ҚАҒБАНЫҢ ІШІНДЕ НЕ БАР? 2839

ҚАҒБАНЫҢ ІШІНДЕ НЕ БАР?

16 шілде 2023 126 Оқу 1 минут

Қағба – адам баласының құлшылық етуі үшін тұрғызылған ең алғашқы ғибадат үйі әрі иісі мұсылманның құбыласы. Ол қасиетті Мекке қаласында орналасқан. Қағба – текше пішінді ғимарат. Арабтар текше пішінді үйді «Қағба» деп атайды.

Биіктігі – 15 метр, аумағы – 180 шаршы метр. Оның төрт бұрышы бар: қара тас тұрған бұрышы, Ирак, Шам және Йемен бұрышы. Қағбаның ішінде не бары көпке жұмбақ. Бір ғасыр бұрын бұл сұрақ қойылмайтын. Себебі кез келген адам Қағбаға кіре алатын. Алайда қажылыққа келушілер санының артуына және басқа да факторларға байланысты оның есігі тазалау үшін ғана жылына екі рет ашылатын болды. 2016 жылы Сауд Арабиясы мемлекеті оның бір рет Мұхаррам айында жуылатынын жариялады. Сондай-ақ Сауд Арабиясы Корольдігінің рұқсатымен жоғары лауазымды тұлғалар мен ерекше қонақтар үшін де ашылады.

Алдымен Қағбаның есігінен бастасақ. Қағбаның есігі қара тас тұрған бұрышқа жақын. Шамамен 2 метр биікте орналасқандықтан, баспалдақ арқылы көтеріледі. Есікте жасаған шебердің қолтаңбасы бар. Есікті әшекейлеуге 280 келі алтын қолданылған. Әлемдегі ең қымбат есік – осы Қағбаның есігі. Қағбаның кілті Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) кезінен бастап Бани Шәйба отбасында сақталып келеді.

Қағбаның ішіне кіргенде хош иіс шығып тұрады. Өйткені оны тазалағаннан кейін көп мөлшерде хош иісті әтірлер себіліп, сүртіледі. Еденіне ақ мәрмәр тақталар төселген. Жоғары жағында түсі мен төселуі жағынан ерекше бір тұс бар. Бұл – мұсылмандар Меккені алғаннан кейін Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) намаз оқыған жері. 

Қабырғасының астыңғы бөлігі – ақ мәрмәрмен, ал есік үстіндегі бөлігі мен төбесі күміспен Құран аяттары жазылған жасыл жібек матамен қапталған. Қабырғаларына он тақтайша ілінген. Ол тақтайшаларда Қағбаны салуға, жөндеуге қатысқан билеушілердің есімдері жазылған.

Қағбаның төбесін үш қоңыр түсті бағана ұстап тұр. Бұл бағаналар ағаштың ең берік түрінен жасалғандықтан, шамамен 1350 жыл бойы бұзылмаған. Оны кезінде Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахабасы Абдулла ибн Зубайр салған екен. Бағандардың арасына алтын жалатылған арқан байланған, онда күміс, мыстан жасалған көптеген көне шамдар мен дұғалары бар әртүрлі ыдыстар орналасқан. Қағбаның оң жағында «тәубе» деп аталатын есігі бар. Ол есік арқылы Қағбаның төбесіне шығатын баспалдақ бар. Мешіт қызметкерлері Қағбаның жабындысын ауыстыру үшін осы баспалдақпен көтеріледі. 

Қағбаның кіреберісіндегі екі бағананың арасында орташа өлшемді ағаштан жасалған үстел бар. Үстелдің тартпаларында Қағбаға себілетін әтірлер және басқа керек-жарақтар сақталады.

 

Медет ҚҰРМАШҰЛЫ

«Иман» журналы, №6, 2023 жыл