«Жүректі тазалау» деген не? 1141

«Жүректі тазалау» деген не?

30 қараша 2021 338 Оқу 1 минут

 Сұрақ: Мен имамдардан «жүректі тазалау керек» деген сөзді жиі естимін. Мұның мағынасы не?

Жауап: Бұл сұраққа нақты жауапты алу үшін Абайдың он жетінші қара сөзіне назар салайық. Абай бұл сөзінде:

«Онан соң жүрек айтыпты: «Мен – адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ. Жұмсақ төсекте, жылы үйде тамағы тоқ жатқан кісіге төсексіз кедейдің, тоңып жүрген киімсіздің, тамақсыз аштың күй-жәйі қандай болып жатыр екен деп ойлатып, жанын ашытып, ұйқысын ашылтып, төсегінде дөңбекшітетұғын – мен…», – деп жүректі адам денесінің патшасы ретінде қарай отырып, оны адамгершілік сипаттарының қайнар көзі, ұлы мекені деген танымды түсіндіреді.

Расында адам денесінің әрбір мүшесі арнайы бір іс үшін жаратылғаны мәлім. Біздің әрбір мүшеміздің орындайтын өз міндеті бар. Ол міндетті сол белгілі мүшеден артық әрі жақсы ешкім орындай алмайды. Дене мүшесі сырқаттанып қалған жағдайда, оның орындауы тиіс әрекеті іске аспай қалады немесе қажетті деңгейде орындалмайды.

Сол сияқты егер жүрек ауырса, онда адамның жаны ауыр дертке шалдығады. Жүрегі (тәкаппарлық, зұлымдық, дүниеқұмарлық, көреалмаушылық, іштарлық сияқты т.б. көптеген) дерттерге шалдықса, онда адамның амал-әрекеті, сөйлеген сөзі барлығы да өтірік немесе бұзық бола бастайды. Себебі жүрек – адам денесінің патшасы.

Пайғамбардың (с.ғ.с.) айтқан мәшһүр хадисі бар:

«Адамның бойында бір кесек ет бар. Егер ол жақсы болса, онда күллі дене жақсы. Егер жаман болса, онда күллі дене бұзылады. Шынында ол – жүрек» (Бұһари, Мүслим).

Хадистегі бір уыс ет – жүрек. Егер ол ет сау болса, онда адам да сау-саламатта жасайды. Егер ауру болса, адам да сырқатты болады. Абайдың сөзімен айтқанда «жүрек – әмірші». Оның бұйрығы бүкіл денеге тарайды. Сондықтан да жүрек неғұрлым таза болса, адамның амалы да, жүріс-тұрысы да жақсы әрі көркем болмақ.

Жалғас САДУАХАСҰЛЫ