АЙТ КҮНІ ОРЫНДАЛАТЫН ІЗГІ АМАЛДАР 6183

АЙТ КҮНІ ОРЫНДАЛАТЫН ІЗГІ АМАЛДАР

20 наурыз 2026 5 Оқу 1 минут

Айт – мұсылман әлеміндегі ең маңызды әрі қасиетті мерекелердің бірі. Ислам дінінде жыл сайын екі үлкен айт мерекесі атап өтіледі. Біріншісі – Ораза айт, екіншісі Құрбан айт. Бұл мерекелер тек діни рәсім ғана емес, сонымен қатар рухани тазару, кешірім, мейірімділік пен бауырмалдықты нығайтатын ерекше күндер.

Қазақ халқы да ислам құндылықтарын бойына сіңіре отырып, айт мерекесін ғасырлар бойы ұлттық дәстүрмен ұштастырып келеді. Халық арасында бұл мерекені «айттау» деп атап, бір-бірін құттықтап, ізгі тілектер білдіру кеңінен таралған.

Айт – араб тілінен аударғанда «қайта оралу», «мереке» деген мағынаны білдіреді. Бұл күндерде мұсылмандар Аллаға шүкіршілік етіп, жасаған құлшылықтарының қабыл болуын тілейді. Ораза айт қасиетті Рамазан айының аяқталуына байланысты тойланса, Құрбан айт қажылықпен тығыз байланысты.

Ораза айт кезінде мұсылмандар бір ай бойы ұстаған оразасының аяқталғанына қуанып, таңертең айт намазын оқиды. Қазақ халқының айт мерекесіне қатысты ерекше дәстүрлерінің бірі – айттау. Айттау дегеніміз – айт күндері туыстар мен көршілерді аралап, бір-бірін құттықтау, амандасу және жақсы тілектер айту. Бұл дәстүр адамдар арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, қоғамдағы татулықты арттырады.

Айт күні адамдар таңертең ерте тұрып, таза киімдерін киіп, мешітке барып айт намазын оқиды. Намаздан кейін бір-бірімен қол алысып, «Айт құтты болсын!», «Алла қабыл етсін!» деген сияқты тілектер айтады. Бұдан кейін үлкендерге барып сәлем беріп, батасын алады.

Балалар үшін айт ерекше қуанышты мереке. Олар жаңа киім киіп, үйлерді аралап, тәттілер жинайды. Бұл дәстүр қазақ қоғамында балалардың қуанышын арттырып, мерекелік көңіл-күй қалыптастырады.

Айт күні туыстарды аралап, ахуал сұрасу өте маңызды іс. Өйткені туыстық қарым-қатынасты сақтаудың мұсылман адам үшін мән-мағынасы өте үлкен. Ыбырай Алтынсарин атамыз: «Балаға берілетін бірінші тәрбие ата-анасын, туған-туысын, жолдасын сыйлауға үйретуден басталады», – деген. Туыс-туғанмен қарым-қатынас орнатудың бір әулетті ғана емес, жалпы қоғамдық бірліктің берік болуына ықпалы зор. Қазақ халқы мұндайда: «Туысы бірдің – уысы бір» дейді. Алла Тағала қасиетті Құранда пенделеріне туысқандық қарым-қатынасты сақтауды бұйырып: «Негізінде Алла әділетті, игілікті және ағайынға қарайласуды бұйырады. Және арсыздықтан, қарсылықтан һәм зорлық көрсетуден тыяды. Сендерге насихат береді. Әрине түсінерсіңдер», – деп айтқан («Нахыл» сүресі, 90-аят).

 Бірде бір адам Пайғамбарға (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) келіп: «Маған жаннатқа кіруіме көмектесетін бір амал айтыңыз» дегенде Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Аллаға құлшылық ет, әрі Одан басқа ешкімге құлшылық етпе, намаз оқы, зекет бер және туысқандық қарым-қатынасты сақта», – деген.

Айт күні көршілердің де жағдайын біліп, мерекемен құттықтап, сыйлық беру үлкен сауапты істің бірі. Ислам дінінде көрші ақысына үлкен маңыз беріледі. Бұл жайында қасиетті аят, хадистерде көп өсиет айтылған. Құран Кәрімде: «Аллаға құлшылық етіңдер. Оған ешқандай да серік қоспаңдар. Ата-аналарың мен жақындарыңа, жетімдер мен міскіндерге, туысқан көршілерге, туыс емес көршілерге (жақсылық жасаңдар)», – делінген («Ниса» сүресі, 36-аят).

Көрші ақысы жөнінде Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген өсиеттер айтқан. Айша анамыз: «Бірде мен Алла елшісінен (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Уа, Расулалла! Менің екі көршім бар, соның қайсысына сыйлық берейін?» деп сұрадым. Сонда ол: «Есігі ең жақын орналасқанына», – деп жауап берді», – дейді.

Жақсылық жасауға ең жақын көрші лайықты. Оның салмақты себебі бар. Әдетте кісі қабырғалас немесе жақын көршісінің үйінде не болып жатқанынан хабардар. Келімді-кетімді адамның бәрін көреді. Қандай да бір қиындыққа тап болғанда қасынан табылатын да сол көршісі. Сондықтан ондай көрші жақсылық жасауға әбден лайық. Дана халқымыз: «Алыстағы ағайыннан жақындағы көрші артық», – деп айтқан.

Айт күні дос-жарандарды зиярат еткен абзал. «Зиярат» сөзінің қазақ тіліндегі баламасы қал-жағдайын сұрау үшін бару, арнайы көріп қайту деген мағыналарды қамтиды. Зиярат ету – туыстар мен дос-жарандар және де басқа адамдар арасындағы байланысты нығайту мен сүйіспеншіліктің артуына себепші болатын амалдардың бірі.

Алла Тағала: «Мен үшін (Менің разылығымды көксеп) бір-бірін зиярат ететін, Мен үшін бір-бірін сүйген һәм Мен үшін бір-бірімен жүздескен пенделерге Менің махаббатым уәжіп болды», – деген. Досымен жүздесуге бара жатқан жолда бір кісіге періште кезігіп: «Сен ізгі амал жасадың. (Досыңа бара жатқан жолда) басқан қадамдарың игі қадам болып, өзіңе жәннаттан орын дайындадың», – дейді. Осынау сауаптың барын біле тұра мүмин адам осы амалға қалайша асықпасын?! Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) сахаба Әбу Һұрайраға былай дейді: «Уа, Әбу Һұрайра! Бауырларыңды ара-кідік зиярат етіп тұр. Сүйіспеншіліктерің артады».

Айт күні мұқтаж адамдарға садақа бергеннің де сауабы мол. Алла берген нығметті Алла жолында жұмсау – сауапты амал. Шексіз нығмет Иесі болған Алла адам табиғатында өзгеге жәрдем ету, барын бөліп беру сезімін жаратқан. Жасалатын жақсылық істің садақа болуы үшін діни тұрғыдан үш ерекшелікке ие болуы керек: мұқтаж жанға беру, Алла разылығы үшін беру, берілген садақа өз мүлкінен, адал табысынан болуы тиіс.

Әлемдегі барлық жаратылыс адамзаттың игілігіне берілгенімен, бүкіл жаратылыстың шын мәніндегі Иесі – Алла. Алла бізге мал-мүлік берсе, Алланың берген нығметіне шүкіршілік етіп, орнымен жұмсап, шүкіршілігі ретінде белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін ескертеді. Бұл туралы Құранда Алла Тағала былай дейді: «Олардың малдарында қайыршының және (сұрауға намысы жібермеген) жарлының да ақысы бар» («Зарият» сүресі, 19-аят).

Пенде мұқтажға садақа берумен сауапқа кенеледі әрі мүлкінен ештеңе кемімейді. Садақаны басымызға іс түспей тұрып, не жан алқымға келмей тұрып беру керек. Садақа беру жай ғана сауапты амал емес, оның тағы бір ерекшелігі –  Алланың ашуын басатын амал. Әркім жағдайына байланысты садақа береді. Оның нақты бір шектеулі өлшемі жоқ деуге болады. Дегенмен садақаның ең төменгі мөлшері ретінде Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) былай деген: «Жарты құрма болса да беріп, оттан сақтаныңдар».

Алла Тағала ұлық мерекеміз – Ораза айтта атқаратын ізгі амалдарымызға мол сауап жазғай. Айт қабыл болсын!

Ержан ТӨЛЕПОВ, 

Түркістан облысының бас имамы