ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЫМ-ТЫЙЫМДАРЫ ДІНГЕ ҚАЙШЫ ЕМЕС ПЕ?
Ырым – адам баласының естіген, айтқан, көрген нәрселерін жақсылыққа не жамандыққа жорамалдауы.
Бір істі жамандыққа жорамалдау, мысалы қара мысықтың жолды кескенін жолы болмайды деу қате болып есептеледі. Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын):
لا عَدْوَى وَلا طِيَرَةَ وَيُعْجِبُنِي الْفَأْلُ قَالُوا وَمَا الْفَأْلُ قَالَ كَلِمَةٌ طَيِّبَةٌ
«Індет, (яғни арабтар сау адамның арасында ауру жүрсе індеті өздігінен жұғып кетеді деген сенімі) жаман ырым исламда жоқ. Бірақ маған «әл-фәл» ұнайды. Сонда олар: «әл-фәл дегеніміз не? деп сұрағанда, Ол (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «жақсы сөз» – деп жауап берді»[1].
Муаммар Исмайыл ибн Умаядан: «Үш нәрседен адам баласы құтыла алмайды: жаман ырым, жаман ой, күншілдік», – деген хабарды келтіріп, жаман ойдан оны сөйлеп жүзеге асырмау арқылы, күншілдіктен бауырыңа жамандық тілемеумен, жаман ырымнан оны істемеу арқылы құтыласың дейді[2].
Әл-Мәнәуи: «Жаман ырымнан – өзінің негізгі мақсат еткенінен (жолын қара мысық кесіп өтсе де арқа) қайтпай, ниет еткен жеріне бағытталып бір Раббысына тәуекел етуімен құтылады»[3], – деген.
Ал көңілге жағымды нәрселерді жақсылыққа жоруға дінімізде рұқсат етілген. Мысалы ауырып жатқан адамға ырымдап «Уа, Сәлим! (дені сау адам)» деп айту. Әрине мұны естіген науқастың жүрегінде ауруынан айығуға деген үміт оянады[4]. Бұл жақсы ырымды жоғарыдағы Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Маған «әл-фәл» ұнайды» деген хадисі құптайды.
Ибн Хажар имам әл-Хуләймидің мына сөзін келтіреді: «Пайғамбарымыздың (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) «әл-фәлді» ұнатуына келсек, өйткені жаман ырым ол ешбір себепсіз Аллаға деген жаман ойда болуды білдіреді. Ал жақсы ырым жақсы ойда болуды аңғартады. Мұсылман қай жағдайда болса да Аллаға жақсы ойда болуға әмір етілген»[5].
Сондықтан кез келген бір нәрсені жақсылыққа ырымдап, жақсы сөз сөйлеу шариғатымызда рұқсат етілген. Ал жаман ырымдарға тыйым салынады.
ҚМДБ Шариғат және пәтуа бөлімі
[1] Бұхари, №5776. Муслим, №2224.
[2] Ибн Баттал, «Шарху сахихи әл-Бухари», №1102. 9/261.
[3] «Фәйду әл-қадир», 3/402, 4/595.
[4] Нәуауи, «Шарху Муслим», 14/220.
[5] «Фәтху әл-бәри», 11/376. Әл-Хуләйми, «әл-Мәнһәжу фи шұғби әл-иман», 2/25.