ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАЖЫЛАР НЕГІЗГІ ҚАЖЫЛЫҚ ПАРЫЗЫН АЯҚТАДЫ 1922

ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ҚАЖЫЛАР НЕГІЗГІ ҚАЖЫЛЫҚ ПАРЫЗЫН АЯҚТАДЫ

12 шілде 2022 78 Оқу 1 минут

Меккеге жиналған қазақстандық қажылардың қажылық парызы аяқталды. Осыған орай Қазақстан қажылық миссиясы арнайы жиын өткізді.

Жиынға миссия төрағасы, наиб мүфти Ершат Оңғар, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Дін істері комитетінің өкілі Сүйіндік Рахимов, ҚМДБ Қажылық бөлімінің жетекшісі Жәнділлә Бекжігітов, дәрігерлер тобының жетекшісі Әбдіжаппар Еркінұлы, басқа да Қазақстан қажылық миссияның мүшелері қатысты. Басқосуда биылғы қажылықтың жай-жапсары, қажылардың хал-ахуалы сөз болды. Сондай-ақ миссияның бес бағыты бойынша жұмыс есебі тыңдалды.

ҚМДБ Қажылық бөлімінің жетекшісі Жәнділлә Бекжігітов қажылық рәсімдерін ұйымдастыру-үйлестіру жұмыстары бойынша, ҚМДБ Уағыз-насихат бөлімінің меңгерушісі Батыржан Мансұров Мина, Мұздалифа және Арафатта айтылған уағыз-насихат, Шариғат және пәтуа бөлімінің маманы Медет Құрсақов қажылардан келіп түскен сұрақтар, Ақпарат бөлімінің маманы Серікбол Хасан қажылық кезіндегі ақпараттандыру жұмыстары жайлы баяндады. Жиын соңында наиб мүфти Ершат Оңғар миссия мүшелеріне алғыс айтып, алдағы Мәдинада өтетін іс-шараларды ойдағыдай өткізуге тілектестік білдірді.

Айта кетейік, бүгін қазақстандық қажылардың соңғы легі Минадан Меккеге оралып, қажылық құлшылықтарын түгел атқарды. Енді аздаған күннен соң қажылардың бір тобы елге орала бастайды. Ал қажылардың бір тобы Мәдина қаласына аттанып, қасиетті орындарды зиярат етеді.