Бас мүфти Түркиядағы Қазақстан елшісімен кездесті 1146

Бас мүфти Түркиядағы Қазақстан елшісімен кездесті

01 желтоқсан 2021 75 Оқу 1 минут

Бүгін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ресми сапармен Түркия Республикасына келді. Ең алдымен Бас мүфти бастаған делегация осы елдегі Төтенше және Өкілетті Елші Абзал Сапарбекұлымен кездесті.

Делегацияны жылы қабылдаған Елші Бас мүфтидің сапарына сәттілік тілеп, елшілік тарапынан барынша қолдау көрсететінін жеткізді.

Өз кезегінде Наурызбай қажы Тағанұлы Діни басқарма жолдамасы бойынша Түркияда діни білім алып жүрген қазақстандық студенттерге елшілік тарапынан әрдайым қамқорлық жасалып келе жатқанын тілге тиек етті.

«Бұл жолы сапарымызда діни білім алып жатқан шәкірттерге басымдық беруді жөн көрдік. Бауырлас мемлекетке елімізден білім іздеп келетін буынның қарасы көп. Олардың басын қосатын орта осы – елшілік. Сондықтан басты мақсатымыз – Түркиядағы шәкірттермен ортақ байланыс орнатып, олардың білім алуына жағдай жасап, әлеуметтік жағынан көмек көрсету. Бұл бағытта екі жақты жобаларымыз дайын» деді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Өкілетті Елші Абзал Сапарбекұлы Бас мүфтидің шәкірттермен байланыс орнату ұсынысын қолдайтынын айтып, Діни басқармамен тығыз қарым-қатынаста болатынын шегелеп айтты. Елші Бас мүфтидің бұл сапары екі елдің рухани байланысына оң ықпал ететінін ерекше атап өтті.

Айта кетсек Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы сапар барысында Түркия Дін Істері басқармасының басшысы Әли Ербашпен, сонымен қатар Түркияда діни білім алып жатқан шәкірттермен, «Талаба» және қазақ қауымдастығы, аталған елдегі бірнеше университет басшыларымен кездесіп, меморандум жасау жоспарланған. Одан бөлек Конья-Стамбұл бағытында бірнеше маңызды іс-шараға қатысады деп күтілуде.