Жаман әйел 552

Жаман әйел

22 ақпан 2021 5129 Оқу 1 минут

Көптеген шаңырақ ерлі-зайыптылардың мінезі себебінен шайқалады. Отбасы боп бір-бірін түсінісе алмағандықтан үйде береке болмайды. Осылайша, шаңырағы төзгісіз бір тозаққа айналады.

Мекке шаһарында Абдулла Құраши есімді кісі өмір сүріпті. Ол жұрт қатарлы күнелткен жан болыпты. Көрші-қолаң Абдулланың сабырлығы мен ұстамдылығына таң қалады екен. Өйткені, әйелінің мінезі өте нашар адам екен. Көрші-қолаңмен арасында шайпау әйел жанжалдаспаған адам қалмапты. Соған қарамастан күйеуі Құдайдың аманаты деп жұбайына мейлінше жұмсақ мәміледе болыпты. Осылайша қырық жыл бір шаңырақта ұрысқақ қатынмен бір жастықта ғұмыры өтіп жатыпты. Шыдамның да шегі бар емес пе? Күндердің бір күні күйеуі ашуланып, қолын бір сілтеп үйінен безіп кетіпті.

Ауылынан алыстап шыққан байқұс елсіз жерде құлшылық жасап, кітап оқып отырған екі пірәдарға жолығады. Екі діндар құдайы қонақтың кім екенін сұрап жатпастан қастарына қосып алады. Абдулла Құраши де олармен бірге құлшылық жасап, оқыған кітаптарын тыңдаумен болады. Арабтың салтында құдайы қонақтан үш күнге дейін жөн сұраспайтын еді. Сондықтан қонағынан жөн сұрасып жатпай ас-суымен бөліседі. Кешкі мезгіл де таяп келеді. Қос пірәдардың бірі: Дұға етейік. Бүгінгі несібемізді сұрайық, - деп қол жаяды. Арада көп уақыт өтпей-ақ біреу есік қағады. Есікті ашса, тамақ келіп тұр. Дастарқан жайып үшеуі ас-суын ішіп алды. Ертесі күні де бірге құлшылық етіп, үшеуі бірге кітап оқып кеш батырады. Сосын екінші пірәдар: Бүгін менің кезегім, - деп қолын жайып дұға ете бастайды. Бет сипауы сол екен тағы да есік қағылып, бейтаныс біреу тамақ әкеліп тұр екен. Ғажап!

Үшінші күні кезек Абдулланікі еді. Екі діндар: Бүгін сен дұға жаса, - деп оған қолға салады. Амал нешік, Абдулла қолын жайып іштей: Уа, Раббым! Мен күнәға белшесінен батқан бір пендеңмін. Менің кесірімнен, мына екі құлыңды несібесіз қалдыра көрме. Осы екі жанның тақуалығының құрметіне бүгінгі несібемізді бере гөр, - деп Жаратқанға жалбарыныпты. Кенет есік қағылады. Алайда, бұл жолы бір емес екі бірдей ыдыспен ас-ауқат әкеліп тұр екен. Екі діндар таңданып: Сен кімсің? Қандай дұға жасадың?, - деп таң қалыпты. Сонда Абдулла: Мен сендердің тақуалықтарыңды араға қойып дұға жасадым. Ал сендер не деп дұға етуші едіңдер?, - дейді. Сонда діндарлар: Меккедегі бір ерекше жан жайлы естігенбіз. Ол кісінің жұбайының мінезі нашар екен. Бірақ, ол соған қарамастан оған сабыр етеді екен. Оның есімі Абдулла Құраши. Біз күнде сол адамның сабырлығының құрметіне деп дұға етеміз. Аллаға шүкір күні бүгінге дейін дұғамыз қабыл болып келді, - деген екен.

Міне, бақытты отбасының құпиясы. Сіз бен біз іздеген отбасы бақыты – таудың ұшар шыңында ғана өсетін таптырмас бір дүние емес. Ең бастысы, тілге ие болуда. Кешірім сұрау білуде. Сондай-ақ, бір-бірін қадірлей білуінде.


 Төлеби Оспан

Ұқсас жазбалар

Жаман әйел

Жаман әйел

22 ақпан 2021 5129
Бір қазан сүт

Бір қазан сүт

02 ақпан 2021 5684
ҰМЫТЫЛМАС ДӘРІС

ҰМЫТЫЛМАС ДӘРІС

28 қазан 2020 284
Ғұлама мен қойшы

Ғұлама мен қойшы

30 қыркүйек 2020 511