ЖАРЫМЖАН 269

ЖАРЫМЖАН

28 қазан 2020 104 Оқу 1 минут

Банкротқа ұшыраған американдық жас кәсіпкер өзінің басынан кешкен оқиғасын әңгімелеуде. Шағын жеміс-жидек сататын дүкен ашады. Екі жыл күн-түн демей еңбектенеді. Бірақ, табысы шығынын жаппай, ақыры дүкенін жабуға мәжбүр болады. Бұл қиыншылықтың бір жағы ғана еді. Өйткені, осы уақыт аралығында біршама қарызданып та үлгереді. «Жұт жеті ағайынды» демекші, бірінің үстінен бірі келген соққылар жігіттің жігерін су сепкендей басып тастады.

Жүрегі шайылып қалған жігіт, қайта кәсіп бастауға дауаламады. Еңсесі түсіп, көше бойымен келе жатқан. Кенет арғы бетте жол жиегінде арбадағы мүгедекке көзі түсті. Шағын дөңгелекті ағаш арба. Мүгедектің қолында екі тақтайша бар. Соның көмегімен жерді таянып, арбасын дөңгелетуде. Жолдан әупірімдеп өтіп алған мүгедек, арбасынан түсіп, жаяу жүргіншілер жолына қойып, қайта мініп алды.

Сыртынан бақылап тұрған жігіт мүгедек үшін жолдан өту қаншалықты қиын іс екенін көзімен көрді. Бірнеше адымдық жолды кесіп өту басқа тұрмақ, ойын баласына да жеңіл. Әп-сәтте өте шығады. Бірақ, мүгедекке бұл үлкен шаруа. Терлеп-тепшіген мүгедек жігітке күлімсірей қарап: «Мырза! Күніңіз сәтті өтсін! Бүгін күн тамаша, солай емес пе?!»,- деді. Оның сөзі жігіттің өмірін түбегейлі өзгерткендей еді.

Екі аяғынан айырылған, бірақ, онысына шағымданып тұрған мүгедек жоқ. Өзін «мүгедек» деп те сезінбейді. Ешкімнен көмек те күтпейді. Ол – бақытты. Шынайы бақытты. Аяғын жоғалтса да, өз-өзіне деген сенімін жоғатпаған. Сонда кім жарымжан?!

Кәсіпкер үлкен өмірлік сабақ алды. Өзінің қаншалықты бай екенін жігіт енді ғана сезіне бастады. Өмірге налығанына қатты қысылды. Бар күш-жігеріп жинап, еңсесін тіктеді. Барлығын қайта бастауға бел буды. Осылайша, қайта кәсіп ашып, жетістікке жету үшін бар қабілетін жұмсады.

Мұса ЕРБАТЫР