ТАРАУЫҚ НАМАЗЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ 1554

ТАРАУЫҚ НАМАЗЫНЫҢ ТАҒЫЛЫМЫ

19 сәуір 2022 140 Оқу 1 минут

Алла Тағала мұсылманның өміріндегі маңызды сәттердің, мереке күндердің бастауын, тіпті өмірінің соңғы сәтін де намазбен байланыстырып қойған. Мәселен, некесін енді ғана қиған жас жұбайлардың екі рәкағат нәпіл намаз оқуы, Ораза және Құрбан айт мерекелерінің намазбен басталуы, қайтыс болғанда марқұмды ағайын-туыс, дос-жаранның жаназа намазын оқып шығарып салуы сөзімізге дәлел болады.

Сол секілді құлшылықтың ең үлкені саналатын Рамазан айының оразасы да намаз оқумен басталады. Ол – Рамазанның алғашқы түні құптаннан кейін, үтірден бұрын оқылатын 20 рәкағат тарауық намазы. Шариғаттағы үкімі – бекітілген сүннет. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабаларын тарауық намазын оқуға қызықтырған, бірақ міндеттемеген. Бұл намазды ер кісілер мешітте жамағатпен, ал әйел адамдар үйінде жеке оқығаны абзал.

Тарауық намазында Құрандағы қысқа сүрелерді оқуға болады. Дегенмен мұсылман әлемі әуелден тарауық намазын мешітте Құран хатыммен өткізуді ұнамды әдетке айналдырған. Ал біз аталмыш құлшылықтың басқа намаздардан ерекше тұстарын тізіп өтуді жөн санадық.

Сабырлыққа үйретеді. Негізі адамның сабыры үш жағдайда сыналады және шыңдалады екен. Олар: тағдырындағы үлкенді-кішілі сынақтарға сабыр ету, құлшылық жасаудағы сабыры және күнәға қарсы сабыр қылу. Сынаққа сабыр етудің басты шарты – соққының алғашқы сәтінде сабыр ету болса, күнәға қарсы тұрудағы сабыры одан бойын мүлдем аулақ ұстау, жақындамау. Ал құлшылықтағы сабыры барлық шарттарын уақытылы және тиянақты орындаумен өлшенеді.

Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бір хадисінде «Ораза – сабырдың жартысы» дейді. Күндіз ораза ұстап, күнәдан өзін барынша қорғаған адам ауызашардан кейін жамағатпен немесе жеке 20 рәкағат намаз оқиды. Әсіресе хатым жасалатын тарауыққа қатысып, аяғы талғанша намаз оқу мұсылманның сабырын одан ары шыңдай түседі. Құптан намазының парызы мен сүннеті, тарауықтан кейінгі үтір уәжіпті қосқанда 29 рәкағат намазды бір ай бойы атқарып шығу мұсылмандардың басқа айларда бес уақыт намазына мұқият болып, Алла Тағала жақындау мақсатымен көп нәпіл намаз оқуына сеп болады. Яғни бір жарым сағаттық намазды ораза бойына атқарған адамға өзге уақытта екі рәкағат, төрт, алты, сегіз рәкағат намаздарды оқу немесе бұрынғы қаза намаздарын өтеу жеңіл келеді.

Өткен күнәлар кешіріледі. Имам Бұхари мен Муслимнен жеткен хадисте ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Рамазан айында шынайы сеніммен әрі ықыласпен түнді намаз оқып өткізген адамның бұрынғы күнәлары кешіріледі» деген. Сондай-ақ Алла елшісінің тағы бір өсиетінде құптан намазын оқу үшін мешітке барған адамға түннің үштен бір бөлігін құлшылықпен өткізгендей сауап берілетіндігі айтылады. Бұдан кейінгі амалы түнгі тәһажжуд намазына жалғасып жатса, әрине, нұр үстіне нұр болмақ.

Намаз арасындағы демалыс. Тарауық сөзі «дем алу» деген мағынаны білдіреді. Яғни тек осы намазда әр төрт рәкағат сайын үзіліс жасап, бір демалады. Сол уақытта әдетте имамдар үш қайтара тарауық тасбихын айтады. Ал жамағаттың үнсіз отыруына да, дұға, истиғфар, салауат айтуына да болады. Сондай-ақ намазда тұрғанда қатты қысылыспай, тек саптың түзулігіне мән беріп, еркін тұру – тарауықтың негізгі ерекшелігі.

Үтір намазы жамағатпен оқылады. Жыл он екі айдың он бір айында құптаннан кейінгі үтір намазы жеке әрі дауысын шығармай оқылса, тек Рамазан айында бұл ғибадат жамағатпен орындалып, барлық рәкағатында да сүрелерді имам дауыстап оқиды.

Құранды толық хатым етеді. Рамазан айында сан ғасырдан бері сақталып келе жатқан игі амалдың бірі – тарауық намазында Құранды толық хатым ету. Еліміздің кей мешіттерінде отыз күнде 30 пара оқылса, кейбірінде Қадір түні сәйкес келуі мүмкін 27-түні толық оқылып, хатым дұғасы жасалады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзі Құран оқумен қатар, сахабаларының оқығанын тыңдағанды ұнататын. Демек, қарилардың Құран хатымын тыңдаған адам қасиетті кітапты түгел оқып шыққандай сауапқа кенеледі деген үміттеміз. Тек бұл орайда күнделікті тарауық намазын үзіп алмауға тырысу керек.

Қаблиса Асанұлы (Қабан жырау) бір толғауында:

– Бақыт қайда барасың?

– Тарауық намаз оқыған,

Көңілге аят тоқыған,

Ниетті елге барамын.

– Бақыт қайда барасың?

– Намазға қатар отырған,

Тарауығын оқыған,

Тыңдағалы барамын, – деп жырлайды. Бұл бабаларымыздың да тарауық намазына ерекше мән бергенін аңғартады. Ендеше, мешіт есіктері айқара ашық, намаз оқуға еш кедергі жоқ заманда жылына бір келетін Рамазан айының түнгі ғибадатынан, соның сансыз сауабынан құр қалмайық. Жамағатпен бірге иық тіресіп намаз оқып, ел амандығы, ұрпағымыздың есендігі үшін қол жайып, Жаратқаннан дұға тілейік. Алла Тағала ниетімізді қабыл етсін! Әмин!

 

Айдос ЖАМБЫЛҰЛЫ,

Жаңаөзен қалалық мешітінің наиб имамы