БЕЙНЕТ ТҮБІ – ЗЕЙНЕТ 267

БЕЙНЕТ ТҮБІ – ЗЕЙНЕТ

28 қазан 2020 804 Оқу 1 минут

Маңдай термен табыс табу – абырой. Нағыз ердің ісі. Ең бастысы - табыстың адалдығы. Шыдамсыздықпен, арам жолмен дәулет жинаудың салдары жаман. Мұндай байлық басында оңай олжа әрі тәтті көрінер. Бірақ, бал қосылған умен тең. Риуаятта айтылғандай, асығыстық танытпау қажет. «Бейнет түбі – зейнет» дегендей, аянбай еңбек ете білу керек.

Табыстың қай жолын таңдайсың. Міне, мәселенің барлығы осында. Бұл таңдау – адамның Құдай алдындағы дәрежесінің өлшеуі. Алла құзырындағы қадіріңді білгің келсе, немен айналысып жүргеніңе қара. Кісі ақысына қол сұқпа. Біреудің ала жібін аттама. Ризықтың Иесі – Алла. Ал, ризық-несібе – ажал сияқты. Одан қашып құтылу мүмкін емес. Ризық иесін өзі тауып алады.

Сахаба Жабир (р.а.) риуаят еткен хадисте:

لَوْ أَنَّ ابْنَ آدَمَ هَرَبَ مِنْ رِزْقِهِ كَمَا يَهَرَبُ مِنَ الْمَوْتِ؛ لَأَدْرَكَهُ رِزْقُهُ كَمَا يُدْرِكُهُ الْمَوْتُ

«Адам баласы ризығынан өлімнен қашқандай қашса да, ризығы оны өлім сияқты тауып алады[1]»,- делінген.

Құдси хадисте:

إنّ روحَ القدُس نفثَتْ في روعي أنّ نفْسًا لن تموت حتى تسْتوفيَ رزقها فاتّقوا الله عباد الله ، وأجْملوا في الطَّلَب ، واسْتجملوا مهنكم ، ولا يحملنّكم اسْتِبطاءُ الرّزق أن تطْلبُوه بمعاصي الله تعالى فإنّ ما عند الله لا يدرك إلا بطاعته

«Жәбірейіл маған: ешбір пенде ризығын түгелімен алмайынша, жан тапсырмайды,- деп айтты. Ей, Алланың құлдары! Алладан қорқыңдар, ризықты жақсы жолмен табыңдар. Әрі кәсіптерің көркем болсын. Ризық кешікті деп, Аллаға күнә болатын жол арқылы ризық іздемеңдер. Ақиқатында, Алла құзырындағы (сауап және жақсылыққа) тек құлшылықпен қол жеткізуге болады[2]»,-делінген.

Жұмысың абыройлы болсын. Абыройлы жұмыс – бастық боп, креслода отыру емес. Кәсіп иесі, нағыз маман болу. Абырой – парсының об – су, рой – бет, яғни бет-жүздің суы деген мағынаны білдіреді. Жемқорлықпен де бала-шағасын асырап жүрген жүзіқаралар бар. Арам ас қазан түбіндегі күйе іспетті. Оны сумен тазалау мүмкін емес. Отқа ұзақ күйдірсе ғана кетеді.

Хазрет Әли (р.а.): قيمة المرء ما يُحسنُ

       «Азаматтың қадірі жақсы меңгерген ісінде»,- дейді. Бір істі жетік меңгерсең, басқаларға қарағанда жақсы істей аласың. Міне, жұрт алдындағы қадір-қасиетің де соған байланысты. Таңдаған мамандығыңды жетік меңгер. Өз салаңда озық маман бол. Үнемі кәсіби білімің мен біліктілігіңді арттыр. Жұмысың сапалы болсын.

Осман бин Аффан (р.а.) да бай сахаба болатын. Мадина шаһарының басты мәселелерінің бірі – сутапшылығы еді. Жұрт ауыз суды сатып алатын. Тұщы су құдық Рума есімді яһудидің жеке меншігі болатын. Бұл мәселені шешу үшін пайғамбар: «Кімде-кім Руманың құдығын сатып алса, оның сыйы – жәннат»,-деген үндеу тастады. Мұны естіген Осман (р.а.) көп кешікпей құдық иесінің айтқан қаражатын беріп, сатып алады. Сол күннен бастап, құдық суы тегін таратылатын болды. Осман (р.а.) да суды кезекпен тұрып алатын. Демек, байлық – құрал. Мейлінше, жақсылық жасауға мүмкіндік беретін құрал. Осы талапты ұстанған бабаларымыз дәулетін қоғамды дамытуға қосты. Бастысы, дүниені дұрыс пайдалана білу қажет. Дүниенің құлына айналмау керек. Дүние жанып тұрған от сияқты. Ошақтағы от үйді де жылытады, тамақты да пісіреді. Ал, дұрыс пайдаланбаса, адамды шаңырағымен қоса өртеп жібереді.

Пайғамбарымыз (с.ғ.с.):نِعْمَ الْمَالُ الصَّالِحُ لِلرَّجُلِ الصَّالِحِ

«Жақсы адамның қолындағы жақсы мал-дүние неткен жақсы»,- деген екен.

Мұса ЕРБАТЫР

 


[1] Әбу Нағим

[2] Хаким