ШЕЙІТТІҢ ДЕНЕСІ ШІРІМЕЙДІ ДЕГЕН РАС ПА? 128

ШЕЙІТТІҢ ДЕНЕСІ ШІРІМЕЙДІ ДЕГЕН РАС ПА?

22 қыркүйек 2020 459 Оқу 1 минут

Сұрақ: Әссәләәму алейкум!

Жақында Мекке мешітінің кеңейту жұмыстары кезінде шірімеген ғалымның денесі табылды деген ақпарат тарады. Осы жайлы білуге бола ма?

 

Жауап: Уа алейкум ассалам!

Ақпаратта Мекке мешітінің кеңейту жұмыстары кезінде 200 жыл алдын жерленген имам Науауидің денесі бұзылмаған күйде табылғандығы айтылған. Ақпараттың өзіне келсек, хадистанушы ғалым 631-676һ.ж./1233-1277 жылдар аралығында өмір сүрген. Сондай-ақ, туған жері Науа ауылында қайтыс болды. Науа – Сирияның астанасы Дамасктің оңтүстігінде 85 шақырым қашықтықтағы қала. Демек, ақпарат имам Науаиге қатысты емес.

Ал енді, шейіттердің денесі шірімейтіндігі жайлы:

إِنَّ اللَّهَ عَزَّ وَجَلَّ حَرَّمَ عَلَى الْأَرْضِ أَجْسَادَ الْأَنْبِيَاءِ

«Алла Тағала жерге пайғамбарлар денесін харам етті (шірімейді)[1]»,-деген риуаят бар. Сондай-ақ, кейбір ғалымдар шейіттердің де денесі шірімейді деген.

Құртуби: «Шейіттердің және жеті жыл қатарынан сауап үшін азаншы болғандардың денесін жер жемейді. Шейіттердің денесін көргендер бұған куә. Ұзақ уақыттан кейін денелерін қаз қалпында екенін көрген. Бұл тарих және басқа да кітаптарда айтылған[2]», - дейді. Бұған қоса, сахаба Жабир (Алла оған разы болсын) Ұхуд ғазауатында шейіт болған әкесі туралы әңгімесінде: Ол ең әуелі өлтірілген кісі, онымен бірге басқа адам бір қабірге жерленді. Соңында әкемді басқа біреумен бірге жерленгендігі көңіліме тыныштық бермеді. Әкемнің қабірін алты айдан кейін аштым, оның құлағынан басқа денесі түгелімен өз қолыммен қойған күндегідей еді[3]», - деген.

Ибн Әбу Ғизз Ханафи: «Сүнән кітаптарында риуаят етілгеніндей, Алла Тағала пайғамбарлардың денесін жердің жеуіне (шірітуіне) харам етті. Ал шейіттерге келсек, жерленгені көп уақыт өтсе де, денесі өзгермегені жайлы деректер бар. Сондықтан, жатқан жерінде қайта тірілу күніне дейін аман сау болуы ықтимал. Сондай-ақ, ұзақ уақыттан кейін шіруі де мүмкін. Алла жақсырақ біледі. Шейіттік кемел болған сайын оның денесі де ұзақ сақталады[4]», - деген. Елімізде де Мәшһүр Жүсіп сынды дін ғұламаларының денесі қаз қалпында тұрғанын көргендердің әңгімесі де соның бір айғағы іспетті.

Дайындаған: nurgasyr.kz

 


[1]Әбу Дауд

[2]Шарх Муслим

[3]Бұхари

[4]Шарх Тахауи