән-Нәсәфидің: «Ғұрып пен әдет дегеніміз адамдардың көңілдерінде ақылға қонымды болып орныққан, адам табиғаты қабыл алатын нәрселер,» деген сөзі осы мәселеге тұздық болады. Екіншіден, өзгелер емес өзіміздің қазақ халқының салт жоралғыларына аса мән беріп қарасақ, тұнып тұрған асыл дініміздің шариғаты. Демек, дін-дәстүрдің өзегі деуімізге негіз бар. Сөзіміз дәлелді болу үшін қарапайым ғана ауыз әдебиетімізді мысал етсек, әдетте бір мақал- мәтелдің өзінде көп астарлы ой жатады. Ал, бұл дегеніміз – аз сөзге көп мағына сыйғызу деген ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздан (с.а.с) қалған өнеге. Мәселен, «Кімде-кім ризығы артып, өмірінің ұзарғанын қаласа, туыстармен қарым-қатынасын үзбесін» деген хадисті алсақ, оған сыңар болып «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген мақал шыға келеді. Немесе «Аллаға және ақырет күніне сендім деген адам көршісін сыйласын...» деген хадиспен «Көрші ақысы тәңір хақысы» деген мақал үндесе кетеді. Осы секілді көптеген мысалдарды келтіре беруге болады.

Үшіншіден, ұлттық болмысымыздағы басым қасиеттердің бәрі дініміздің қайнар бұлағынан.

Аталған қасиеттерге тоқталсақ, бірінші – ілім-білімге ынталы болу үшін баласын жастай молдаға беріп, әр қазақ ауылында мешіт-медреселер діңгегінің болуы қазақ қоғамындағы «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» деген қағиданың қалыптасуына жол ашты десек артық айтқандық емес. Ал екіншісі – қазақ халқының «Малым жанымның садағасы, арым жанымның садағасы» деп ар-ұят мәселесіне мән беруі де «Ұялмасаң білгеніңді істе» деп келетін Пайғамбар мектебінен десек болады.

Одан өзге үшінші қағида – ұлтымыз ел мен жердің амандығы үшін қасық қанын қиюы, аманатқа қиянат жасамай Алла Елшінің үйреткен «Отанды сүю—иманнан» деген үлкен тәлімінен десек болады. Мінекей, осы секілді толассыз мысалдар келтіре берсек дініміз бен дәстүріміздің қайнары ағыла шыға бермек. Дегенмен де, асыл дініміздің қағидаларына қарсы келер әдет-ғұрыптар сол заманда-ақ, сүзгіден өтіп отырған. «Дәстүрдің озығы бар,тозығы бар» деп бабалар сол мезеттен-ақ ұрпағына ұғындырып отырған. Ал, озық дәстүр мен тозған дәстүрді ажырата білу үшін әлбетте біз дінімізді білуіміз қажет.

Бүгінгі таңда, білімсіздік салдарынан дәстүрді дінге қарсы қойып, дұрыс нәрсені бұрмалау арқылы қисық пікір қалыптастырып жүрген жандар да жоқ емес. Оның басым көпшілігі —жастар. Себеп, ұлттық дәстүр-салтымыздың негізінен хабары жоқ болған соң, екі ауыз сөздің соңынан еріп, әдет-ғұрпымыздың нағыз тереңін емес, бетіндегі көрінген жерін өз түйсіктеріне салып қаралауға түсіп қалуда. Бұл да, сонау отарлық езгінің бүгінге дейін жетіп келе жатқан салдарының да әсері бар десек қателік болмас.

«Дінді білмеген дымды білмейді» деген даналар дәстүрлі ислам дініміздің қаншалықты маңызды екенін ұрпағына жастайынан ұқтырған. Дін —адамды рухани өсіріп дамытса, дәстүр– сол дамудың мектебі. Дәстүр-ғасырлар бойы қалыптасқан, өз реңін жоғалтпаған бәйтерек болса, дін – оның ажырамас тамыры. Ендеше, дін бар жерде – дәстүр бар, дәстүр бар жерде –дін қатар жүретінін ұмытпағанымыз абзал.

Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуелсіздігіміз баянды болсын!


Нұрлыбек Шакизадаұлы

Ақтөбе қалалық орталық мешітінің Бас имамы