ҚАЖЫЛЫҚ ЖАЙ ҒАНА САЯХАТ ЕМЕС, ОЛ – РУХАНИ ҚҰЛШЫЛЫҚ 2843

ҚАЖЫЛЫҚ ЖАЙ ҒАНА САЯХАТ ЕМЕС, ОЛ – РУХАНИ ҚҰЛШЫЛЫҚ

01 шілде 2023 705 Оқу 1 минут

Құрметті жамағат, қадірлі отандастар!

Қажылық – ислам дінінің бес тірегінің бірі. Қажылық парызды орындау үшін келесідей мәселелерге назар аударған жөн. Олар:

1.Қажылыққа рухани дайындық жасау

Қажылық парыз құлшылық болған соң оның өз шарттары мен ережелері бар. Мұсылман адам қажылық құлшылығына әуелі рухани дайындалуы қажет. Қажылық жай барып келетін (саяхат) жер емес. Сондықтан қажылыққа баратын кісі қасиетті мекенге шықпас бұрын қажылық жайында діни мәліметі болуы керек. Ал қажылыққа алдын ала рухани дайындалмаған адам Алланың рақымы түскен қасиетті мекенге саяхаттап келген адам секілді құлшылықтың ләззәтын ала алмауы мүмкін.

  1. Қажылыққа материалдық тұрғыда дайын болу

Қажылық құлшылығының өзге құлшылықтардан біршама өзгешеліктері мен ерекшеліктері бар. Қажылық парыз болуы үшін ең бірінші кезекте балиғат жасына толған, ақыл-есі дұрыс, денсаулығы жарамды және қаражаты жететін адам болуы керек. Міне, осы шарттар орындалғанда ғана оған өмірінде бір рет қажылыққа бару парыз болады. Сол үшін шариғатта зекет пен қажылыққа қаражатының жеткілікті болуы парыз етілген. Ал қаражаты жеткіліксіз адамға қажылыққа бару міндет емес.

  1. Қажылыққа сенімді тур фирмалар арқылы бару

Қажылық белгілі күндері және арнайы орындарды зиярат ету арқылы орындалатындықтан оған барлық мұсылман әлемінен келетін қажылар арнайы туроператорлар арқылы барады. Сол үшін әрбір қажылық парызын өтегісі келетін кісі осы жағын ескеріп, тиісті мамандарға жүгіне отырып, шешім қабылдауы тиіс. Мысалы, біздің елімізде қажылық рухани құлшылық болғандықтан бұл іспен Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының «Қажылық» бөлімі айналысады. Яғни елімізден баратын қажыларға қызмет көрсетуге қатысты арнайы лицензиясы бар және «Қажылық» бөлімі мақұлдаған туроператорлар ғана айналыса алады. Одан тыс туроператордың қызметі заңсыз болып табылады. Сондықтан Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қажылық сапарын ұйымдастыруға қабілетті деп таныған және Мүфтият жариялаған тізімге сай туроператордың қызметіне жүгіну керек екендігін басты назарда ұстаған жөн. Осы ретте 2023 жылғы қажылық маусымында заңсыз жолдар арқылы орын алған «Zam-Zam Qazaqstan» сынды компаниялардың арбауына түсіп қалмауға шақырамыз.   

 

Құрметті әлеумет!

Қажылық – пендеге өмірінде бірақ рет берілетін үлкен мүмкіндік. Қажылық құлшылық рәсімі болғандықтан бұған немқұрайлы қарамау керек. Қажылыққа барған кісіге «Алланың қонағы» деп айтылады. Қажылық жасау бақыты бұйырған пенделер бір Құбылаға жиналып, құлшылық атқарады. Бір тілекте дұға жасайды. Сондықтан жылына бір рет орындалатын сапарға жан-жақты дайындалып барған жөн.

 

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы