Бас мүфти 2 қызметтік жаңа автокөліктің кілтін табыстады
Бүгін ҚМДБ-ның 35 жылдығына орай дін жанашырлары, кәсіпкерлер Темір аудандық «Досжан Ишан» мешіті мен Ойыл аудандық мешітіне автокөлік уақып етті. Аталған 2 қызметтік көліктің кілтін ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапары барысында облыстың орталық «Нұр Ғасыр» мешітінде табыстады.
Асыл дініміз Исламда қайырымдылық атаулының ең құрметтісі уақып деп танылады. «Уақып» сөзі шариғатымызда белгілі бір мүлікті (жарамсыз болып қалғанға дейін) үздіксіз қайырымдылық жолында жұмсауды уақып деп атайды.
Салтанатты шарада ҚМДБ Төрағасы Алла Тағаланың Құранда «Уа, иман келтіргендер! Маңдай терлеріңмен тапқан малдарыңды және біздің сендер үшін жерден шығарғандарымызды Алла жолында сарп етіңдер!» деген аятқа амал етіп, асыл дініміз Исламның қызметі жолында бірігіп, жомарттық танытқан кәсіпкерге, осындай сауабы мол игі іске мұрындық болған имамдарға, Алланың разылығын тілеп, алғысын айтты.
Сонымен қатар Бас мүфти тарихи мешіт Ойыл аудандық қызметтік көлікке демеуші болған ЖШС «АНВАР» сауда орталығының Бас директоры, облыстық маслихат депутаты Талғат Маратұлы мен Шалқар ауданында 12 баласы бар отбасыға баспана алуда аса жомарттық танытып демеушілік танытқан, Темір аудандық «Досжан ишан» мешітіне қызметтік көлік алуда да демеуші болған «ГАРАНТ СТРОЙ» ЖШС Бас директоры Серғазы Төреғалиұлының кәсіптеріне береке тілеп, алғыс хат табыстады.
Ақтөбе облыстық орталық
«Нұр Ғасыр» мешітінің баспасөз қызметі














































