Дүниеқұмарлық – жүрек дерті 3987

Дүниеқұмарлық – жүрек дерті

02 желтоқсан 2024 29 Оқу 1 минут

Жаратушы Алла тағала адамзатты жаратқан сәтте оны тәрбиелеу мақсатында белгілі бір амалдарды міндеттеп және кейбір істерден бойын аулақ ұстауды бұйырды. Аталған ұнамсыз қасиеттердің ішінде Жаратушы Иеміз жақсы көрмейтін істердің бірі- дүниеқұмарлық. Ол туралы қасиетті «Хадид» сүресі, 20-аятында: «Біліп қойыңдар! Шын мәнінде, дүние тіршілігі бір ойын, ермек, сән ғана. Өзара мақтанысу, сондай-ақ мал-дүние мен балаларды көбейтудің жарысы. Бейне бір өсірген өсімдігі мен егіншілерді таң қалдыратын жаңбыр сияқты. Сосын қурап, сап-сары болғанын көресің. Содан кейін үгінді болады. Дүние тіршілігі де сол сияқты. Ал ақыретте (кәпірлер үшін) қатты азап, (мүминдар үшін) Алладан жарылқау, ризалық бар. Негізінде, дүние тіршілігі алданыштан басқа ештеңе де емес», - деп дүние тірлігінің нағыз алдамшы нәрсе екендігін түсіндіреді. Ал, ардақты Пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Меншіктей беруге көп салынбаңдар, олай істесеңдер осы дүниені қалап (жақсы көріп) кетесіңдер» - деп дүниені иемденуге құмар болудың қаншалықты зиян екендігін көрсетеді. Дегенмен, дініміз адал жолмен байлық табудан ешқашан тыймайды. Керісінше мал-мүлкіңмен отбасыңды ешкімге мұқтаж етпей, қоғамға, жетім жесірлерге зекет беріп, дінге пайдалы болған мұсылман болуға үндейді. Яғни, ала жіптен аттамай, тапқан мал дүниеңді таза жолға жұмсау қажеттігін насихаттап, жүрекке кіргізбеу керектігін басты назарға алады. Қолыңдағы жиғанына сараңдық қылып, қара басынан өзге ешкімді ойламай, өзім ғана «ішсем, жесем» деген ниет болса, бұл ниеттің құрдымға кетіретіндігі туралы қасиетті Құранда: «Әй, адам баласы! Шын мәнінде, Алланың уәдесі хақ. Дүние күйбеңі сендерді алдап қоймасын. Сондай-ақ азғырушы (шайтан) да сендерді Алла жөнінде алдап жүрмесін»- деп дүниеқоңыздыққа салыну адамзаттың қас дұшпаны шайтанның алдамшы істерінен екендігін ескертеді. Бұл туралы Дулат Бабатайұлы бабамыз:

«Қайырсыз байдан пайда жоқ.

Нашарға жәрдем бермесе.

Кем - кетікті көрмесе,

Көн болып қатса сіреуі,

Екіге сатса біреуі,

Несиенің өсімі,

Мөлшерлі жоқ кесімі,

Үзбей құйса, толмаса» -деген жырларымен насихат қылған.

Асылында, ашкөздік рухани азықтан алыс, көкірек көзі байлаулы, надан пенденің ісі екендігін халқымыз екі ауыз сөзбен «Абзал арын ойлайды,
Надан дүниеге тоймайды» деп түйіндеген. Қазіргі қоғамда дінді ұстанған кісілердің «Жұмысым көбейіп кетті, намаздарымды дұрыс оқи алмай жүрмін. Дүние, дүние деп жүріп Құдайымызды ұмытып қалатын түріміз бар. Бұған не істей аламыз?» деп ағынан жарыла уайымға салынып жатқанын көп естиміз. Осыған орай ертеде бір ғалымнан: «Алланы жақсы көру жүрекке қалай орнайды?», - деп сұрағанда, «Жүректен дүниеқұмарлық кетсе, Алланы жақсы көру сезімі өзінен-өзі оянады», - деп жауап берген екен. Демек, адам баласы жүрек тыныштығына қол жеткізіп, өмірі мен құлшылығын реттілікте болғанын қаласа ең әуелі Жаратушының бұйрықтарын орындап, шеттен тыс дүниеге деген махабаттан аулақ болуы қажет.

«Бұл дүние мен мәңгілік дүниенің айырмашылығын білу үшін, араларыңнан біреуің саусағын теңізге салсын да, одан не ілгеніне қарасын»

Бейнелеп айтқанда, мына жалған мен мәңгілік мекеннің арасы теңіз бен көзге ілінбес тамшыдай деген сөз. Бұл біздің шектеулі ақылымызға лайықтап берілген мысал. Ал ақиқатында бұл екі өмірдің айырмашылығын ақылмен өлшеп, қиялмен таразылай алмасымыз даусыз. Сондықтан да қызыл түлкі секілді бір көрініп, жоқ болатын болмашы қызықтарға алданбау - мұсылман жұртының бір міндеті. Алла тағаланың жақсы көретін құлдары да әр нәрсеге құмар жеңілтек емес, салмақты мінезге ие болса керек.

Өткен уақыттарда бір жомарт адамның жүзім, құрма және тағы басқа да жемістер егетін бақшалары болыпты. Ол кісі өнім жинайтын кезінде кедей-кепшіктерге, жанашыры жоқтарға, шамасы жоқ әлсіздерге зекет беру үшін, өнімнің басым бөлігін арнайы бөліп алып, таратып шығатын. Қартайып бойынан қуаты кетіп, дүниеден өткенде, балалары дүниеге салынып:
– Жанұямызда аз адам емеспіз. Асып бара жатқан дүниеміз де жоқ. Бұдан былай кедейлерге ештеңе бермейміз. Олар келмей тұрып, өнімімізді жинап алайық!-деп өзара келіседі.
Алла Тағала олардың жаман ниеттеріне қарай бақшаларының астаң-кестеңін шығарып, жермен-жексен етеді. Орасан жерді алып жатқан бақша адам танымастай халге келеді. Мұны көрген сараң жігіттер не болғанын білмей абыржып:
– Біз осы жолымыздан адасып қалдық-ау шамасы? - дегеннен басқа ештеңе айталмай қалды.
Олар әкелерінің жомарттық танытып, мұқтаждардың көңілін аулап, кедейлердің қайырлы дұғасын алуы бақшасының өнімін одан сайын берекелендіретінінен мақрұм еді. Ол жердегі барша кедейлер мен жоқ-жітіктер бақшадан өз нәсіптерін алып жүретін-ді. Бірақ балалары әкелерінің таратқан зекеті орасан зор болып көрініп, оны бергілері келмейтін. Олар Алланың бақша мен егіндікке берген берекетінің қайдан келетінінен мақрұм болатын. Өйткені ғапылдық пен дүниеге салынуы олардың жүректерін қарайтып көрсоқырлыққа итермеледі. Сондықтан да Алла Тағала Құран Кәрімде былай деген: «Біз олардың кейбіреуіне сынау үшін берген дүние тіршілігінің ғана сәні түріндегі нәрселерге көзіңді сүзбе. Раббыңның несібесі хайырлы әрі тұрақты» («Таһа» сүресі, 131-аят).

Алла тағала баршамызды дүниесімен үмметке хайырлы болған пенделерден етсін!


Ақтөбе қалалық орталық 

мешітінің Бас имамы Нұрлыбек Шакизадаұлы