Ана, ақымды төлеңіз... 498

Ана, ақымды төлеңіз...

01 сәуір 2021 249 Оқу 1 минут

Осы аптада түскі ас ішуге деп берген теңгесін Мұса бір-екі күнде-ақ жұмсап үлгерген еді. Мұнан әкесі бейхабар. Сондықтан анасына келіп әкесінен тығып, біраз ақша беруін сұрады. Бірақ, анасы «бермеймін» деп кесіп айтты. Өйткені, бала бар ақшасын болмашы нәрселерге жаратқан еді. Мұса мұндай «әділетсіздікке» тап болам деп ойламаған болуы керек, еңсесі түсіп, жөніне кетті.

Кешкі мезгіл. Анасы асханада ас әзірлеп, шапқылап жүр. Бала келіп, үнсіз ғана алдын-ала әзірлеп қойған бір жапырақ қағазын ұсынды. Анасы су-су қолын сүлгіге сүрте сала әлгі қағазға үңілді. Баласы ақ параққа:

1. Осы аптада бөлмемді тазалау – 500 теңге;

2. Дүкенге азық-түлікке бару – 500 теңге;

3. Інімді аулаға шығарып ойнату – 1000 теңге;

4. Үй ішін жинауға жәрдемдесу – 1500 теңге;

5. Апта бойы «өте жақсы» деген баға алу – 1500 теңге.

Қорытынды: 5000 теңге. Еңбегімді бағалап, ақымды кешіктірмеуіңізді сұраймын»,- деп жазыпты.

Үнсіз бақылап тұрған баласына мейіріммен күлімсіреп: «Балам, бір парақ қағаз бен қалам әкеле қойшы», - деді. Сосын анасы ақ параққа былай деп жазды:

1. Тоғыз ай құрсағымда көтеру – тегін;

2. Жиырма ай толық ақ сүтімді емізу – тегін;

3. Алғашқы алты жыл бойы жөргегің мен киім-кешегіңді тазалау – тегін;

4. Ауырған кезіңде ұйқысыз өткізген түндерім – тегін;

5. Шыр етіп дүниеге келген шағыңнан осы күнге дейін «сен» деп, шаршап-шалдығуым – тегін;

6. Сенің жағдайыңды уайымдап, көзіме жас алған кездерім – тегін;

7. Күнделікті үш мезгіл ас, киім-кешегіңді тазалау және саған арнайы көңіл бөлу – тегін;

8. Менің саған деген аналық махаббатым – тегін».

Мұны оқыған баланың қос жанары жасқа толып «қалайша мұны байқамадым» деп, анасын құшақтап: «Анашым, мені кешіріңізші. Сізді қатты жақсы көремін»,- деуге ғана шамасы келді. Осы сәтте періштедей таза бала санасында ананың махаббаты өтелмейтін қарыз екені мәңгіге жазылғандай еді. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің бір көрген түсін баяндап: «Түсімде жәннатта жүр екенмін. Кенет Құран оқып жатқан кісінің дауысын естідім. «Бұл кім?», - деген сұрағыма «Харис бин Нұғман» деді. Мен: «Міне, анаға осылай жақсылық жасалады. Анаға осылай жақсылық жасалады», - дедім. Харис бин Нұғман адамдар ішінде анасына жақсылық жасауда ерекше еді», - дейді. Сондықтан перзенттік парызының сыйы ретінде көзі тірісінде жәннатпен сүйіншіленген сахаба болды.

Құрметті досым! Мүмкіндігінше жақсылықты талап етуші емес, оны жасаушы бола білейік. Өйткені, адамдардан көрген жақсылықты біз байқай бермейміз. Әсіресе, ата-ананың жасаған жақсылығын. Біздің оларға берешегіміз көп екенін әсте ұмытпайық.

 

Төлеби Оспан

Ақтөбе облысының Бас имамы