ӨЗГЕ ДІНДЕГІ АДАММЕН ДИАЛОГ 284

ӨЗГЕ ДІНДЕГІ АДАММЕН ДИАЛОГ

28 қазан 2020 178 Оқу 1 минут

Адаммен ортақ тіл табыса білу өте маңызды. Кейде бір мешіттің өзінде намаз оқитын жамағаттың сөзі жараспай жататын жайттарын көріп, қынжылатынымыз бар. Құран Кәрімде:

يَا أَيُّهَا النَّاسُ إِنَّا خَلَقْنَاكُمْ مِنْ ذَكَرٍ وَأُنْثَى وَجَعَلْنَاكُمْ شُعُوبًا وَقَبَائِلَ لِتَعَارَفُوا

«Уа, адамдар! Анығында, сендерді бір ер, бір әйелден (Адам, Хауадан) жараттық. Сондай-ақ бір-біріңді тануларың үшін сендерді ұлттар, рулар етіп жараттық...[1]», - деп баян етеді.

Алла Тағаланың бұл бұйрығын ең әуелі іс жүзінде үлгі етіп көрсеткен Пайғамбарымыз () екенін мәлім. Ардақты пайғамбарымыз () діні бөлек адамдармен салауатты сұхбат құру, ортақ тіл табудың ең жоғары өрнегін көрсетті. Мұндай диалогтың басты принциптері Құран Кәрімде:

ادْعُ إِلَى سَبِيلِ رَبِّكَ بِالْحِكْمَةِ وَالْمَوْعِظَةِ الْحَسَنَةِ وَجَادِلْهُمْ بِالَّتِي هِيَ أَحْسَنُ

«Адамдарды Раббыңның жолында даналық және көркем үгіт арқылы шақыр. Әрі олармен көркем түрде пікір таластыр..[2]», - деп айтылғандай, әдеп пен көркем мінез. Ендеше, осындай диалогтың біріне назар аударайық. Бұл Ади бин Хатим Тоимен болған әңгіме еді. Пайғамбарымыз () оған: «Мұсылман бол, Құдай алдында құтыласың», - дейді. Хатим: «Менің дінім бар», - дегенде, пайғамбарымыз (): «Иә, білемін, сен рукустар[3] дінінде емессің бе?», - дейді. «Иә, солай».«Олжаның төрттен бірін алатын емес пе еді?», - деді тағы. Ади: «Иә, солай», - деп онысын да мойындады. Сонда пайғамбарымыз (): «Бұл әрекетің сенің дініңде адал емес екенін білесің ғой», - деді. Ади: «Уаллаһи, бұл да рас», - деді. Пайғамбарымыз (): «Сені Исламға келуіңнен не тосып тұрғанын білемін. Бұл дінге адамдардың ең әлсізі, ешбір күш-қуаты жоқтар, арабтар жаратпай тастағандары ілесуде дейсің ғой. Сен Хираны білесің бе?», - деді. Ади: «Мен ол жерді көрмегенмін, бірақ ол жайлы естігенмін», - деді. Пайғамбарымыз (): «Менің жаным қолында болғанмен ант етемін, бұл дінді Алла Тағала соңына дейін жеткізеді. Тіпті, Хирадан жолаушылап шыққан әйел (жолда ешбір серіксіз, қауіп-қатерсіз) жалғыз өзі Қағбаны тауаф ететін болады. Әрі Хурмұзұлы Кисраның қазынасы беріледі», - дейді. Ади: «Хурмұзұлы Кисраны (парсы патшасын) айтып тұрсыз ба?», - деп сұрады. Пайғамбарымыз (): «Иә, Хурмұзұлы Кисраны. Мал-мүлік таратылып, тіпті алатын адам қалмайды[4]», - дейді. Ал енді, бұл диалогты талқылап көрелік:

Ең әуелі, байқағанымыз пайғамбарымыз () қарсы алдында тұрған адамға ерекше құрметпен, оның қоғамдағы мәртебесіне лайықты деңгейде әңгімелесуде. Демек, әңгімеде сұхбаттас кісіге сый-құрмет білдіру маңызды.

Екінші жайт, қозғалған мәселенің нәзік тұстарын да білген жөн. Негізсіз және дәйексіз сөздер айту өрескел қателік. Бұл қарсы алдыңыздағы адамның ең қастерлі деген ұғымдарын аяқ асты етуге алып келуі мүмкін. Пайғамбарымыз () Адидің ұстанған діні жайлы айтқан сөздері, оның көңілінен шықты, қала берсе мойындады. Міне, осындай деңгейде білген жөн.

Ең соңғысы, адамның дүниетанымына лайықты мәселелерді қозғау. Ади бин Хатим өте жомарт, өз тайпасының жанашыры, еліне қолғабыс етіп жүретін азамат еді. Пайғамбарымыз () Адидің (р.а.) ең маңызды міндеттеріне жанасатын мәселенің шет-жағасын айтты. Мұсылман болсаң, ертеңгі күні елдің әлеуметтік тұрмысы түзеледі. Ер кісі былай тұрсын, әйел баласының өзі ұзақ сапарды жалғыз өтсе де жолдар қауіпсіз болады деп түсіндірді.

Әрине, сұхбаттасып тұрған адам сіздің жан дүниеңізді сезіп әңгімелесіп тұрса, сізге лайықты сый-құрметін білдіріп жатса, оның шын жүректен қабыл етіп, оның сөзіне құлақ асасыз емес пе?

Мұса ЕРБАТЫР,

арнайы nurgasyr.kz үшін

Ақтөбе қаласы

 


[1]Хужурат сүресі, 13-аят

[2]Нахыл сүресі, 125-аят                                                             

[3] Рукус – Шам аймағын мекен еткен христиан дінін ұстанатын тайпа

[4] Ибн Хишам, Сира кітабынан