ИСЛАМ – ҚОҒАМДЫҚ ДІН 2703

ИСЛАМ – ҚОҒАМДЫҚ ДІН

28 мамыр 2023 107 Оқу 1 минут

Дінсіз адам болғанмен дінсіз қоғам болмайтыны белгілі. Дінсізбін деп жарияға жар салған пенденің де бір сенімі бар. Біздің айтпағымыз, ең әуелі жүректегі сенім дұрыс болса, ұстаған діні таза болады. Ислам – тазалық пен ізгіліктің, имандылықтың жолы. Құранда былай делінген: «Алланың құзырында қабыл болатын хақ дін – Ислам» («Әли Имран» сүресі, 19-аят).

Ислам – адамзат баласын ең әуелі жаратқан Алланы дұрыс тануға шақырады. Бұл өмірге не үшін келдік? Аз ғұмырда қандай іс жасауымыз керек? Нендей іс-әрекеттерден сақтану қажет? Адам баласы өмірден өткеннен кейін не болады? Адамның санасында осы секілді көкейде көп сауал тұратыны шындық. Мұның жауабын бізге иман негіздері үйретіп, дұрыс сенім қалыптастыруға бағдар береді. Алланы таныған пенденің бойында тазалық және құлшылық болады. Оның талабы мен тәртібін, шынайы құлшылық жасаудың формуласын шариғат үйретеді. Адам баласы қоғамда өмір сүретіндіктен, ізгі қасиеттерді иманы арқылы бойына дарытады. Жан-дүниесін рухани байытып, кемелдікке баулитын да – осы дін Ислам.

Бүгінде Ислам дінін ұстанатын мұсылмандардың қатары артып келеді. Десе де, дін ұстанған кей мұсылманның діни білімі жетпей айтқан сөздерінен, әдепке жатпайтын ұнамсыз қылықтарынан Исламға деген жеккөрушілік, дін арқылы қоғамда үрей-қорқыныш қалыптастыру сынды үрдістер, жағымсыз насихаттар етек алып тұрғаны шындық. Біз мынаны білуіміз керек: Пенденің бойындағы қателіктерге қарап, оны діннің қателігі деуге болмайды. Негізгі кемшілік таза дінді дұрыс жеткізбеуден әрі дін қалағандай қағидаттарды ұстана алмаудан туындайды. «Дін – ұстай алсаң қасиетің, ұстай алмасаң қасіретің» деген қанатты сөздің астары осы болса керек. Демек дінді талабына сай ұстансақ, көптеген қасиетке қол жеткіземіз.

Ислам – қоғамдық негізге құрылған дін. Иман байлығы жекелеген жанға жақсы қасиеттер дарытатыны секілді, Ислам күллі адамзат өмір сүретін қоғамға өркениет жолын көрсетіп, ілгерілеп даму үшін ғылым-білімге шақырады. Исламды тек құлшылық діні деп түсіну – қате пікір. Мұсылманның сыртқы атрибутына қарап, Исламға баға беруге болмайды. Ислам ең әуелі дұрыс сенім иесі болуды, соған сай лайықты түрде ғибадат етуді бұйырады. Сонымен қатар мұсылманның Жаратушы алдындағы міндеті болғанындай, оның қоғамда үлкен жауапкершілігі бар екенін ескеруіміз керек.

Дін қоғамға несімен пайдалы? Алдымен осы сұраққа жауап іздеп көрелік. Дін адамға қалай керек болса, қоғам үшін де дін сондай қажет.

Біріншіден, Ислам қоғамға сауаттылықтың дәнін екті. Соңғы елші Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) пайғамбарымыздың келуі арқылы қараңғылық бұлты сейілді. Адамзатқа бақыт әкелетін Ислам дінін жеткізу үшін Пайғамбарымызға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) қасиетті Құран аяттары түсірілді. Ең алғашқы түскен аят: «Оқы! Жаратқан Раббыңның атымен (Оқы!)» – деп басталды («Алақ» сүресі, 1-аят). Міне, осыдан бастап Ислам ғылым-білім діні екенін дәлелдеді. Ал ғылым адамдардың санасын оятып, тапталған құқықтарының қорғалуына, өркениетке қол жеткізуге септігін тигізді.

Екіншіден, Ислам келмей тұрып, адамзат қараңғылық пен азғындықтың кейпін кешті. Қоғамда жаман істер көп болды. Ішімдік ішу, зина жасау, құл иелену, кісі ақысын жеу, әлсіздерге күш көрсету сынды жағдайлар адамның құқығын аяқасты етті. Ислам діні келген соң, қорғансыз жандардың құқықтарын қорғап, қоғамдағы дәрежесін көтерді. Ислам тарихында ең алғаш иман келтірген мұсылмандардың бірі, ең алғашқы азан айтқан – Біләл Хабаши. Ислам дінін қабылдағанға  дейін Біләл басыбайлы құл еді. Көрмеген қиындығы, тартпаған азабы жоқ болатын. Сахаба Әбу Бәкір (оған Алла разы болсын) оның қожайынына қалаған пұлын беріп, Біләлға азаттық пен еркіндік сыйлады. Бұл жағдай Ислам дінінің құлиеленушілік қоғамнан құқықтық өркениетті қоғамға беталысын байқатты. Қазір әлемде құл иеленуші мемлекет жоқ. Керісінше адам құқығын қорғау мәселесі әрдайым өзекті.

Үшіншіден, қоғамды дамытатын құндылық – адамзатқа деген шынайы сүйіспеншілік. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Сендер иман келтірмейінше, жәннатқа кірмейсіңдер. Бір-біріңді жақсы көрмейінше, шын мағынада иман келтіре алмайсыңдар. Мұны істеген жағдайда бір-біріңді сүйе алатын (бір-біріңе деген сүйіспеншілікті арттыратын) істі айтайын ба? Араларыңда сәлемді жайыңдар!» – деді (Бұхари). Халқымыз сол үшін «Сәлем түзелмей, әлем түзелмейді» деген. Сәлем сүйіспеншіліктен басталады. Көршімен, ағайынмен, доспен жақсы болу үшін де берер сәлемің дұрыс болу керек. Ал арада сәлем бұзылса, күллі қарым-қатынас та бұзылады. Хадистегі «Сәлемді жайыңдар!» деген сөздің мәні қоғамның тыныштығын, адамзаттың амандығын меңзесе керек.

Төртіншіден, Ислам қоғамда адамзаттың бір-біріне бауырмал, жанашыр болуын үгіттеді. Қоғамның бүлінуі, адами құндылықтардың жоғалып бара жатқанының бір себебі – адамдардың бірін-бірі бағаламауынан екені анық. Ағайынның, достың, әріптестің, тіпті мұсылман бауырдың сыртынан ғайбат айтып, күндеу, көреалмау, қызғану секілді жағымсыз әрекеттер қоғам тыныштығын бұзады. Қоғам дұрыс болу үшін әрбір мұсылман тілімен де, қолымен де ешкімге зиян тигізбеуі керек. Дініміз Ислам мұсылмандардың бір-біріне бауыр екенін жадына салып, өзара сүйіспеншілікті нығайтуға шақырады. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сол үшін хадисте: «Мүминдер бір-біріне сүйіспеншілік, мейірімділік және жанашырлық танытуда біртұтас дене тәрізді. (Адамның) бір жері ауырса, ұйқысы қашып, ыстығы көтеріліп, бүкіл денесі ауырған жерінің мұңына ортақтасады», – деп айтты (Бұхари).

Адам бойында сүйіспеншілік, мейірім, жанашырлық секілді көркем мінездер болмаған жағдайда қоғамның дерті асқына беретіні хақ. Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) тағы бір хадисте: «Нағыз мұсылман – өзге мұсылмандарға тілімен де, қолымен де зиян тигізбеген мұсылман», – деді (Бұхари). Демек нағыз мұсылман қоғамшыл, көпшіл, жанашыр келеді. Яғни адам баласы тілі мен қолы арқылы адам құқығын таптамай, оған құрмет ету арқылы қоғамның бейбітшілігі мен тыныштығын сақтайды деген сөз...

Ислам – жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыятын дін. Әрбір мұсылманның мойнындағы бірден-бір парызы осы – жақсылыққа шақырып, жамандықпен күресу. Қоғамның дұрыс болуы, адамзаттың тыныш күй кешуі, елдің амандығы сынды жақсылықтарды жайып, жамандықтармен түбегейлі күресуден тұрады. Алла Тағала: «Жақсылықта жарысыңдар!» – деп бұйырады («Бақара» сүресі, 148-аят). Жақсылық қаражатпен ғана жасалмайды. Жақсы сөз айту, ізгі амал істеу, кісі ақысын жемеу, аманатқа қиянат жасамау, үлкенді құрметтеу, ұстазды сыйлау, балаларға мейірімділік таныту – мұның барлығы дініміз бұйырған жақсылық. Қоғам осындай жақсылықтарға ауадай мұқтаж. Демек әрбір мұсылман шамасына қарай жақсылық жасап, жақсы қоғам қалыптастыра алады. Дәулетті адам сақи жомарттығымен, білім иесі мықты шәкірт тәрбиелеуімен, еңбек адамы адал ісімен, басшы мойнына алған жауапкершілігіне әділдік жасауымен қоғамға пайдасын тигізеді. Дін бізге осыны бұйырады.

Саңлақ сахабалар ізгілікке бұйыратын Алланың қандай да бір аятын, Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисін естісе, дереу оны іске асырып, жақсылықта жарысатын болған. Өйткені сахабалар, олардан кейінгі ізгі жандар нәпсілерінің қалауын емес, дін Исламның қоғамдағы беделі мен абыройын, мұсылманның ары мен намысын жоғары қоятын. Сондай-ақ Исламда әмірлер мен тыйымдар бар. Бұйырылған әмірлер қоғамға игілік әкеледі. Ата-ананы сыйлау, ұстазды құрметтеу, аманатқа қиянат етпеу, қоғам мүлкіне қол сұқпау секілді әмірлер – қоғамды дамытатын нағыз адами құндылықтар. Ал ұрлық, кісі ақысын жеу, ішімдік ішу, нашақорлық, кісі өлтіру, құмар ойындар секілді күнәлі істерге қатаң тыйым салуы – қоғам игілігі үшін жасалған дініміздің қамқорлығы. Ислам дінінің көздеген мақсаты – адам баласын бұл дүниеде және ақыретте бақытты ету. Дініміз дүниеге келген әрбір адамның бақытты болуын қалайды. Дені сау қоғам қалыптастыру үшін қоғамға керек талаптар қойып, бақытқа кенелудің жолын нұсқайды.

Ислам – тазалыққа, тәлім-тәрбиеге, әдеп-қағидаттарға, талап-еңбекке негізделген дін. Мұның бәрі де қоғам үшін керек құндылықтар. Сол үшін Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Еш өлмейтіндей дүние үшін, ертең өлетіндей ақырет үшін еңбек ет», – деп әмір етеді. Абайша айтқанда, «Адал еңбекпен мал іздемек – арлы адамның ісі». Мұсылман еш өлмейтіндей бес күн дүниесінде адал еңбек етіп, қоғамға бар жақсылықтың дәнін егеді. Дүниенің жалғандығын түсініп, ақырет істерін де түгендейді. Өйткені Ислам – қоғамдық дін һәм дүние мен ақыреттің бақыты екенін ұмытпаған абзал.

 

Батыржан МАНСҰРОВ,

ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің
меңгерушісі, PhD доктор

«Иман» журналы, №1, 2023 жыл