Жүрек – теңіз, тіл – оның жағалауы 296

Жүрек – теңіз, тіл – оның жағалауы

28 қазан 2020 237 Оқу 1 минут

Өмірі табиғат аясында өткен бәдәуидің ғажайып бір дұғасы бар. Дала данышпаны: «Уа, Раббым! Ризығым аз болса, көбейте гөр, алыс болса, жақындата түс, жақын болса, жемісті ет, ал жемісті болса, мені Саған шүкір етуші пенделеріңнен ете гөр!», - деп дұға жасаған екен. Міне, сөз қадірін түсінгенге бұл мінәжатта терең мағына жатыр.

Тілектің тылсым сырын түсінбейінше, сұраған дұға жауапсыз қала бермек. Орындалу уақытын білу де мүмкін емес. Десе де, мінәжат етіп, арнайы дұға жасайтын пенденің қолы құр бос қайтпайтыны да шындық. Бір қызығы, дұға жасауға дәрменсіз адамдар баршылық. Әдейі уақыт бөліп, құбылаға қарап отырып, «уа, Жаратқан!» деп дұға жасамайтын қаншама жандар бар. Бұлар Құдайдан сұрау деңгейіне жете алмай жатқан адамдар. Қол жайып сұрауға талпынбаған адам Құдайдан қалайша үміттенеді? Сұрай білмегенге тілегі берілмейді.

Сахабалар қалай дұға жасайтын? Олар пайғамбарға (с.ғ.с.) барып дұға жасауды үйретуін өтінетін. Мәселен, Әбу Бәкір Сыддық (р.а.): «Маған айтып жүретін дұға үйретіңізші», - деп пайғамбардан сұрайды. Сонда «Робби, инни золәмту нафси зұлмән кәсиран, фағфирли фәиннәһу лә яғфируз-зунубә иллә Әнтә» деп келетін дұғаны үйреткен. (Оқылуы: اللَّهُمَّ إِنِّي ظَلَمْتُ نَفْسِي ظُلْمًا كَثِيرًا، فَاغْفِرْلِي  فَإِنَّهُ لَا يَغْفِرُ الذُّنُوبَ إِلَّا أَنْتَ. Мағынасы: Уа, Раббым! Мен өзіме көп зұлымдық жасадым. Менің күнәмді кеш. Өйткені, күнәларды тек Сен ғана мағфирет етесің).

Дұға-тілек қабыл болатын әрі ең жиі қайталанатын сәт бес мезгіл намаздан кейінгі уақыт, азан мен қамат арасы, сәресі уақытын және ауызашар кезі екені мәлім. Бірақ, дәл осы уақыттарда адам ерекше асығыс және сабырсыз боп жатады. Олай болса, бес уақыт намаздан кейін тәсбих тартып, жамағат боп дұға жасаудың маңызы зор. Осы кезде мешіт есігіне қарай асығыс адымдап бара жатқан адам құлшылығының жемісін алмай шығып кетуі ықтималы жоғары. Ал, сәресі адамның ойы мен жүрегі таза мезгіл. Ұйқыны қиып, екі ракағат тахажуд намазын оқып, жүректен тілек ету қажет. ХІІІ ғасырдың рухани ұстаздарының бірі Ибн Атоулла Сакандаридің (1260-1309 жж.) «Даналық» кітабында: «Тілің тілек айтуға төселген шақта, Алла саған беруді қалаған уақыт келіп жеткенін біл», - деген сөзі бар. Демек, жүректегі ой тілге жеткен кезде дұғалар орындала бастайды. Себебі, жүрек – теңіз, ал тіл – теңіздің жағалауы. Ал, теңіздегі кеме уақыты келгенде жағаға тұрақтайтыны мәлім.

Ибраһим Мұстафа,

арнайы nurgasyr.kz үшін