ТҮС ЖОРУДА НЕНІ ЕСКЕРУ КЕРЕК?
Ұйықтап жатқанда түс көру – пенде баласына тән тылсымның бірі. Көп адам «түс – тәңірдің аяны» деген сеніммен көрген түсінің «құпиясын» ашуға тырысады. Енді біреулер «түс – түлкінің тезегі» деп, қолды бір сілтеп, мән бермейді. Ұйықтау және түс көру – Алланың кереметінің бірі. Алла Тағала Құран Кәрімде: «Түнгі және күндізгі ұйқыларың әрі Оның кеңшілігінен ризық-несібелеріңді табуларың – Оның айқын дәлелінің бірі. Міне, осының өзінде құлақ асатын жандар үшін айқын белгілер бар», – деген («Рум» сүресі, 23-аят). Ендеше, түс жорудың дініміздегі үкімі қандай?