ҚАЖЫЛЫҚ – БЕС ПАРЫЗДЫҢ БІРІ 2786

ҚАЖЫЛЫҚ – БЕС ПАРЫЗДЫҢ БІРІ

16 маусым 2023 116 Оқу 1 минут

 الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Исламның бес тірегінің бірі – қажылық құлшылығы. «Қажылық» الحَجُّ (әл-хажжу) сөзі араб тілінде «құрметті орынды зиярат ету» деген мағынаны білдіреді. Ал шариғатымызда ай күнтізбесі бойынша зул-хижжа айында Алла Тағалаға құлшылық ету үшін қасиетті Меккеге барып, бекітілген рәсімдерді орындауды қажылық деп атаймыз.

Балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жарамды және қаражаты жететін мұсылманға өмірінде бір мәрте қажылыққа бару – парыз. Алла Тағала қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресі, 97-аятында:

 وَلِلَّهِ عَلى النّاسِ حِجُّ البَيْتِ مَنِ اسْتَطاعَ إلَيْهِ سَبِيلا ومَن كَفَرَ فَإنَّ اللَّهَ غَنِيٌّ عَنِ العالَمِينَ

«Алланың үйін зиярат етуге шамасы келетін әрбір адам үшін қажылыққа бару – оның мойнындағы Алланың ақысы. Ал егер кімде-кім күпірлік қылып, қажылықты жоққа шығарса, (біліп қойыңдар), Алла ешкімге мұқтаж емес, керісінше бүкіл ғалам Оған мұқтаж» , – деп айтқан.

Қажылық құлшылығының өзге құлшылықтардан біршама өзгешеліктері мен ерекшеліктері бар. Жалпы алғанда құлшылықтар орындалу барысына қарай дене және дүние-мүлік арқылы екіге бөлінеді. Ал қажылық – дене әрі дүние-мүлік арқылы орындалатын бес парыздың бірі. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

بُنِيَ الإِسْلاَمُ عَلَى خَمْسٍ شَهَادَةِ أَنْ لاَ إِلَهَ إِلاَّ اللَّهُ وَأَنَّ مُحَمَّدًا رَسُولُ اللَّهِ وَإِقَامِ الصَّلاَةِ وَإِيتَاءِ الزَّكَاةِ وَ حَجِّ الْبَيْتِ وَصَوْمِ رَمَضَانَ

«Ислам бес негізден тұрады: Алладан басқа тәңір жоқ және Мұхаммед Алланың елшісі екеніне куәлік беру, намаз оқу, зекет беру, Қағбаға қажылық жасау және Рамазан оразасын ұстау», – деген (имам Бұхари, Мүслим).

Хакім Абай атамыз:

Руза, намаз, зекет, хаж – талассыз іс,

Жақсы болсаң, жақсы тұт бәрін тегіс...», – деп, мұсылман адам бес парызын толығымен орындау керектігін айтқан. 

Асыл дініміздегі бес парыздың бірі болған қажылық ғибадатын халқымыз ерекше құрметтеген. Оны «Ұлы сапар» деп атап, қажылыққа барып келген кісіні «қажы» деп қадірлеп, төрге шығарып, батасын алуға тырысқан. Шаңырағына қажы адам қонақ болып түскенде нәрестелі болған үй перзентіне Қажыгелді, Қажымұрат, Қажыбай деген сынды есімдер қойған.

Исламда Алла Тағала парыз еткен әрбір құлшылықтың астарында өзіндік хикметі мен даналығы бар. Ал қажылық ғибадатының хикметтері келесідей:

Бірінші: Ихрам – ақырет кебіні

Қажылыққа барған адам тігісі жоқ киім киеді. Яғни шариғатта көрсетілген «рида» мен «изар» деп аталатын екі бөліктен тұратын ақ матаға оранады. Мұны «ихрам» деп айтамыз. Ихрам тек бөз матаға орану деген сөз емес, ол – тақуалық киімі. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 26-аятында:

يَا بَنِي آدَمَ قَدْ أَنزَلْنَا عَلَيْكُمْ لِبَاسًا يُوَارِي سَوْآتِكُمْ وَرِيشًا وَلِبَاسُ التَّقْوَىَ ذَلِكَ خَيْرٌ ذَلِكَ مِنْ آيَاتِ اللَّهِ لَعَلَّهُمْ يَذَّكَّرُونَ

«Уа, адам балалары! Сендерге әбиірлеріңді жабатын лыпа һәм кигенде өздеріңді көрікті ететін киім түсірдік. Алайда, біле білсеңдер, ең қайырлы киім – тақуалық киімі. Міне, мұның бәрі олар ғибрат алсын деп түсірген – Алланың айқын дәлелдері», – деп айтқан.

Қажылыққа ниет еткен кісі дүниелік әртүрлі киімдерін, көрікті әсем бағалы заттарын, әшекейлерін біржолата тәрк етіп, Алланың құзырында қарапайым ақ мата киеді. Бұл – дүниені тәрк етудің көрінісі. Бір сөзбен айтқанда, ихрам – ақырет кебіні. Өйткені ихрам киімін киген кісіге күнделікті істеп жүрген рұқсат істеріне тыйым салынады.

Ихрам мал-мүліктің, мансап пен байлықтың Алланың құзырында түкке тұрғысыз екенін көрсетеді. Өзінің жеке қалауындағы дүниелік киімдерін ұмытады. Әрбір басқан қадамына мұқият болады. Себебі Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 197-аятында:

الْحَجُّ أَشْهُرٌ مَعْلُومَاتٌ فَمَنْ فَرَضَ فِيهِنَّ الْحَجَّ فَلا رَفَثَ وَلا فُسُوقَ وَلا جِدَالَ فِي الْحَجِّ وَمَا تَفْعَلُوا مِنْ خَيْرٍ يَعْلَمْهُ اللَّهُ وَتَزَوَّدُوا فَإِنَّ خَيْرَ الزَّادِ التَّقْوَى وَاتَّقُونِ يَا أُوْلِي الأَلْبَابِ

«Қажылық белгілі айлар. Кім ол айларда (ихрамға кіріп) қажылық жасауға міндеттенсе, әйелге жақындасу, күнә істеу және жанжал жасау сынды істерден аулақ тұрсын. Әй, ақыл иелері! Нендей хайыр (ізгі іс) істесеңдер, Алла оны біледі. Азық алыңдар. Негізінде азықтың ең жақсысы – тақуалық. «Уа, ақыл иелері! Менен ғана қорқыңдар», – деп айтқан.

Сонымен ихрамға оранған қажы «Ләббәйк Алла! Әміріңді орындауға әзірмін. Ләббәйк Алла! Сенің ешбір ортағың жоқ. Ләббәйк Алла! Барлық мақтау Саған тиесілі. Нығмет Сенікі, мүлік те Сенікі. Сенің ешбір ортағың жоқ» деп, барлық ісін шынайы болмысымен, бар ынтасымен атқарады. Бұл – барлық қажылардың ортақ уәдесі. 

Екінші: Арафат – махшар алаңы

Арафат тауы Меккеден жиырма бес шақырымдай жерде орналасқан. Кейбір риуаяттарда Адам ата мен Хауа ана жерге түскеннен кейін осы тауда кездескен. Зул-хижжа айының тоғызыншы күні күн батқанға дейін Арафатта тұру қажылықтың ең маңызды парызы. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):

الْحَجُّ عَرَفَةُ

«Қажылық – арафат (Арафатта тұру)», – деген (имам Термизи, ибн Мәжа).

Арафаттың негізгі мағынасы – ақиқатты білу, тану, түсіну, ұғыну деген сөз. Арафатты шынайы түсінген кісі қажы болады. Оны түсінген ақиқатқа жетеді. Яғни өлгеннен соң қайта тірілуді, махшарды, қияметтен бұрын күтуді, өлмей тұрып өлуді, есепке тартылмай тұрып, өзін есепке тартуды ойлаған пенде нағыз қажылықтың мәнін түсінеді. Сондықтан ғалымдарымыз «Арафат – әуелі өзін білу, тану», – деп айтқан. Ал өзін таныған, тәмсілде айтылғандай, Раббысын таниды. Алланы ұмытқандар, өзін ұмытады. Соның салдарынан Алла оларға ақыретті ұмыттырады. Алайда пенде Арафатта өзін және Раббысын танитын болса, Алланың құзырында сый ретінде танылады.

Қажылыққа барған әрбір ұлт өкілі нәсіліне, мансабына, бай-кедейлігіне қарамастан бір құбылаға бет бұрып, бірдей киініп, біркелкі амалдарды орындайды. Адам баласының бұл дүниедегі дәрежесі қандай болмасын, Жаратушы Алланың құзырында барлығының бірдей құл, пенде екенін аңғарады. Қажылар бір сәтке бар байлығын, күнделікті киімін тәрк етіп, қажылық ғибадатын орындау үшін Минадан Арафат тауына барады. Барлығы бірдей аппақ киімге оранған.

Осы көріністер сырттай қарағанда ертеңгі әрбір адам баласы есеп беретін «махшар» күнін көз алдымызға әкеледі. Өйткені адам баласы бұл дүниеден тек ақ матаға оранған күйі кетеді. Сол ақ киімімен қайта тіріліп, Алланың құзырында есеп беруге жиналады. Дүниеден озған адамның арманы есеп-қисаптан аман-есен өтіп, жәннатқа жету болса, Арафатқа жиналған адамдардың да мақсаты – күнәсінің кешірілуі. Арафатта мұсылман махшар күнін еске алады, бір күні өзінің есепке тартылатынын ойлап, сезінеді.  Сондықтан ғалымдарымыз қасиетті Арафатқа жиналған қажыларды махшар күнінің көрінісі деп сипаттаған.

Үшінші: Тауап – пенденің Жаратушыға деген серті

Қасиетті Қағбаға жиналған адамдар жеті рет тауап жасайды, яғни айналады. Бұл – қажылық құлшылығының рүкіні. Тауап жасау – намаз секілді. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде:

الطَّوَافُ حَوْلَ الْبَيْتِ مِثْلُ الصَّلاَةِ إِلاَّ أَنَّكُمْ تَتَكَلَّمُونَ فِيهِ فَمَنْ تَكَلَّمَ فِيهِ فَلاَ يَتَكَلَّمَنَّ إِلاَّ بِخَيْرٍ

«Қағбаны тауап ету – намаз оқу тәрізді. Бірақ тауапта сөйлесе аласыңдар. Кімде-кім тауап кезінде сөйлесетін болса, тек қана жақсы сөз сөйлесін», – деп айтқан (имам Термизи).

Пенде тауап кезінде Алланың құзырында екенін сезініп, Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбар мен ұлы Исмайылдың (оған Алланың сәлемі болсын) осы Қағбаны қалайша тұрғызып, айналғанын еске түсіріп, дәл солай өзінің бойына иман үйін қайтадан қалауы қажет. Өйткені Қағба – Алланың үйі. Жүрек те – Алланың назар салар орны. Адам баласы Қағбаға қарап, оның ұлылығын тамашаласа, Алла Тағала пендесінің жүрегіне назар салады. Сондықтан ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде:

إِنَّ اللَّهَ لاَ يَنْظُرُ إِلَى صُوَرِكُمْ وَأَمْوَالِكُمْ وَلَكِنْ يَنْظُرُ إِلَى قُلُوبِكُمْ وَأَعْمَالِكُمْ

«Расында Алла сендердің түрлеріңе, мал-мүліктеріңе қарамайды. Алайда жүректерің мен іс-амалдарыңа қарайды», – деген (имам Мүслим).

Тауаптың тағы бір хикметі – Исламдағы ізгі амалдардың барлығы оңнан солға қарай басталса, қажылар қасиетті Қағбаны тауап жасағанда, солдан оңға қарай бастайды. Яғни тауаптың басталу нүктесін көрсететін Қара тасқа сол жақ тұсымен сәлем береді. Мұны ғалымдарымыз жүрек адам бойының сол жағында орналасқандықтан, осылайша бастау алады деген. Қажылар рухтар әлеміндегі уәдесін, иман сертін Қара тасқа қарап сәлем беру арқылы орындайды.

Қажылық жасаушылар қасиетті Қағбадағы «қара тасқа» қолымен жанасып, жақын барып, сүйіп жатады. Алайда олардың бұл ісін қара тасқа сыйыну деп қате түсінбеу керек. Бұл іс ардақты Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сүннеті.

Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) қажылық сапарларының бірінде: «Сен бар-жоғы өзіңе пайда да, зиян да келтіре алмайтын тассың. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сені сүймегенде, мен сені сүймес едім», – деген екен.

Қисса

Халифа Һишам ибн Абдулмәлик қасиетті Қағбаға кіргенінде оның ішінде хазіреті Омардың ұлы Сәлим ибн Абдулланы жолықтырады. Сонда Халифа Сәлимге: «Саған жәрдемдескім келеді. Қандай мұқтаждығың бар?» – деп сұрайды. Сәлим (Алла оған разы болсын): «Жаратушының үйінде тұрып, Одан өзгеден қажетімді сұрағанға ұяламын», – деп жауап береді. Екеуі Қағбадан шыққаннан кейін Халифа тағы да: «Міне, Алланың үйінің сыртына шықтық. Енді маған мұқтаждығыңды айтсаң болады», – дейді. Сәлим Халифадан: «Сіздің айтып тұрғаныңыз дүниелік қажеттілік пе әлде ақыреттік пе?» – деп сұрайды. Халифа: «Әрине, дүниелік қажеттілік», – дейді. Осы кезде Сәлим: «Алла Тағаланың атымен ант етейін, мен дүниені бүкіл мүліктің шынайы иесі болған Жаратушыдан сұраған емеспін, енді оның иесі болмаған жаратылғаннан қалай сұрамақпын», – деп жауап берген екен.  

Төртінші: Сафа мен Мәруа – пенденің ақыреттегі таразы көрінісі

Сафа мен Мәруа төбешіктерінің Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбардың дәуірінен бастау алатын өзіндік тарихы мен қасиеті бар. Алла Тағала Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) пайғамбарға әйелі Хажар мен баласы Исмайылды (оған Алланың сәлемі болсын) Меккеге апарып қоныстандыруды әмір етеді. Ол кезде Мекке сусыз және көлеңкесіз жазық жер болатын. Жаратқанның пәрменіне бойұсынған пайғамбар аздаған азық-түлік қалдырып, оларды Меккеге тастап кете барды. Көп өтпей су таусылады. Аптап ыстықтан шөл қысқан жөргектегі Исмайыл шырылдап жылай бастайды. Жолаушылған жан бар ма екен деген үмітпен жанұшырған Хажар ана Сафа төбесіне бір, Мәруа жотасына бір кезек-кезек жүгіріп, әуре-сарсаңға түседі. Осылайша жеті рет шығып, жеті рет түседі. Бүгінде бұл іс, яғни Сафа мен Мәруа арасында жеті рет жүріп, сағи жасау – үлкен және кіші қажылық жасаушылар үшін уәжіп болды. Алла Тағала қасиетті Құранның «Бақара» сүресі, 158-аятында:

إِنَّ الصَّفَا وَالْمَرْوَةَ مِن شَعَائِرِ اللَّهِ فَمَنْ حَجَّ الْبَيْتَ أَوِ اعْتَمَرَ فَلاَ جُنَاحَ عَلَيْهِ أَن يَطَّوَّفَ بِهِمَا وَمَن تَطَوَّعَ خَيْرًا فَإِنَّ اللَّهَ شَاكِرٌ عَلِيمٌ

«Расында, Сафа мен Мәруа – Алланың белгілерінен. Кім үйге (Кағбаға) қажылық немесе ұмра жасаса, оған екеуінің арасында жүруде ешқандай күнә жоқ. Ал кім (өз еркімен) қосымша бір жақсылық істесе, әлбетте Алла – алғысқа Бөлеуші, бәрін Білуші», – деп әмір еткен («Бақара» сүресі, 158-аят).

Қажылардың мұндағы екі төбеге кезек-кезек жүгіруі – Қияметтегі пенденің уайымдаған ахуалына ұқсайды. Ақыретте есеп берер алдында әрбір пенде оңына бір, солына бір қарап, алаңдайды екен. Яғни таразы басындағы амалым сауап жағымен ауыр баса ма, жоқ әлде күнәм ауыр баса ма? Осылайша Сафа мен Мәруа арасындағы сағи (жүгіру) таразы басында малына жалтақтаған адамдардай көрінеді екен.

 

Қадірменді жамағат!

Қажылық ғибадатының осындай артықшылықтары мен хикметтері өте көп. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

الْعُمْرَةُ إِلَى الْعُمْرَةِ كَفَّارَةٌ لِمَا بَيْنَهُمَا، وَالْحَجُّ الْمَبْرُورُ لَيْسَ لَهُ جَزَاءٌ إِلَّا الْجَنَّةَ

«Бір ұмра (кіші қажылық) екінші ұмраға дейінгі аралықта жасалатын күнәларға кәффарат, ал мәбрур қажылықтың сауабы тек қана – жәннат», – деген.

Ғалымдарымыз «Мәбрур (игі) қажылық» дегенді «ешқандай күнә араласпаған қажылық» деп түсіндіреді.

Қажылыққа барғандар «Алланың қонақтары» деп аталады. Қажылық жасау бақыты бұйырған пенделер бір Құбылаға жиналып, құлшылық атқарады. Бір тілекте дұға жасайды. Алла Елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисінде:

الْحُجَّاجُ وَالْعُمَّارُ وَفْدُ اللَّهِ إِنْ دَعَوْهُ أَجَابَهُمْ وَإِنْ اسْتَغْفَرُوهُ غَفَرَ لَهُمْ

«Қажылық жасаушылар мен ұмраға барғандар – Алланың сыйлы қонақтары (елшілері). Егер бұлар тілек тілесе, Алла тілектерін қабыл алады, күнәларына кешірім сұраса, күнәларын кешіреді», – деп айтқан (имам Ибн Мәжа).

Қазіргі уақытта қажыға барушылардың саны көп. Алайда, көп қажылар қажылық парызын өтегенімен, бұрынғы жат қылықтарын тастамай, қажы деген атқа лайық емес іс әрекеттер жасап, асыл дінімізге сөз келтіріп жатады.

Осы ретте жақында Астана қаласында өткен «Имам – ізгі қоғам жаршысы» атты V республикалық имамдар форумында  «Қажының рухани келбеті» тұғырнамасы құжат ретінде қабылданған болатын. Тұғырнама қажыларымыздың рухани жауапкершілігін арттыруды көздейді. Құжат үш бөлімнен тұрады. Бірінші бөлімінде ұлық құлшылықты жасау үшін алдын ала қалай рухани дайындалу керектігі айтылса, екінші бөлімінде қасиетті мекенге барған кезде жасалуы тиіс іс-әрекеттер мен көңіл бөлінуі қажет іс-амалдар қамтылды. Ал үшінші бөлімде қажылық парызын өтеген кісінің елге келген соң күнделікті тіршілігінде қажы атына сай әрекет етуі үшін нендей істерге назар салуы керектігі жазылған.

Әрбір қажыға баратын кісі осы құжатта айтылған әдептерге мән беріп, соған сай амал жасап, имандылығымен өзге адамдарға үлгі болып, Алланың разылығын алуға тырысқаны жөн.

Жаратқан Алла Тағала қажылыққа ниет еткен қажыларға мол сауап нәсіп етіп, жәннатпен сүйіншіленген «Мәбрур қажы» болуды жазғай!

 

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімі