ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ҮМІТ ЕТУ 2298

ЖАҚСЫЛЫҚТЫ ҮМІТ ЕТУ

02 желтоқсан 2022 93 Оқу 1 минут

الحمد لله رب العالمين والصلاة والسلام على سيدنا محمد وعلى آله وصحبه أجمعين، أما بعد

Алла Тағалаға сансыз мадақ, ардақты Пайғамбарымыз Мұхаммед Мұстафаға, оның отбасы мен барлық сахабаларына салауаттар мен сәлемдер болсын! 

Алла Тағалаға иман еткен келтірген пенде әрқашан келешекке үмітпен қарайды. Жеке адам да, қоғам да үміттің арқасында алға басып, дамиды. Пенде өзінің үміті арқылы түрлі белестерден қиналмай өтіп, биік шыңдарға шығып, көптеген жетістіктерге қол жеткізеді. Осыны ескерген халқымыз мақал-мәтелдерінде: «Үмітсіз жаннан без, қайырсыз малдан без», «Шықпаған жанда үміт бар», «Үмітсіз шайтан», – деген түрлі насихаттар қалдырған. 

Алла Тағала қасиетті Құранның «Хижр» сүресі, 56-аятында біздерді ешуақыт үміт үзбеуге шақырып:

وَمَن يَقْنَطُ مِن رَّحْمَةِ رَبِّهِ إِلاَّ الضَّالُّونَ

«Раббыңның рақымдылығынан адасушылардан басқа кім үміт үзеді?» – деп айтқан.

Үмітсіздік – үнсіз жұтатын ұйық іспетті. Адам қанша қарманбақ болса да, еш нәрсеге қол іліктіре алмай, батқан сайын бата түседі. Үмітсіздік қылу адамды күйзеліске ұрындырып, келешегін тұмшалайды. Бұл дүниеде өмір сүруге деген ынта-ыждаһатын, ерік-жігерін, құлшынысын құрықтап тастайды. Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы: «Үміт өрге тартады, үмітсіздік көрге тартады», – деуі осыдан.

Бұқар жырау бабамыз да:

Жақындап ажал тұрса да,

Жанына қылыш ұрса да,

Қалжырап, көңіл қарайып,

Қарауытып көзі тұрса да –

Үмітін жоймас адамзат! – деп, ешуақыт жақсылықтан үмітті үзбеу керектігін айтқан.

Мұсылман кісі дүние де, ақыретте де әркез жақсылықты үміт етуі қажет. Ол үшін дінімізде үміт етудің мынадай үш түрін білуіміз аса маңызды:

 

Бірінші: Алла Тағаланың мейіріміне үміт арту

Әлемдерді Жаратқан Алланың пендесіне әрдайым рақымы мол. Адам баласы қандай күнәға жолықса да Алла Тағала кешірімінің ерекше мол екендігін білдірген. Пенде оған сену керек. Қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 56-шы аятында:

وَادْعُوهُ خَوْفًا وَطَمَعًا إِنَّ رَحْمَةَ اللَّهِ قَرِيبٌ مِنَ الْمُحْسِنِينَ

«... үрей мен үміт арасында Аллаға жалбарыныңдар! Шын мәнінде, Алланың рақымы жақсыларға жақын» делінген.

Үмітпен құлшылық жасау қорқынышпен амал жасағаннан әлдеқайда абзал. Өйткені, үміт адам бойына сүйіспеншілік әкеледі. Мысалы, біреуден қорқып жасаған қызмет пен жақсы көріп жасаған қызметтің арасында үлкен айырмашылық бар. Сол секілді Алла Тағалаға иман келтірудің ең абзалы – Оған сүйіспеншілікпен мойынсұну.

Міне, сондықтан адам баласы қаншалықты қате жасаса да ешқашан Алладан үмітін үзбеу керек. Қасиетті Құранда «Зүмар» сүресі, 53-аятында:

قُلْ يَا عِبَادِيَ الَّذِينَ أَسْرَفُوا عَلَى أَنْفُسِهِمْ لا تَقْنَطُوا مِنْ رَحْمَةِ اللَّهِ إِنَّ اللَّهَ يَغْفِرُ الذُّنُوبَ جَمِيعًا إِنَّهُ هُوَ الْغَفُورُ الرَّحِيمُ

«Уа, шектен тыс күнә жасап, өздеріне зиян келтірген құлдарым! Алланың рақымынан үміттеріңді үзбеңдер. Алла күнәлардың барлығын кешіреді. Өйткені, Ол күмәнсіз жарылқаушы және өте мейірімді», – деп баяндаған.

Шынында да, өмірде орны толмас қателікке бой алдырып, өкініштен өзегі өртенген жандарға осы бір аят үлкен үміт сыйлап, бақытқа жетуіне себеп болды. Тіпті, өзін күнәхар, кісәпір санап, иманға жақындай алмай жүрген пенделерге исламды қабылдатты. Айталық, Пайғамбарымыздың ең жақын сахабасы, «Алланың арыстаны» атанған хазірет Хамзаны шейіт қылған Уахшидің өзін, Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) бірнеше рет Құраннан аяттар жолдап, Исламды қабылдауға шақырды. Алайда, Уахшиға жан сарайын кернеген үмітсіздік пен күдіктен арыла қою қиынға соқты. Ол пайғамбардың жақынын өз қолымен өлтіргені үшін бұдан былайғы уақытта өзін «кешірімге лайық емеспін» дегенге сендірген еді. Сол үшін де мұсылманшылықты қабылдауға тәуекел ете алмады. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) үшінші рет осы аятты жазып жібергенде ғана Уахшидің бойындағы кешірімге деген күдік-күмән сейіліп, көкірегіндегі үміт оты қайта маздап, мұсылмандықты қабылдады. Мәңгілік үкімі өзгермейтін Құрандағы бұл аят бүгінгі адамдарға да үміт сыйлаумен қатар, келер ұрпаққа да үміт қайнары болмақ.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) хадисінде: 

لَيَغْفِرَنَّ اللَّهُ يَوْمَ الْقِيَامَةِ مَغْفِرَةً مَا خَطَرَتْ عَلَى قَلْبِ أَحَدٍ حَتَّى إِنَّ إِبْلِيسَ لَيَتَطَاوَلُ لَهَا رَجَاءَ أَنْ تُصِيبَهُ

«Қиямет күні Алла Тағала ешкімнің ойына келмеген жалпыға тән кешірімін жариялайды, тіпті, Ібілістің өзі осы кешірімнен маған да үлес тиер ме екен деп үміттенеді», – деген (Ибн Әбу әд-Дуния).

Ғалым ибн әл-Уазир: «Алланың мейірімділігін тілеу пенде үшін үміт есігін ашады. Оған тағаттана құлшылық етуге күш береді. Нәпіл амалдарды орындауға белсенділік беріп, ізгі амалдар жасауда жарысуға жігерлендіреді» деген. 

Хазіреті Омар (Алла оған разы болсын) Алла Тағаланың құлдарына деген мейірімділігіне қатысты мынадай оқиғаны жеткізген:

«Бір күні Алла елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) алдына бір топ тұтқын әкелінді. Олардың ішінде әлде бір әйел, ары да, бері де жүгіріп, көп тұтқынның ішінен бір сәбиді тауып алып, құшақтап бауырына басып, оны емізуге кірісті. Мұны көрген Алла елшісі (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Қалай ойлайсыңдар, мына әйел бауыр еті баласын отқа тастауға қауқара жете ме?» деп сұрады. Біз: «Алланың атымен ант етеміз, олай тастамайды», – дедік. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Шынында, Алла Тағаланың құлдарына деген мейірімі мына әйелдің баласына деген мейірімінен әлдеқайда артық», – деп айтты» (имам Бұхари, Мүслим).

Алайда, мұсылманның үміті қорқынышымен қатар жүреді. Үміт ету деген – Алла Тағала күнәмді кешіреді дегенді сылтау етіп, күнәға салыну емес екендігін де ұмытпау қажет. Әбу Ғусман әл-Хири: «Бақыттың белгісі – Алланың бұйрығын орындағаннан кейін: «Алла қабыл ете ме, жоқ па?» – деп қорқуың. Ал бақытсыздықтың белгісі – күнәлі іс жасай тұра, мені Алла кешіреді деген сенімде болуың», – деген.

Құстың қос қанаты болғанда ғана самғап ұшатындығы тәрізді, мұсылманның үміті мен үрейі қатар жүргенде ғана ұстанымы дұрыс болмақ. Шәкәрім Құдайбердіұлы «Мұсылмандық шарты» атты еңбегінде: «Ей, достар! Осы иманды әрқашан айтып салақ болмай жүру керек. Құранда неше жерде бейіш – тақуалар үшін деген. Тақуа деп сақтанғандарды айтады. Адам һәм уақыт Алла Тағаланың ғазабынан қорқынышта, рахматынан үмітті болып, қауіп пенен үміттің арасында болу керек». Аятта: «Тілек дұға қылыңыздар, қауіп пенен үміттің арасында болып», – деген», – деп жазған.

 

Екінші: Пенде күнәсының кешірілетіндігіне үміт ету

Жаңылмайтын жақ, сүрінбейтін тұяқ жоқ. Пенденің бойында қате-кемшілік, күнәға бой алдыру орын алып тұрады. Пенде өмірде аяғы шалынып жатса да бойын тіктеп, тіршілігін жалғастыруға бекем болу керек.

Ислам адамдарға үміт сыйлайтын дін. Дініміз қателескен пендеге тәубе есігін ашып қойған. Сондықтан өмірге түңілмей, өткеннен сабақ алып, тәубе жасап, кешірім сұраудың жолына кірісу керек. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) өзінің хадисінде: «Пенде бір күнә істеп артынан тәубе еткен кезде Алла Тағала періштелеріне «Құлыма қараңдар! Күнә жасады, күнәсының жазасын беруші және кешіруші Раббысының бар екенін біліп, тәубеге келді. Куә болыңдар, Мен оны кештім» дейтінін» баяндаған.

Имам Шафиғи үміт жайында: «Жүрегім қатайып, жолдарымның астаң-кестеңі шыққан кезде үмітімді Сенің кешіріміңе баспалдақ етіп төседім. Күнәларым көз алдымда қанша ұлғайғанмен, Сенің кешіріміңнің қасында түкке тұрмайтынын білдім, Сенің кешіріміңнің көз жетпес кең екенін көрдім», – деп, Алла Тағаланың кешіріміне үміт артқанын айтқан.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) ақтық демі таусылар сәтінде төсек тартып жатқан кісінің қасына барып: «Өзіңді қалай сезініп жатырсың?» – деп сұрайды. Әлгі кісі: «Уа, Алланың Елшісі! Алла Тағаланың мейірімінен үмітім бар, алайда күнәларымнан қорқамын», – деп жауап береді. Сонда ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Осындай халде пенденің жүрегінде үрей мен үміт бар болса, Алла Тағала үміт еткен нәрсесін міндетті түрде беріп, қорыққанынан сақтайды», – деген (имам Тирмизи). 

Адамдардың ең қайырлысы қателіктеріне тәубе еткендері. Пенде Алла Тағаланың рақымынан күдер үзбей, күнә-қателіктеріне өкініп, Жаратушыдан кешірім сұрау қажет. Алла Тағала қасиетті Құранның «Ағраф» сүресі, 156-аятында:

وَرَحْمَتِي وَسِعَتْ كُلَّ شَيْءٍ

«Менің рақымым – барлығын қамтитын өте кең», – дейді.

Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) Алла Тағала Құдси хадисте былай дегенін айтқан:

يَا ابْنَ آَدَمَ إِنَّكَ مَا دَعَوْتَنِيْ وَرَجَوْتَنِيْ غَفَرْتُ لَكَ عَلَى مَا كَانَ فيك وَلا أُبَالِيْ، يَا ابْنَ آَدَمَ لَو بَلَغَتْ ذُنُوْبُكَ عَنَانَ السَّمَاءِ ثُمَّ اسْتَغْفَرْتَنِيْ غَفَرْتُ لَكَ، يَا ابْنَ آَدَمَ إِنَّكَ لَوْ أَتَيْتَنِيْ بِقُرَابِ الأَرْضِ خَطَايَا ثُمَّ لقِيْتَنِيْ لاَتُشْرِكُ بِيْ شَيْئَاً لأَتَيْتُكَ بِقُرَابِهَا مَغفِرَةً

«Әй, адам баласы, расында, сен Маған жалбарынуың мен үміт артуыңды тоқтатқаныңа дейін, қандай (күнәлар жасаған болсаң да) оған назар аудармай сені кешіремін! Әй, адам баласы, егер сен көктегі бұлттарға жетерлік күнәлар жасасаң да, сонан соң Менен кешірім сұрасаң, Мен сені кешіремін! Әй, адам баласы, егер Менен басқа ешкімге құлшылық қылмаған күйде, Маған жер бетін түгел толтыратын күнәлармен келіп жолықсаң, міндетті түрде саған дәл сондай кешірім жасаймын», – дейді (имам Тирмизи).

Күнә жасау – о бастан адам табиғатына тән құбылыс. Адам баласы «күнә жасап қойдым, енді мен адамдықтан сол күйі кеттім» деуі – Алла Тағаланың Рахман, Рахим, Ғафур (өте кешірімді) сияқты сипаттарын жоққа шығару деген сөз. Әлемге рақымдылық әкелген адамзаттың мақтанышы ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) көптеген хадистерінде Алланың аса мейірімді, өте жарылқаушы екенін үмбетіне үйретуден жалықпаған. Ғаламға рақымдылық әкелген соңғы Елші (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) айналасындағыларға үнемі үміт отын жағып, адамдардың өмірге деген құлшыныстарын арттырып отырды. Сол арқылы адамдардың көкірегінде тумысынан бар адамгершілік сезімдері қайта оянып, Исламның мейірім толы құшағын паналады.

 

Қисса

Отқа табынушы бір кісі Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын) қонақ болуды қалайды. Ибраһим пайғамбар оған, егер де исламды қабылдайтын болса, қонақ ететінін айтады. Отқа табынушы бұл шартқа келіспей, ренжіп кетіп қалады. Алла Тағала Ибраһим пайғамбарға (оған Алланың сәлемі болсын): «Уа, Ибраһим! Бір құлым дінін өзгертпейді екен деп неге оны қонақ етпедің? Алайда, жетпіс жыл бойы ол мені танымаса да оған ризығын үзбей беріп келемін. Бір түн оны қонақ етсең, өзің үшін қайырлы болар еді», – деп уахи етті. Мұны естіген Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) отқа табынушыны іздестіріп тауып, қонақ етеді. Әлгі отқа табынушы одан: «Көзқарасыңды өзгертуге не себеп болды?» – деп сұрағанда, Ибраһим (оған Алланың сәлемі болсын) мән-жайды баяндайды. Бұған таңғалған отқа табынушы: «Шынында, Алла Тағала маған осылай қарай ма? Қандай мейірімді Жаратушы. Оған серік қосып, құлшылық жасамасам да өзіңдей досы болған Пайғамбарына мен үшін ескерту жасайды?! Олай болса, маған иманды үйрет», – деп иманға келген екен.

 

Үшінші: Жақсылықты үміт ету

Мұсылман адам күнделікті тіршілігінде де, құлшылығында да, тіпті өмір сүріп отырған ортасында, отбасы, бала-шаға алдында жақсылықтың жаршысы бола білуі тиіс. Атқарып жатқан ісінен жақсылықты үміт етуі керек. Егер адам баласы күнделікті ісінен «түк шықпайды, жалықтым» деп болымсыз пиғылда болса, өмірден де жалығып кетеді. Ал келешегінен жақсылық күтсе, шынында да жақсылыққа қол жеткізеді.

Бірде Алла Тағала Дәуіт пайғамбарға: «Уа, Дәуіт! Мені сүй. Мені жақсы көргендерді сүй және құлдарыма мені сүйдір, құлдарым Мені жақсы көрсін», – деп бұйрық беріпті. Сонда Дәуіт пайғамбар: «Мұны қалай жүзеге асырамын?» – деп сұрайды. Алла Тағала: «Сен Мені есіңе ал. Менің нығметтерім мен жақсылықтарымды олардың есіне сал. Олар менен тек жақсылық күтсін», – деген екен.

Хакім Абай қара сөзінде: «Үмітін үзбек – қайратсыздық. Дүниеде ешнәрседе баян жоқ екені рас, жамандық та қайдан баяндап қалады дейсің? Қары қалың, қатты қыстың артынан көгі мол жақсы жаз келмеуші ме еді?» – деп, үмітсіздікке салыну қайратсыз адамға тән сипат екендігін айтқан. Сол үшін де мұсылман адам болашққа қатысты Алла Тағаладан әркез жақсылық үміт етуі тиіс. Ардақты Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құдси хадисте Алла Тағала: «Құлым мен жайлы қалай ойласа, Мен оған солай қараймын», – дегенін айтқан (имам Ахмад).

Адамдар түстерінде тақуалығымен аты шыққан ғалым Әбу Сәһілді ерекше нығметке бөленгенін көріп, мұның мәнісін сұрағанда: «Раббым жайлы жақсы пікірде болғанның жемісі», – деген екен.

Демек, үміт − Алланың рақымдылығын төгу үшін бір себеп болса, пенде жақсы-жаман қандай жағдайда болмасын бұл себептен қол үзбеу керек.

Хазірет Бара: «Алла  елшісінің (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) мынадай өсиетін жеткізеді: «Жатар кезде мына дұғаны оқы: «Уа, Аллам! Нәпсімді Өзіңе тапсырдым, жүзімді Саған бұрдым, істерімді Саған аманат еттім, Сені сүйеніш еттім. Сенің рақымыңнан үміт етемін, азабыңнан қорқамын. Сенің берер жазаңа қарсы тұрар Өзіңнен басқа қорған болушы әрі құтқарушы ешкім жоқ. Түсірген Кітабыңа, жіберген пайғамбарыңа иман келтірдімЕгер осы дұғаны оқып жатқан күні өлер болсаң, онда мұсылман болып өлесің, егер келесі таңға аман-есен жетсең, жақсылық табасың» (имам Бұхари).

 

Қадірменді жамағат!

Үміт – берекенің, тыныштықтың кілті. Алла Тағала адам баласына өмірден күдер үзбей ғұмыр кешуі үшін көптеген нығметтер берген. Пенде өмірден түңіліп, «Менен түк шықпайды. Қазірге дейін ешбір іліп-алар жақсылығым жоқ» деп үмітсіздікке салынуы үлкен қателік.

Алла Тағала қасиетті Құранның «Жүсіп» сүресі, 87-аятында:

وَلاَ تَيْأَسُوا مِن رَّوْحِ اللهِ إِنَّهُ لاَ يَيْأَسُ مِن رَّوْحِ اللهِ إِلاَّ الْقَوْمُ الْكَافِرُونَ

«Алланың мейірімінен үміт үзбеңдер. Анығында, Алланың мейірімінен, қарсы болған қауым ғана үмітін үзеді», – деп айтқан .

Сол үшін де келешекке үмітсіздік танытып, күмәнмен қараған адам жақсылыққа жете алмайды. Жүсіпек Аймауытов: «Адамда аз да болса бір үміт, бір таяныш болу керек. Ондай таяныш болмаса тіршілік етіп не керек», – дейді.

Алла Тағала халқымызға амандық, жұртымызға тыныштық беріп, қасиетті жұма күнгі дұға-тілектерімізді қабыл еткей!