АНАНЫҢ АҚ БАТАСЫ 386

АНАНЫҢ АҚ БАТАСЫ

04 желтоқсан 2020 225 Оқу 1 минут

Таурат кітабын жетік білген һәм сахабалардан тәлім алған табиғин ғұлама Уаһб бин Мұнаббих Алла Тағала Мұса Калимуллаға (ғ.с.): «Ей, Мұса! Ата-анаңды құрметте! Ата-анасын құрметтеген адамның өмірін ұзақ етемін және жақсылығы мол перзент сыйлаймын. Ал, әке-шешесін ренжітетін адамның өмірін қысқа етемін және тек жамандық көретін перзент беремін», - деп уахи еткен екен», - дейді. Ақиқатында, мына жалғанда Хақ Тағалаға иман етіп құлшылық еткеннен кейінгі пенденің парызы ата-анасына жақсылығын аямай төгу.

Тәпсіршілер атасы сахаба Ибн Аббас (р.а.): «Әке-шешесі бар әрбір мүмин күндіз-түні жақсылық жасаса, Алла Тағала оған жәннаттың екі қақпасын ашып қояды», - деген. Міне, бұл сахабалар мен табиғиндердің ұстанған жолы. Құранды пайғамбар шаңырағында үйренген Аббасұлы Абдулланың (р.а.): «Мен анасына жақсылық жасаудан артық Аллаға жақындататын ізгі амалды білмеймін», - деген ғажап сөзі бар. Демек, барша жақсылық атауынан оқ бойы озып тұратын бірден-бір ізгі амал – ақ жаулықты ананың жүрегін қуанышқа бөлеу. Мына таусылмайтын күйбең тіршіліктің күрмеуін шеше алмай басымызды тауға да, тасқа да ұрып жатамыз. Мәселемді шешіп қалар деген үмітпен талай кісінің табалдырығын тоздырамыз. Десе де, бір сәтке анамыздың ақ батасын алуды ойламаймыз. Ана тілегі шешпейтін мәселе жоқ. Мұнда ескере кететін бір жайт бар, ананың батасы орындалуы үшін бес уақыт намаз оқитын, керемет тақуа болуы шарт емес. Бұл – Жаратқанның анаға берген шексіз сыйы. Оның перзентіне арнап жасаған дұғасы қабыл етіледі.

Перзент те ата-анасына ұдайы дұға жасап жүруі қажет. Сахабалардан: «Ата-анаға дұға жасауды доғару перзенттің тіршілігін қиындатып жібереді», - деген даналық сөз қалған. Кағб Ахбар: «Алла Тағала әке-шешесіне жаман қарайтын пендеге азабын тез беру үшін ажалын асықтырады. Ал, ата-анасына жақсы болған адамға мол жақсылық беру үшін өмірін ұзартады», - деп, әке-шешеге жасалған жақсылық адамның өз перзенттерінен қайтатындығын айтқан. Жамандық та солай. Ал енді, Суфиян бин Ғұйайна «...Маған және ата-анаңа шүкіршілік ет!...[1]» аятының астарлы мағынасын түсіндіре келе: «Аллаға шүкіршілік ету – бес уақыт намаз оқумен, ата-анаға шүкіршілік ету – әр намаздан соң дұға жасаумен (білдіріледі)»,-деген екен.

Хасан Басриден Һишам бин Хисан: «Мен Құран үйреніп отырған кезде анам кешкі асты ішпей күтіп отырады», - деп жөн сұрайды. Сонда Хасан: «Анаңмен бірге кешкі асты ішіп, оның көңілін тыныштандыруың, нәпіл қажылықтан жақсырақ», - деп жауап берген екен. Міне, бұл анаға қаншалықты дәрежеде көңіл бөлу керектігін көрсетеді. Ендеше, анаңызға әдемі көйлек пен орамал сыйлап, ақ батасын алуға асығыңыз.

Ибраһим МҰСТАФА,

арнайы nurgasyr.kz үшін

 

[1]Лұқман сүресі, 14-аят