МЕШІТ – ИМАНДЫЛЫҚ ҰЯСЫ 1978

МЕШІТ – ИМАНДЫЛЫҚ ҰЯСЫ

11 тамыз 2022 78 Оқу 1 минут

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

  Аса рақымды ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын.

Асыл дініміз Исламның ең үлкен құндылықтарының бірі – мешіт. Мешіт сөзі тілдік тұрғыда «масжид» сөзінен шығып, «сәждеге бас қоятын орын» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатымызда: «Аллаға иман келтірген мұсылмандар жиналып намаз оқитын, өзге де құлшылықтарын жасайтын қасиетті мекен» деген ұғымды білдіреді. Мешітті көңілі жабырқау жандар пана тауып, өмірден тауқымет көріп, қиналып жүрген адамдар демеу көретін жер деп те атауға болады. Сол себепті де мешіт деген кезде ең әуелі оның сыртқы зәулім көрінісі ғана емес, адам жүрегін рахатқа кенелтіп, жан-дүниесін қанаттандырып жіберетін рухани жағы ерекше аталуы тиіс.

Мешітте дүние ісімен емес Алланы ұлықтаумен, Алланы еске алумен айналысуымыз керек. Мешіттің ұлылығы мен маңыздылығын, жер бетінде алғаш тұрғызылған үй ол – мешіт болғандығынан да көруімізге болады. Ешқандай үй жоқ кезде, ең алғаш Алла Тағала Меккедегі өзіміз қажылыққа барып, тауаф жасайтын қағбаны салдырған еді. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 96-аятында:

إِنَّ أَوَّلَ بَيْتٍ وُضِعَ لِلنَّاسِ لَلَّذِي بِبَكَّةَ مُبَارَكًا وَهُدًى لِّلْعَالَمِينَ

«Негізінен адам баласы үшін Меккеде алғаш құрылған үй (Қағба) бүкіл әлемге мүбарак және тура жол», – деп айтқан.

Мұсылмандар һижрадан бұрын намазды көбінесе үйлерінде немесе өзге де ыңғайлы жерлерде оқитын. Мәселен, әйгілі сахаба Әркамның үйі Исламды үйрету орталығы әрі мешіт ретінде пайдаланылған. Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) иман келтіргеннен бастап мұсылмандар қағбада намаз оқи бастады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Меккеден Мәдинаға қоныс аударған кезде ең бірінші қолға алған ісі де осы мешіт салдыру болатын.

Мұсылмандар мүмкіндігінше мешіт жоқ жерде мешіт салдыруға тырысады. Өйткені мешіт салу – Алла Тағаланың сүйген құлдары пайғамбарлар шұғылданған қасиетті іс. Алла Тағала қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 18-аятында:

إِنَّمَا يَعْمُرُ مَسَاجِدَ اللَّهِ مَنْ آَمَنَ بِاللَّهِ وَالْيَوْمِ الْآَخِرِ وَأَقَامَ الصَّلَاةَ وَآَتَى الزَّكَاةَ وَلَمْ يَخْشَ إِلَّا اللَّهَ فَعَسَى أُولَئِكَ أَنْ يَكُونُوا مِنَ الْمُهْتَدِينَ

«Алланың мешіттерін шынайы түрде Аллаға иман келтіріп, ақырет күніне сенген, намазды толық орындаған, зекет берген және Алладан ғана қорыққан кісі тұрғызады. Міне, солардың тура жол табушылардан болулары үміт етіледі», – деп айтқан.

 

Аталмыш аяттағы «кісі тұрғызады» (يَعْمُرُ) сөзіне қатысты ғалымдар түрлі көзқарас білдірген. Бірі бұл сөзді: «мешітте болу, мүмкіндігінше мешітте көп уақыт өткізу» дегенді білдіретінін айтса, енді бір көзқараста мешіттің ғимаратын тұрғызу, оны жөндеу, мұсылмандарға қызмет етіп тұруына жағдай жасау екендігі айтылған. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَنْ بَنَى مَسْجِدًا بَنَى اللَّهُ لَهُ مِثْلَهُ فِي الْجَنَّةِ

«Кімде-кім Алла үшін мешіт салса, Алла Тағала оған тура сондай етіп, жәннатта бір үй тұрғызады», – деген (имам Бұхари, Муслим).

Қазақ жерінде де мешіт салу кейбір ғасырлардағы жаугершілік, шапқыншылыққа ұшыраған кезеңдер болмаса, тоқтаған емес. Тарихымыздағы ең көне мешіттер ретінде 893-жылы Тараз шаһарында салынған мешіт, кезінде Кедер деп аталынған қазіргі Құйрықтөбеде болған мешіт, Маңығыстаудағы IX-X ғасырларда салынған Шақпақ ата мешіттері саналады. Жалпы Испиджап, Баласағұн, Фараб, Сығанақ сияқты көне қалаларымызда көптеген небір зәулім мешіттер болғандығына тарих куә. Қожа Ахмет Яссауи бабамыз салдырған (қылует) жертөле мешітінен бергі Құнанбай бабамыздың салдырған мешіттеріне назар аударсақ мешіттердің халқымыздың өмірінде қаншалықты үлкен маңызға ие болғандығын түсінеміз.

Ендеше, күмбездерінен азан үні естілген, мұсылмандығымыз бен имандылығымызды паш етіп тұратын мешіттердің рухани дамуымызға тигізетін пайдалары өте көп. Қасиетті Құранның аяттары мен ардақты Пайғамбарымыздың хадистерінде мешіттердің мынадай артықшылықтары жөнінде айтылған:

 

Бірінші: Мешіт – Алланың үйі

Мешіт – адамның жүрегі тыныштық тауып, жаны ерекше рухани ләззаттқа бөленетін қасиетті орын. Анығында, бүкіл мүлік Жаратушымыз Алла Тағаланікі. Соның ішінде мешіттерге үлкен құрметті білдірту үшін оларды «Алланың  үйлері» деп атаймыз. Алла Тағала қасиетті Құранда:

وَأَنَّ الْمَسَاجِدَ لِلَّهِ

«Шын мәнінде мешіттер Алланікі», – деп айтқан («Жын» сүресі, 18-аят).

Бұқар жырау бабамыз да осы мағынада: «Хақтың үйі мешітті, Ақты Құдай шешіпті», – деп мешітті «Хақтың үйі» деген атаумен атаған.

Мұсылман адамның мешіттерді сыйлап, құрметтеуі – оның Жаратушы Алла Тағалаға деген құрметін білдіреді. Сол себепті де әрбір мұсылман мешітті бар ынта-пейілімен жақсы көріп, құрметтеп,  онда барғанда мешіт әдептерін сақтауға тырысуы қажет. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

أَحَبُّ الْبِلاَدِ إِلَى اللهِ مَسَاجِدُهَا

 «Алла Тағаланың жер бетiнде ең жақсы көретiн орны – мешiттері», – деген (имам Ибн Хиббан).

Мешітке келушілер – Хақ Тағаланың қонақтары саналады. Алла Тағаланың үйін құрметпен зиярат етуші, ақыретте құрметке бөленушілерден болады.  Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

إِنَّ بُيُوتَ اللهِ فِي الأَرْضِ الْمَسَاجِدُ، وِإِنَّ حَقًّا عَلَى اللهِ أَنْ يُكْرِمَ الزَّائِرَ

«Ақиқатында, мешіттер – Алла Тағаланың жер бетіндегі үйлері. Сондықтан да Хақ Тағала Өз үйін зиярат етіп келген пендесін құрметтеп жіберуге ақылы», – деген (имам Табарани).

Халқымыздың «Ағайынға жағам десең қазанды бол, Аллаға жағам десең азанды бол» деп айтқанындай, азан айтылатын мешіттердің болуы – сол елді- мекенге ырыс пен береке алып келеді.

Шынайы мүмін мешітті жақсы көріп, оның ішінде болғанда өзін судағы балық сияқты сезінеді. Шыққаннан кейін қайта баруды аңсап тұрады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақыретті аршының көлеңкесінде болатын жеті адам тобын айтқанда, соның бірі:

وَرَجُلٌ قَلْبُهُ مُعَلَّقٌ فِي الْمَسَاجِدِ

«Жүрегі мешіттерге байланған адам», – деген.

 

Екінші: Мешіт – тәрбие ошағы

Мешіт – тек құлшылық орны ғана емес. Мешіт – білімнің, мәдениеттің, тәрбиенің орны. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде Медине қаласындағы салынған мешіт ғимаратына үйсіз-күйсіз, жалғыз-жарым қалып қойған мұсылмандар үшін қосымша тағы бір үй жапсарластырыла тұрғызылған болатын. Бұл үйге орналасқандар, негізінен, діни ғылым-білім үйренетін. Олар: «асхабус-суффа» деп аталады. Басқаша айтқанда бұл үй мұқтаж мұсылмандар тегін жатып оқитын медресе іспеттес еді. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оларды ерекше назарда ұстайтын. Ауқатты мұсылмандар оларға жәрдем беріп, ас-суына қарасып тұратын. Осы үйден білім алған мұсылмандар төңіректегі елді-мекендерге Ислам дінін насихаттап үйретуге жіберіліп тұратын.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мешітте адамдарға әрдайым жақсылықты үндеп, білмеген нәрселерін үйретіп, оларды парасаттылық, мәдениеттілік, әдептілік атты қасиеттерге тәрбиелейтін.   Хадисте келгеніндей Пайғамбар заманында діннен хабарсыз бір бәдәуи мешітке келіп, дәрет сындыра бастайды. Адамдар орындарынан тұрып оны тоқтатпақшы болғандарында Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) оның бұл істі білмей істеп жатқанын ескеріп: «Оған тимеңдер, оның нәжіс қылған жеріне шелекпен су құйыңдар. Өйткені сендер қиыншылық жасауға емес, жеңілдік жасауға жіберілдіңдер!» – деп, білмеген ісін әлгі кісіге жұмсақтықпен түсіндіріп, ал сахабаларына адамдарға қалай дұрыс насихат жасаудың жолын үйреткен.

Пайғамбар заманында адамдар үйіне келгендерінде, әйелдері олардан: «Бүгін мешіттен не нәрсе үйреніп келдің?» – деп қарсы алатын болған. Сондықтан да мешіт білімнің, тәрбиенің орны. Мешітке келетін әр адам намаз оқып, құлшылық жасаумен қатар қасиетті Құранды дұрыс оқу ережесін, оның мән-мағынасы мен тәпсірін, дініміздің көркем әдебін үйренуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

مَا اجْتَمَعَ قَوْمٌ فِي بَيْتٍ مِنْ بُيُوتِ اللَّهِ يَتْلُونَ كِتَابَ اللَّهِ وَيَتَدَارَسُونَهُ بَيْنَهُمْ إِلَّا نَزَلَتْ عَلَيْهِمُ السَّكِينَةُ وَغَشِيَتْهُمُ الرَّحْمَةُ وَحَفَّتْهُمُ الْمَلَائِكَةُ

«Егер адамдар Алланың үйлерінің ішінен бір үйде жиналып Құран оқып, оны үйренетін болса, оларға әлбетте тыныштық түседі және оларды рахымшылық бүркеп, періштелер қоршауына алады», – деген (имам Муслим).

Ислам тарихына үңілер болсақ мешіттерде шариғат ілімдерімен қатар медицина, математика, астрономия секілді жаратылыстану пәндері де оқылғанын көреміз. Қазақ жерінде де мешіттер ғибадат орыны болуымен қатар ағартушылық рөлді де атқарған. Оған дәлел ретінде кезіндегі халық қызметінде болған ардақты тұлғаларымыздың өмір баянын оқи қалсақ: «Алғаш ауыл молдасынан сауатын ашқан», «Ауыл молдасынан хат таныған» деген сөздерді жиі кездестіруімізге болады.

 

Қисса

Бірде Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын) Мединенің базарында жүріп, ондағы адамдарға: «Уа халайық! Сендерді не нәрсе әлсіреткенін білесіңдер ме?» – деп сұрады. Адамдар: «Уа, Әбу Һурайра! Не болып қалды?» – деді. Әбу Һурайра: «Ана жақта Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мирасы таратылып жатыр. Ал сендер болсаңдар мұнда жүрсіңдер. Барып өздеріңе тиісті несібелеріңді алмайсыңдар ма?» – деді. Адамдар: «Ол мирас қай жерде таратылып жатыр?» – дегенде: «Мешітте», – деп жауап береді. Мұны естіген адамдар асыға мешітке қарай жүгіре жөнеледі. Әбу Һурайра болса (Алла оған разы болсын) олардың қайтып келгенін күтіп тұрды. Олар қайтып келгеннен кейін: «Біз мешітке барып, ішіне кірдік. Алайда, ол жерде бірдеңе таратылып жатқанын көрмедік», – дейді. Әбу Һурайра олардан: «Сонда мешіттен ешкімді көрмедіңдер ме?» – деп сұрайды. Олар: «Жоқ, көрдік. Онда біреулер намаз оқып жатса, біреулер Құран оқып жатты. Ал, біреулер өзара халал мен харам жайында әңгімелесіп жатты», – дейді. Сонда Әбу Һурайра (Алла оған разы болсын): «Сөзімнің мәнісін түсінбегендерің қандай өкінішті! Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сендерге қалдырған мирасы сол емес пе?» – деген екен.

 

Үшінші: Мешіт бірлік пен ынтымақ мекені

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Мекке қаласынан Медине қаласына көшіп барғаннан кейін ең бірінші қолға алған ісі мұсылмандардың барлығын туыс әрі бауыр деп жариялады, сонымен қатар мешіт салдыртты. Бұл кездейсоқтық емес. Өйткені мешіт – адамдардың құлшылық жасап, рухани дамып, сонымен қатар өзара бауырмалдық, ынтымақ пен бірлігін арттыратын қасиетті орын. Пайғамбар мешіті салына сала түрлі ұлт пен ұлыс өкілдері ат басын тірейтін, екі адам дауласып қалса төрелік жасайтын, жоқ-жітік, міскіндерге жәрдем берілетін, халыққа насихат айтылатын рухани орталыққа айналды. Осылайша Пайғамбар мешіті мұсылмандар бас қосатын киелі ордағы айналды.

Ал мешітте тек белгілі бір адамдар тобына арнап салып, мұсылмандардың арасын бөлуге шариғатымыз тыйым салады. Ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінде Құба мешітіне жақындау жерге екі жүзді мұнафиқтар ерекше мешіт салдырады. Мақсаттары мұсылмандар арасында бүлік шығарып, бірлік-ынтымақтарына сызат түсіру еді. Мешіт біткеннен кейін олар ардақты Пайғамбарымызды (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) шақырып, намаз оқитындарға имам болуды, мешітті берекеге айналдыруды сұрайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ол кезде Тәбукке дайындалып жатқандықтан, тілектерін қабыл алмайды. Тәбуктен қайта оралғанда олар қайта келіп, тағы өтініштерін білдіреді. Дәл осы кезде олардың бетперделерін ашып, екіжүзді екендіктерін, мұсылмандарға зиян келтіруге тырысып жатқандығын білдіртетін арнайы аят түседі. Алла Тағала ол турасында қасиетті Құранның «Тәубе» сүресі, 107-108-аяттарында:

وَالَّذِينَ اتَّخَذُواْ مَسْجِدًا ضِرَارًا وَكُفْرًا وَتَفْرِيقًا بَيْنَ الْمُؤْمِنِينَ وَإِرْصَادًا لِّمَنْ حَارَبَ اللَّهَ وَرَسُولَهُ مِن قَبْلُ وَلَيَحْلِفُنَّ إِنْ أَرَدْنَا إِلاَّ الْحُسْنَى وَاللَّهُ يَشْهَدُ إِنَّهُمْ لَكَاذِبُونَ. لاَ تَقُمْ فِيهِ أَبَدًا

«Кейбіреулер зиян келтіру, күпірлікті күшейту, мұсылмандар арасына жік салу үшін, бұрыннан Аллаға және оның Елшісіне қарсы тұрған адамның келуіне дайындық үшін мешіт салып, «Тілегіміз тек қана игілік» деп ант су ішеді. Ақиқатында, олардың асқан суайт екендігіне Алла айғақ болады. Ол мешітте, әсте, намаз оқушы болма», – деп айтқан.

Осы ескертуден кейін Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше адам жіберіп, әлгі үйді құлатқызып тастады.

Сол себепті де мешіт адамдардың арасын бөлетін емес, оларды бірлік пен татулыққа, сыйластық пен сүйіспеншілікке шақыратын орын. Алла Тағала құдси хадисте:

إنَّ أحَبَّ عِبادِي إلَيَّ الَّذِينَ يَتَحابُّونَ فِيَّ والَّذِينَ يَعْمُرُونَ مَساجِدِي، والَّذِينَ يَسْتَغْفِرُونَ بِالأسْحارِ، أُولَئِكَ الَّذِينَ إذا أرَدْتُ بِخَلْقِي عَذابًا ذَكَرْتُهُمْ، فَصَرَفْتُ عَذابِي عَنْ خَلْقِي 

«Расында құлдарымның ішіндегі Маған ең сүйікті болғандары: Мен үшін бір-бірін жақсы көрген, Менің мешіттерімде болуды әдет еткен және де таң сәріде Менен жарылқау тілегендері», – деген (имам Байһақи).

Асыл дінімізде жеке оқылған намаздан жамағат намазының жиырма жеті есе сауабының артық болуының бірі сыры да адамдар бір-бірлерін жиі көріп, дидарласып, қал-жағдай сұрасып, қиналғандары болса жәрдемдесіп, өзара береке-бірліктерінің артулары үшін. Сонымен қатар мұсылмандардың аптасына бір мәрте жұма намазында мешітке барып, жиналып, жұма намаз оқулары парыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Жұма» сүресі 9-аятында:

يَا أَيُّهَا الَّذِينَ آمَنُوا إِذَا نُودِيَ لِلصَّلاَةِ مِن يَوْمِ الْجُمُعَةِ فَاسْعَوْا إِلَى ذِكْرِ اللهِ وَذَرُوا الْبَيْعَ ذَلِكُمْ خَيْرٌ لَّكُمْ إِن كُنْتُمْ تَعْلَمُونَ

«Уа, иман еткендер! Жұма күні намаз үшін азан айтылған кезде, дереу Алланы еске алуға ұмтылыңдар. Әрі сауданы қойыңдар, егер білген болсаңдар, бұл сендер үшін жақсы», – деп айтқан. Жылына екі мәрте айт намазында да көпшілік болып жиналуымыздың мән-мағынасы осындай.

Ендеше, мешіт – ұлтты ежелден ынтымаққа ұйытатын, бірлігін арттырып, рухани байытатын қасиетті мекен.

 

Қадірменді жамағат!

Бағзы замандардан бабаларымыздың қастер тұтып, атадан балаға аманаттап, қалдырған асыл қасиеттері-имандылық, әділеттілік, ізгілік, мейірімділік мұраттарын жастарымызға жеткізуде, дұрыс дүние тәлім-тәрбие беруге мешіттердің үлесі ұшан-теңіз. Сол себепті де мұсылман адам мешіттерді барынша құрметтеп, онда барып ғибадат-құлшылық жасап, тәлім-тәрбие үйреніп, жүрегінің әрдайым құлшылық орнымен рухани байланыста болуына назар аударады. Атақты сахаба Әбу Дарда (Алла оған разы болсын) Салман Фарсиге (Алла оған разы болсын) жазған хатында былай деген:

يا أخِي، لِيَكُنِ المَسْجِدُ بَيْتَكَ؛ فَإنِّي سَمِعْتُ رَسُولَ اللَّهِ ﷺ يَقُولُ: المَسْجِدُ بَيْتُ كُلِّ تَقِيٍّ، وقَدْ ضَمِنَ اللَّهُ لِمَن كانَتِ المَساجِدُ بُيُوتَهم بِالرَّوْحِ والرّاحَةِ، والجَوازِ عَلى الصِّراطِ إلى رِضْوانِ الرَّبِّ

«Уа бауырым! Мешіт сенің үйің болсын! Расында мен Алла Елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Мешіт – әрбір тақуаның үйі. Үйі мешіт болған пендесіне Алла Тағала Өз тыныштығы мен рахметін нәсіп етеді. Сонымен қатар сырат көпірінен жәннатқа аман өтуіне кепіл болады», – деп айтқанын естідім (имам Байһақи).

Алла Тағала мешіттерімізді көркейтіп, ішінің жамағатқа толуын нәсіп етіп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!