ҚИЫН СҮННЕТ 294

ҚИЫН СҮННЕТ

28 қазан 2020 255 Оқу 1 минут

Айша (р.а.) анамыз айтады: «...Алла елшісі (Алланың оған салауаты мен сәлемі болсын) қара басы үшін ешкімнен кек алмайтын еді...» (Мұттафақұн алейһи). Бұл – өте қиын сүннет.

Біреудің ауыр сөзіне үнсіз қалу қиынның қиыны. Ешбір себепсіз жасалған арамдық әрекетке сабырлық таныту одан ауыр. Ал, енді мұндайды күлімсіреген күйі қабылдап, жұмсақтықпен мәміле жасау тіптен мүмкін емес. Бірақ, бұл қасиет бойына дарыған кісі екі дүниеде де мұрат-мақсатына жетеді. Ескере кететін жайт, хадисте дөрекілікке дәл солай жауап беруге күші де мүмкіндігі де жететін адам бола тұра жұмсақтық таныту меңзелуде. Өйткені, дәрменсіздік себепті немесе шамасы келмегендіктен, лажысыз үнсіз қалу деген де бар.

Бірде Пайғамбарымызға (с.ғ.с.) бір кісі келіп: «Ей, Мұхаммед! Әділ бол!», - деп дүрсе қояды. Сонда әз-пайғамбар (с.ғ.с.): «Мен әділ болмасам, кім әділ болмақ? Мен әділдік етпесем, сен құрдымға кетіп, бақытсыз боласың», - дейді. Әрине, жұрт ілескен адам әділетсіз болса, оның зұлымдығы тек өзіне емес, соңынан ерген елді де жамандыққа жетелейтіндігін айтады. Әлгі адамның пайғамбарға айтқан мұнда ауыр сөздері үшін сахабаның бірі: «Уа, Алла елшісі! Рұқсат беріңіз, сазайын тарттырайын», - дегенде де, пайғамбар (с.ғ.с.) тыйып тастаған екен.

Жұртқа қайырымдылық жасап, керек-жарағын үлестіріп жатқан пайғамбардың (с.ғ.с.) жанына бір бәдәуи келіп: «Ей, Мұхаммед! Құдайдың қаражатынан маған да бер, бұл әкеңнен қалған мал емес», - дейді. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) болса жай ғана жымия күлімсіреп, жанындағыларға: «Кәне, беріңдер, - деп жұмсақтықпен жауап қайырады.

Осындай оқиғалардың бірі ашғари руымен болған еді. Алла елшісі (с.ғ.с.) ашғари руын ерекше жақсы көретін. Тіпті: «Олар – менен, мен – олардан боламын», - деп ерекше ықыласын білдіретін. Күндердің күні Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) шаруасы көп болып тұрған кезде ашғари руының адамдары: «Уа, Алланың Елшісі! Бізге бір көлік тауып беріңізші», - деп өтініш жасайды.

Алайда, сол кезде ешбір түйе де, басқа да көлік болмай: «Сендерді мінгізіп жіберетін ешбір нәрсе жоқ», - дейді пайғамбар (с.ғ.с.). Ашғарилықтар жол үстінде кетіп бара жатып: «Біз Алла елшісін ашуландырып алдық, не істейміз?», - деп көп күттірмей кері Мадинаға қайтады. Осы уақытта пайғамбарымызға садақа етіп түйелер келіп жатты. Пайғамбар (с.ғ.с.) ашғари бауырларының артынан лезде түйе жөнелтті. Қалаға кіреберісте түйені алып ашғарилер Алла елшісінен кешірім сұрау үшін келіп: «Уа, Алла елшісі! Сіз көлік бермеймін», - деп, серт еткен едіңіз, - дейді. Ашғари руының көрегендігі мен әдебіне дән риза болған пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Иман – йемендік, даналық та – йемендік», - деп ашғарилардың туған елі мен ол өлкені мекендеген ашғарилықтардың жүрегі ерекше жұмсақ және нәзік екенін айтқан екен.

 

Мұса ЕРБАТЫР,

арнайы nurgasyr.kz үшін